«70 мың теңге береді» дегені бекер екен

«70 мың теңге береді» дегені бекер екен
ашық дереккөз
«70 мың теңге береді» дегені бекер екен
  Әлеуметтік желіде сағат сайын өтірік-шыны аралас түрлі ақпарат тарап жататыны үйреншікті жағдайға айналды. Кейде тіпті, оның рас, әлде фейк екенін ажыра алмай дал болатын кезіміз де жоқ емес. Алды-артын аңдамайтындар «мына сілтемеге тіркелсеңіз, пәлен теңге береді» дегенге сеніп, барлық жеке сәйкестендіру нөмірін ойланбастан жазып, «онлайн алаяқтарға» алданып қалып жатады. Жыл басында әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың көлемі өсіп, біршама өзгерістер болатыны белгілі. Содан ба, осы кезеңде көпшілік қаржыға қатысты жаңалықтарды қалт жібермей қарап отыруды әдетке айналдырған. Қандай төлем қанша пайызға көбейетінін бір шолып шыққанымызға да көп бола қойған жоқ еді. Қай жаңалықты қағыс қалдырғанымызды қайдам, қаңтарда EgovKzBot.20 Телеграм Ботта «42500 теңге 70 000 теңге беретін БОТ ашылды. Адам көбеймей тұрғанда заявка беріп үлгер» деген ақпарат таралғанда «бұл қайдан шыққан жетпіс мың» деп ойланып қалдық. Рас ақпар ма, әлде... Осыны нақтылап алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның облыс бойынша филиалына хабарласқанбыз. Тура бір апам да аң-таң, мен де аң-таң дегендей, олар мұндай «жаңалықты» естімепті. Филиал басшысының орынбасары Зейнел-Нәби Сұлтанбаев желіден-желіге тарап жатқан хабарламаны жазып алып, мамандарына осы мәселені зерделеуді тапсырды. Қатаң карантиндік шектеулер кезінде 42500 теңге төленгені ауылдағы маусымдық кезеңдерде ғана жалдамалы жұмыс істеп, былайғы кезде жұмыссыз отырғандарға едәуір көмек болғаны шындық. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың әлі де күшінде екенін білетіндер тағы да сондай көмек беріледі екен деп елеңдеп қалған. Әйтсе де 70 мың теңге жәрдемақы берілетіндігіне сенгендер аз болған секілді. «Маған да мұндай хабарлама WhatsApp-тан келді. Қызық үшін тексеріп көрмек болдым да, тапсырыс берудің әуре- сарсаңы көп екен. Қайтадан қоя салдым», – дейді Меркі ауданының тұрғыны Абай Маратұлы. Дәл осыған ұқсас жағдай желтоқсан айында да болған екен. Бұл жолы кейбір тұрғындардың телефон нөмірлеріне «42 500 теңге алуға сұраным бере аласыз» деген SMS келген. «Жаңа жылдық мерекенің алдында болуы керек. Телефоныма осындай SMS түсті. Кейін тиісті сала өкілдері арнайы хабарласып, хабарламаны қателесіп жіберіп қойғанын айтты. Өзім де бұл қайдан шыққан 42 мың теңге деп ойланып, жауап беріп, сұрау салмаған едім», – дейді құландық Кенже Меретаманқызы. Кейін Телеграм желісінде «42 500 теңге» туралы SMS қате жолданғаны туралы ақпарат жарияланды. Онда: «Бүгін 400 мың қазақстандық 42500 теңге берілетіні туралы SМS хабарлама алды. Бұл хабарламаны жолдаушы компания қателесіп жолдағанын түсіндірді. Цифрландыру министрлігі халыққа осы SМS-тің жолдануына қатысты әзірге түсініктеме бермеді. Сондықтан егер сізге осындай SMS келсе, мән бермегеніңіз жөн және жауап қайтармаңыз», – деп жазылған. 70 мың теңгенің «жыры» да осыған ұқсас жағдай болып шықты. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның облыс бойынша филиалының баспасөз хатшысы Ардақ Бейсетайдың айтуынша, БОТ каналының тіркелушілері болмайды екен. «Бұл бейресми парақша. Осы парақшаны біреулер әдейі «оқырман» жинау үшін ашып отыр», – деп түсіндірді. Расында, ресми БОТ каналының тіркелушілері жоқ екен. Ал бейресми парақша осылайша 123553 «оқырман» жинап үлгеріпті. Ал «70 мың теңге береді» дегені бекер болып шықты.

Ардақ Үсейінова

Ұқсас жаңалықтар