«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісіктен 16 мыңнан астам адам көз жұмады

Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісіктен 16 мыңнан астам адам көз жұмады
ашық дереккөз
Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісіктен 16 мыңнан астам адам көз жұмады
15Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісіктен 16 мыңнан астам адам көз жұмады. Бүгін Астанада өтіп жатқан халықаралық онкологиялық симпозиум барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.  Вице-премьер атап өткендей, елімізде онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім жүрек-қан тамыры ауруларынан кейін екінші орында тұр. Жыл сайын Қазақстанда бұл қатерлі дерттен 16 мыңнан астам адам көз жұмады. «Сондықтан бүгінде республиканың онкологиялық қызметі алдында уақытында диагностикалық көмек пен ем көрсету өзекті болып отыр. Денсаулық сақтау саласының басты міндеті – өлім-жітімді азайту арқылы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы мен өмір сапасын арттыру. Осы міндеттерді шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астанада ұлттық медициналық холдинг базасында ұлттық ғылыми онкология орталығы құрылды», - деп толықтырды Г.Әбдіхалықова. Оның айтуынша, бұл орталық онкология саласындағы халықаралық жетекші халықаралық орталықтардың біріне айналуы тиіс. Бұл үшін үздік шетелдік мамандар тартылып, ғылыми негізделген емдеу әдістері, онкологиядағы озық зерттеулер енгізіліп жатыр. «Елімізде 2012-2016 жылдарға арналған онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасы қабылданды, ол қазірде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына енгізілді. Бағдарламаның негізгі міндеттері ерте диагностиканы дамыту арқылы онкологиялық аурулардың профилактикасын жетілдіру, диагностиканың жоғары технологиялық әдістерінің қолжетімдігін қамтамасыз ету, жоғары технологиялық радиологиялық орталықтар құру арқылы ғылыми негізделген әдістермен емдеу, қазіргі заманғы оңалту және паллиативтік көмек жүйесін құру болып отыр», - деді вице-премьер. Бағдарламада отандық және шетелдік клиникалар мен ғылыми орталықтарда 250 маманды дайындау қарастырылған. Бұл - онкологтар, медициналық физиктер, радиологтар, инженерлер, физиктер мен өзге де мамандар. «Қазақстанда мұндай симпозиум алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл симпозиумның біздің мамандар үшін маңызы зор. Оның бағдарламасы көптеген маңызды мәселелерді қамтиды», - деп түйіндеді сөзін Гүлшара Әбдіхалықова. Симпозиум 24-26 қыркүйек аралығында өтеді. Үш күн бойы шетелдік мамандар мен қазақстандық онкологтар, ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер қатерлі ісікті емдеудің ең соңғы заманауи әдістері мен диагностика жолдарын талқылайды.
 

Ұқсас жаңалықтар