«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көп болғанда ғана көсегеміз көгереді

Көп болғанда ғана көсегеміз көгереді
ашық дереккөз
Көп болғанда ғана көсегеміз көгереді
Ұлттық статистика бюросының  мәліметі бойынша өткен  жылы 26 мыңнан астам адам Қазақстаннан шетелге кеткен екен. Олардың  көпшілігі  – білімді жастар мен білікті мамандар. Тағы бір деректерде 2015 – 2019 жылдар аралығында  елімізден шамамен 200 мыңнан астам адам шетелдерге тұрақты тұру мақсатында  қоныс аударғаны жайлы жазылған. Бұл – барлық мемлекеттерде болып жататын үрдіс. Қытай, Ресей және Америка сияқты алып мемлекеттер үшін бұл  ұсақ-түйек, әңгімеге өзек болатын да  нәрсе  емес.  Ал әлемде жер көлемі бойынша  тоғызыншы орын  алатын   ат төбеліндей халқы бар  Қазақстан үшін  үлкен  олқылық әрі өкініш.Осындайда халқымыздың: «Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас», «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақалдары ойға орала береді. Тоғыз жасында  құлдыққа сатылып, кейін Мысыр елін 30 жыл билеген, бақ пен тақты тастап, туған жеріне оралған  Бейбарыс бабамыз көз алдыңа елестейді.  Туған халқының Тәуелсіздігі жолында  Алаш арыстары бастарын бәйгеге тігіп, жандарын пида  етпеді ме? Әлихан Бөкейханның  «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген жалынды сөзі  нағыз елін сүйген ердің сөзі емес пе? «Отан – оттан да ыстық». Шетелде  айдауда жүрген поляк Огинскийдің  елін, жерін сағынып  шығарған  Полонезі  әлдеқашан әлемдік музыканың шыңына айналып кеткен жоқ па? «Қолда барда алтынның қадірі жоқ». Еліңнің, жеріңнің қадірін жырақта жүргенде білесің. Осыдан он жыл бұрын Таразда  жоғары оқу орнында  оқып жүрген  қытайдағы қазақтар ең басты армандарының бірі – ата-баба жеріне оралу екенін айтқан болатын. «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл», «Пәлен жерде пайда бар, өз еліңдей қайда бар?» деген осы. Заманымыздың заңғар жазушысы Шерхан Мұртаза  қазақты  Феникс құсқа текке теңемеген екен.Қасиетті де киелі құсты  өлтіріп, өртеп жіберсе де күліне жан бітіп, қайта тіріліп кетеді екен. Тарихқа көз жүгіртсек, жер бетінде  шапқыншылық пен аштыққа душар болып, қазақ сияқты миллиондап қырылған халық өте некен-саяқ. Жазушы Ілияс Есенберлин «Алтын орда» кітабында 1660  жылдары қазақтардың саны 2 миллионнан асқан деген дерек келтіреді. Жоңғар, ойрат және қалмақтармен болған жойқын ұрыстардан, әйгілі Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан кейін  жерімізде 800 мыңға жуық адам қалған. Алтыбақан алауыз, қылышымызды қынынан әбден жанымызға батқан кезде суыратын халық емеспіз бе? Тарихшылар алаңсыздығымыздан әрі жауларымызға дер кезінде бірлесіп тойтарыс бермегендіктен осындай ауыр шығынға ұшырағанымызды аса қынжылыспен  жазады. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ бұдан кейін де қаншама зобалаң-зұлматты бастан кешірді десеңізші... Орталық Азияны отарлаған Ресей 1897 жылы жалпыресейлік санақ өткізді. Бұл санақ бойынша Орта Азия  халқының саны былайша қатталған.Қырғыздар – 200 мың, Түркімендер – 280 мың, Тәжіктер – 350 мың, Өзбектер – 721 мың, Қарақалпақтар – 104 мың, ал Қазақтар 4 миллион 84 мың адам болған. Орта Азиядағы өзге ұлт өкілдері  сол кезде қазақтардан қанша есе кем екені  айқын көрініп тұрған жоқ па?  Сталиндік санаққа көз салсақ ,қазақ халқы Ұлы Қазан төңкерісіне  дейін 8,5 миллионға жеткен екен. Большевиктер билік құрған төңкерістен кейінгі 15 жылда ұлтымыз 1918-1919, 1921-1922 және 1931-1932 жылдары  үш алапат ашаршылықты бастан кешірген.Осынау аз ғана мерзімде халқымыз 6 миллионға қысқарған. Оның ішінде бір миллионы  шетелдерге босып кеткен. Халқымызды бұдан кейін саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы сияқты қанқасаптар күтіп тұр еді. Қазақ осындай қатыгез  қиянаттарға ұшырамағанда  өз жерінде азшылыққа  айналмас еді. Осы тұста Елбасының : «Әлемдегі ешбір ел Қазақстан секілді біржола жойылып кетудің қатерлі шегіне жетіп көрген емес» деген сөздері еске түсе береді. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей  Хрущев «Тың игеру» дегенді ойлап тапты да елімізге сырттан 2 миллионнан астам славян өкілдерін әкелді.Соның салдарынан 1970 жылы еліміздегі ұлтымыздың үлесі  29 пайызға түсіп қалды. Қазір демографтар  сол үш ашаршылық болмағанда Қазақстан халқының саны 100 миллионға жетіп қалатынын айтады.Халқымыз: «Бос жатқан жер жау шақырады» деп текке айтпаса керек. Сырттағы біраз арандатушылар қазақ жеріне көз алартуларын әлі күнге қоймай келеді. Демография – ұлт қауіпсіздігінің қалқаны. Демек, халық санын көбейту – мемлекетіміздің  саясатындағы маңызды мәселенің бірі болып отыр. Өсім өрге басса, ел еңсесі көтеріліп, ұлттың қауіпсіздігі де нығая түседі. Статистика  агенттігінің деректеріне көз жүгіртсек, Қазақстан халқының қазіргі саны – 18 миллион 877 мың адам. 2020 жылдың қаңтар – қараша айларында елімізде 421 мың сәби дүниеге келіпті.  Өңірде 2019 жылы 27097 сәби жарық дүниенің есігін ашса,  өткен жылы бұл көрсеткіш 29175 нәрестені құраған. Бүгінде Жамбыл облысы  тұрғындарының  саны 1139843 адамға жеткен. Ел тұрғындарының санын  өңірлерге жіктейтін болсақ, көш басында Алматы мен Түркістан облыстары тұр. Одан кейінгі орындарға  Шығыс Қазақстан, Қарағанды және  Жамбыл облыстары жайғасқан. Республика халқының 70 пайызын  қандастарымыз құрайды. Орыстар – 17, өзбектер – 3,4  пайыз, қалғаны өзге этнос өкілдері. Еліміз әлемде жер көлемі  бойынша тоғызыншы орын алғанмен, халқының саны жөнінен 64 ші орында. Тұрғындардың тығыз қоныстануы бойынша әр шаршы шақырымға  орташа есеппен 6,7 адамнан келеді. Халықтың орналасу тығыздығы бойынша әлемде 184 ші орындамыз. Әлбетте, бұл көңіл қуантарлық көрсеткіш емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында демография мәселесіне жеке тоқталып: «Уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде жүзеге асыратын тағы бір шаруа бар. Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе шекара маңындағы елді мекендерде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының  солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған  өңірлерге орналастыруды жандандырамыз», – деген болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталған Ұлы көштің нәтижесінде елімізге осы мерзімде 1 миллионнан астам қандасымыз келіпті. Сырт мемлекеттерде  әлі де 7 миллиондай қазақтар бар екен. Олардың 1,5  миллионы квота кезегін күтіп, елге жете алмай зарығып отыр. Әйтсе де кейінгі кезде бұл істе де түрлі кедергілер көп болып тұр. Мемлекетіміз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  бұл мақсатқа ондаған мың квоталар бөлсе, 2021 жылға ол небәрі 1026 квотаны құраған. Шет мемлекеттердегі қандастарымыз  елге оралу үшін 48 түрлі құжат әзірлеуі тиіс екен. Мұндай  ұшы-қиыры жоқ жүйке жұқартулар олардың сағын сындырып, жігерін жасытпай ма? Осындай әуре-сарсаңдардан кейін олардың Қазақстанға келуге деген құштарлығы басылып қалмай ма? Бұл – әлдекімдердің қолдан жасап отырған ашық кедергісі емес пе? Сондықтан да мәжіліс депутаттары елімізде Демография және көші-қон агенттігін құру керек деген  орынды мәселе көтеруде. Нарық заманында көп нәрсе материалдық жағдайға тіреледі. Демографияға ерекше мән беріп отырған мемлекеттер аналарды ынталандыру жолында көптеген игілікті шараларды қолға алып, жүзеге асыруда. Табиғи өсімді өрге сүйреу үшін ана мен балаға жасалатын қамқорлықты көбейту туралы  ұсыныстар бізде де  әр жерден жиі естіліп жатыр. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету үшін  бұл мәселені түбегейлі, жедел шешу керек болып тұр. «Көп – қорқытады, терең – батырады». Біз көп болғанда ғана көсегеміз көгереді. Сондықтан да ұлтты өсіру – ұлы мұратымыз.

Ақылжан МАМЫТ

Ұқсас жаңалықтар