«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Су үнемдеудің жаңашыл жобасын өзге аймақтарға үлгі ету керек

Су үнемдеудің жаңашыл жобасын өзге аймақтарға үлгі ету керек
ашық дереккөз
Су үнемдеудің жаңашыл жобасын өзге аймақтарға үлгі ету керек
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Шу ауданында болды. Өңір басшысы алдымен «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағына атбасын бұрды. Осында екі жылдан бері жоспарланып, алайда жобалық-сметалық құжаттамасы енді ғана жасалып жатқан «Қант зауытына» қатысты Бердібек Машбекұлы инвесторлардың жұмысын бірден сынға алды. Жалпы «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағында инфрақұрылым мен инвесторлар тарту жұмыстары 2013 жылдан бастап жүргізілуде. Алғашында 16 химиялық зауыт салу жоспарланған арнайы экономикалық аймақта жеті жылдан бері тек бір ғана зауыт іске қосылған. Осыған байланысты өңір басшысы: «Қарап отырсақ, аймақтың алаңында жұмысшылар толып жүр, бірақ жарқыратып көрсететін ештеңе жасалмаған. Көп жерді құм алып жатыр. Бұлай болмайды, қолға алған істі ілкімділікпен жүргізу керек», – деді. Аудан әкімі Нұржан Календеровке жуық арада аталмыш кәсіпорынның жалпы жұмысына қатысты мәлімет беруді тапсырды. Облыс әкімі келесі кезекте «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының Шу қаласы аумағындағы бөлігіне барды. Жалпы ұзындығы 266 шақырымды құрайтын «Меркі-Шу-Бурылбайтал» республикалық маңызы бар автомобиль жолының құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстары келер жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарлануда. «Қазавтожол» ҰК АҚ облыстық филиалының тапсырысы бойынша салынып жатқан жол құрылысын мердігерлер – «АБК автодор НС» ЖШС және «Синьсин құрылыс және дамыту қытай компаниясы» ЖШС жүргізіп жатыр. «Қазавтожол» ҰК АҚ облыстық филиалының директоры Айжан Туғанованың айтуынша, бірінші санаттағы көпір салу жұмысы нақтылы кезеңде 95 пайызға аяқталса, екінші санаттағы көпір салу жұмысы қыркүйек айына дейін аяқталады деп күтілуде. Жалпы мұнда тоғыз көпір салынып жатыр екен. Жол салу жұмыстарына жергілікті елді мекендерден 200 адам қамтылыпты. Осы орайда Бердібек Машбекұлы: «Осындай маусымдық жұмыстарға жергілікті жердің азаматтарын көптеп тартуды одан әрі жалғастыру керек. Жұмыс күші көп болған сайын, еңбек те өнімді болады. Сонымен қатар жолды ертерек пайдалануға беру керек және оның жарықпен қамтылуын да қадағалау қажет», – деп атап өтті. Өңір басшысы Шу қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан биіктігі 4,45 метр, ұзындығы 87,8 метр жерді алып жатқан «ҚазСуШар» РМК-ның «Тасөткел» су бөгетіне де барды. «ҚазСуШар» РМК-ның облыс бойынша филиалы басшысының кеңесшісі А.Омаров мұндағы көпірдің жай-күйімен таныстырды. «Сол жағалау» және «Оң жағалау» магистральды каналдары арқылы суармалы жерлерге су жеткізіп беруге арналған су бөгетінің үстіне салынған көпір бүгінде күрделі жөндеуді қажет етеді. Аталған көпірдің ауданда маңызы өте зор. Осы көпір арқылы Шу қаласы мен Жаңа жол, Бірлікүстем ауылдарының тұрғындары ары-бері қатынайды. Көпірдің мүшкіл күйін көзбен көрген облыс әкімі аудан аумағында зор маңызға ие көпірдің осындай күйде тұрғаны дұрыс еместігін ескертіп, жауапты мамандарға көпірдің мәселесін тез арада қолға алуды тапсырды. Қазіргі таңда Шу ауданында 48 мектепте 21 мыңға жуық оқушы білім алуда. Өткен жылы ауданда 3 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, 2 мектеп қайта салынды. Ауданға жұмыс сапары барысында Бердібек Машбекұлы Бірлікүстем ауылында жаңадан салынған Домалақ-ене атындағы мектептің және күрделі жөндеуден өткен Қонаев ауылындағы Төле би атындағы мектептің жағдайымен танысты. 300 орындық Домалақ-ене атындағы мектепті салуға 704 миллион теңге қаржы жұмсалған. Білім ошағының құрылысы 2019 жылдың қараша айында басталып, 2020 оқу жылының қазан айында пайдалануға беріліпті. Мектепте барлығы 407 бала білім алуда. Ал күрделі жөндеуден өткен Төле би атындағы мектептің жұмысына 472,3 миллион теңге бөлінген. 2020 жылдың мамыр айында құрылысы басталып, сол жылдың желтоқсанында жөндеу жұмысы толықтай аяқталған мектептің сыйымдылығы – 1176 орындық. Қос мектеп те заманауи үлгіде жабдықталған. Балалардың толыққанды білім алуына жан-жақты жағдай жасалған. Өңір басшысы Б.Сапарбаев мектеп табалдырығын биыл ғана аттаған оқушылармен тілдесіп, оқу кабинеттерін аралап көрді. Білім ордаларындағы оқу кабинеттері мен дәліздердің ұлттық нақышта безендірілуіне баса назар аударды. «Жас ұрпақтың толыққанды сапалы тұрғыда білім алуына мектептердің безендірілу бейнесі де оң ықпалын тигізеді.Сондықтан да осы бағыттан таймай, жалпы мектеп қабырғалары мен кабинеттерінің безендірілу ісіне әрдайым баса көңіл бөліп отыру қажет», – деді. Өз кезегінде аудан әкімі Н.Календеров білім ошақтарының қазіргі әдемі бейнесіне мектепті әр жылдары бітірген түлектердің де көптеп үлес қосып жатқандығын атап көрсетті. Өңір басшысы Бірлік ауылындағы «Көкөніс сақтау қоймасының» жұмысымен де танысты. Сыйымдылығы 20 мың тоннаны құрайтын құны 1,2 миллиард теңге тұратын көкөніс сақтау қоймасында бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. 1 гектар аумақты алып жатқан қойма «Матышев» және «Акишин» жеке кәсіпкерліктерінің қаражаты есебінен салынуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан жоспардағы үш блокты қойманың әзірге біреуі ғана дайын екен. Десе де осы жылы толықтай пайдалануға берілмекші. Жеке кәсіпкер Н.Матышев қойманың бірінші блогы жаппай сақтауға арналғанын, ал қалған екі блок жәшікпен сақтауға арналатындығын атап өтті. Бүгінде аудан аумағында иррегациялық-дренаждық жүйелерді заманауи тұрғыда жетілдіру жобасының жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бұл бағыттағы жобалар 2019 жылы қолға алына бастаған болатын. Жобаның мақсаты – «Тасөткел» су қоймасының «Оң жағалау» магистральды каналынан бастау алатын, барлығының суармалы жер көлемі 5863 гектар аумақты құрайтын 12 тармағын, 2 коллекторын қайта қалпына келтіру. Қазіргі таңда «NTF Insaat Ticoret Limited Sirketi» мердігер компаниясымен каналдарды қайта қалпына келтіру жұмыстарының мерзімінде аяқталмауына байланысты Балуан Шолақ және Дулат ауылдық округтеріне вегетациялық кезең басталғанға дейін су жеткізу мақсатында құрылыс жұмыстарын жүргізу «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС-на ұсынылып, ҚР ЭГТРМ Су ресурстары комитетімен ағымдағы жылдың наурыз айында қосымша келісімшарт жасалып, жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда өңір басшысы жұмыстардың баяу жүргізіліп жатқанын сынға алды. Құрылысты 1 мамырға дейін аяқтау қажет екенін атап өтті. Жұмыс сапары барысында Бердібек Машбекұлы «Қазавтожол» ҰК АҚ облыстық филиалының тапсырысы бойынша Мойынқұм ауданын жалғайтын, яғни Шу-Бурылбайтал бағытындағы Шу өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысымен де танысты. Жуырда Шу қаласындағы «Теміржолшылар» саябағына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген болатын. Себебі бұл саябақ теміржолшылардан бөлек, жалпы қала тұрғындары үшін де маңызды демалыс орны. Кешкі уақыттан бөлек, күндіздің өзінде адамдар көптеп серуендеп жүретін саябақ қаланың сәнді орнына айналды. Саябаққа 83,8 миллион теңге қаражат бөлініп, оған орындықтар, түнгі жарықтандыру, балалар ойын алаңы, жастар спорт алаңы екі айдың ішінде салынып, пайдалануға берілген болатын. Одан бөлек көктем шығысымен теміржолшылар 500 түп сәндік ағаш отырғызған. Бердібек Машбекұлы саябақ ішін аралап болғаннан кейін, өзі де осында тал екті. Келесі кезекте облыс әкімі «Қызылша» ЖШС-ның көктемгі егіс-дала жұмыстарымен де танысты. Серіктестік басшысы М.Үсембаевтың айтуынша, егістік жалпы 3819 гектар алқапты қамтиды. Сондай-ақ жуырда жер комиссиясының шешімімен тағы 3048 алқап қосылған. Қазіргі таңда суды әдеттегіден үш есеге үнемдеу үшін серіктестік су жинауға арналған орын дайындауда. Серіктестік басшысының мәлімдеуінше, егістік алқаптан жоспар бойынша 500 000 тонна қызылша, 152 000 тонна жүгері, 130 000 тонна ерте өнімді картоп, күнбағыс, түрлі түсті қырыққабат, тәтті бұрыш, 97 000 басқа да дәнді дақылдар өндіру жоспарлануда. Компания жергілікті жерден 500 адамды жұмыспен қамтимыз деп те отыр. 2020 жылы егіс алқабы 504 гектар болған болса, биыл оның көлемі 1562-ні құрады, ал келер жылы тағы 5253 гектар алқап қосу жоспарлануда. Облыс әкімі мұндағы жұмыстармен егжей-тегжейлі танысқаннан кейін серіктестік басшысына алқапты суару ісінде су үнемдеу технологияларын арттыру қажеттігін тапсырды. Серіктестік жетекшісі Мұқаш Үсенбаев бүгінде су үнемдеу бағытында айрықша жобаны қолға алып отырғандарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Су үнемдеу технологиясы жүзеге асырылған жағдайда тамшылатып суару әдісі көптеп қолданылып, ол іс автоматтандырылған жүйеге де көшетін болады. Бұл әрі жұмысшы күшін үнемдеуге өз септігін тигізбек. – Өйткені бұл жобаның су шаруашылығы саласында маңызы өте зор. Осы жоба толық деңгейде жүзеге асқан кезде иррегациялық жүйе бойынша ең кем дегенде үш есе су үнемдеуге қол жеткізіледі. Су тапшылығы мәселесі облысымыздың өзге де өңірлерінде бар екені анық. Сондықтан су үнемдеудің мұндай жаңашыл жобасын, тәжірибесін басқа аймақтарға да үлгі етіп ұсынуға болады, – деп атап өтті Бердібек Машбекұлы. Сонымен қатар серіктестік басшысына алдағы уақытта егінжай күнін өткізуді тапсырды.  

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ,

журналист.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар