«Шырқа, даусым!» дәстүрлі әншілер байқауының жүлдесі алматылық Уатхан Шаттыққа бұйырды

147

Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен Баласағұн атындағы орталық концерт залында Кенен Әзірбаевтың шығармаларына арналған оныншы республикалық «Шырқа, даусым!» атты дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Мәдени іс-шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында және жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Екі жылда бір рет өтетін дәстүрлі әншілер мерекесіне биыл еліміздің әр қиырынан отызға жуық үміткер қатысып, ұлттық өнерімізді насихаттауға атсалысты. Олардың өнерін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Саят Медеуов, дәстүрлі әнші Бейбіт Мұсаев бағалады.

«Келдім міне сексенге,

Тай үйретем тепсеңге.

Екі Кенен тумайды,

Алатауға ексең де», – деп жырлап кеткен Кенен Әзірбаевтың «Тік шырқау», «Шырқа, даусым!», «Көкшолақ» секілді көптеген ғажап әндерін шарықтата шырқаған қатысушылардың ешқайсысы да осал емес. Бәрі де ұлттық өнердің көшін өрге сүйреп жүрген жастар. Биыл бұл ән байқауына қатысушылардың орташа жасы 23-ті құрағаны қуантты. Демек, дәстүрлі ән өнеріне аңсары ауған жастар жеткілікті деген сөз.

Айтып-айтпай не керек, күн ұзаққа созылған ән байқауының қорытындысында қатысушылардың барлығы дерлік жүлделі орындардан көрінді. Жүлдеге ілінбегендері Алғыс хаттар алды.

Ән додасының қорытын-дысында сөз алған қазылар алқасының төрағасы,  Алтынбек Қоразбаев іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын тілге тиек етіп, қиын-қыстау кезеңде дәстүрлі ән өнерін дәріптеуге ден қойған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғысын жеткізді.

«Биыл бұл дәстүрлі ән байқауы оныншы рет өткізілсе, мен үшінші мәрте төраға ретінде қатысып отырмын. Байқауға жастардың көп қатысқаны көңілге медеу болды. Бұл дегеніміз, Кенен мұрасы мәңгі өлмейтіндігінің дәлелі. Әншілер конкурсын ашық әрі әділ бағаладық. Осы орайда мен Кенекеңнің ұрпақтары Төрткен әпкеміз бен ұлы Бақытжанға шексіз ризашылығымды жеткіземін. Олар Кенен Әзірбаев шығармаларының шын жанашыры, насихатшысы», – деді Алтынбек Қоразбаев ойын түйіндеп.

Бұдан соң марапаттау рәсімі басталды. Алдымен бірқатар қатысушылар Алғыс хаттарға ие болды. Кейіннен біраз үміткерлер дипломант атанып, «Көрермен көзайымы», «Күміс көмей», «Жас Үміт», «Жас дарын», «Көне Тараз» секілді аталымдармен, сондай-ақ облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының арнайы жүлдесін алды. Кенен Әзірбаев атындағы арнайы жүлдені Кенекеңнің ұрпағы Бақытжан Кененұлы байзақтық Бекарыс Көштаевқа тапсырып, ноутбук сыйлады.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, байқау қорытындысында үздік шыққандардың да марапатталатын сәті келіп жетті. Оныншы байқауда үшінші орын талдықорғандық Нұрдана Сәлімхан мен түркістандық Елбол Қуанбекке бұйырса, екінші орынды Алматы облысының үміті Жігер Омархан мен балқаштық Нұрболат Ұзақбай иеленді. Шу ауданынан қатысқан жерлесіміз Ербосын Қасымбек жүлделі бірінші орынға лайық деп танылды.

Іс-шара соңында облыс әкімінің арнайы жүлдесі мен бас жүлде табысталды. Аталмыш жүлделерді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тапсырды. Байқау қорытындысында облыс басшысының арнайы жүлдесі шымкенттік Ұлсая Бектасқа бұйырса, ғажап даусымен қазылардың да, көрермендердің де ыстық ықыласына бөленген алматылық Уатхан Шаттық байқау жеңімпазы атанды.

«Құрметті қонақтар, кие дарып құт қонған Әулиеата өңірі ақындар мен батырлардың жері. Біз Кенен өнерін жалғастырушылармыз. Бүгін міне, қазақ барда, домбыра, өнер, жырдың жасай беретінін көріп отырмыз. Байқауда жас таланттардың жарқырап көрінгеніне риза болдым. Сол талантты балаларды дайындап әкелген ұстаздарға алғысым шексіз», – деген облыс әкімі қазылар алқасының мүшелеріне, Кенекеңнің көзі Бақытжан Кененұлына, белгілі себептерге байланысты конкурсқа келе алмаған Төрткен Кененқызына ризашылығын жеткізді. Соңынан Бақытжан Кененұлы өңір басшысы Бердібек Сапарбаевқа Кенен Әзірбаевтың бейнесі бейнеленген кілемшені, шығармалары жазылған СD дискіні және кітаптарын сыйлады.

Дәстүрлі әншілер додасында жүлдеге іліккендердің барлығы да дипломдармен және қомақты қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Иә, жоғары деңгейде өткен ән байқауының жас ұрпаққа берер тәлімі мол болды. Ең бастысы, Кенен мұрасы өлмейтіндігіне тағы бір көз жеткіздік.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.