Қабірді қорлағанның жазасы

Қабірді қорлағанның жазасы
ашық дереккөз
Қабірді қорлағанның жазасы

Біреулер әруақ «бар» десе, екіншілері «жоқ» десіп таласып жатады. Осы орайда, өзімнің басымнан өткен оқиғаның бірін ортаға салғанды жөн көріп отырмын. Мүмкін, баз біреуге ой салар...

Біз онда бала болатынбыз. Бірде аудан орталығының Шаңқайында тұратын нағашыларыма қыдырып бардым. Теміржол өткелінен асып өткен соң, біраз жаяу жүретінбіз. Жол арасында жұрт «орыстың моласы» деп атайтын қоршаулы қабірстан болатын. Одан айналып өтетінбіз. Жазда мола іші толған қау шеңгелде ешкі-лақ, қой-құтан жайылып жүретін, ал қыста моланың меңіреу тыныштығын шошайған крест басына қонақтаған қарғалар ғана «қарқылдарымен» бұзатын. Бұл жолы да қарғалар қарқылдап жатты. Біз анамыз екеуміз тез-тез өтіп кеттік. Анам сол күні үйге қайтып, мен қысқы демалысты нағашыларымда өткізетін болдым. Олар қалағанымды әперіп, көңілім ауғанды бәсіреге атап, үлкен нағашы ағам жол бойынан ауылға қатынайын автобусқа отырғызып жіберетін болды.

Нағашым аудандағы белді бір мекемеде инспектор болатын. Қызметінде де, күнделікті өмірде де аса беделді кісі еді. Мен ол кісімен жүргенді мақтаныш көретінмін. Сөйтіп, екеуміз жоғарыда аталған моланың тұсынан өтіп бара жатсақ, ішінде топыр-топыр адамдар, милициялар жүр екен. Нағашым «бұл ескі мола, мұнда адам қоймайтын еді ғой, бұл не?» деп солай қарай жүрді. Сөйтсек таң ертесін базарға бара жатқан бір кісі мола ортасында теңкиіп өліп жатқан адамды көріп, милицияға хабар беріпті. Ол поптың моласының үстіне барып, үлкен дәретін сындырып, сонда өзінің пальтосының етегін қазықпен қағып, сүрініп өліпті. Балтасы қасында жатыр. Бұрын арақ ішіп көзге түспеген, өзінше паң, ақылман, өркөкіректеу азамат екен. Жұрт танып, аталарын айтысып жатыр. Милиция өлікті сол жерде бірден мәйітханаға әкетті. Сұрастыра келе, әлгі кісінің бір үйге қатарластарымен бастаңғыға кеткені белгілі болды. Олардың айтуынша, қой сойылып, жүз грамдатып, бастаңғы думанмен басталған. Содан қызу отырыстағы әңгіме ауаны христиан дініндегілердің әруағы бола ма деген пікірталасқа ұласқан. Әлгі кісі отырғандардың бірімен ілінісіп, орыс поптың моласының басына қазық қағып, үлкен дәретке отырып кететіндігін айтып, бәстескен. Сонымен даукес жігіт шығып кетіп, қалғандары тиын тігіп, күліс ойнап отыра береді. Ақша тігіп карта ойнаған соң, бұған дейінгі сөз ұмытылып, назарлары тек құмар ойынға ауып кетеді. Таң ата әркім отырған жерінде ыңғайланып жата салады. Бәрінің айтқаны осы ғана болды.

Содан нағашым мені ауылдың автобусына салып жіберді. Бірақ, осы оқиға көпке дейін ойымнан кетпей жүрді. Оның пальтосының етегін молаға қазықпен қаққан кім? Өзі ма, әруақ па? Осы сұрақ маза бермеді. Сөйтіп жүріп, бұл жайтты ұмыта бастаған едім, бірде нағашым үйге кештетіп келді. Оны-мұны айтып отырып, әңгімесін сол оқиғаға бұрды. Дәрігерлік тексеру мен оқиғаны зерттеу нәтижесінде бұл жігіттің үлкен дәреттен соң, етегін шатастырып қазықпен қосып жерге қағып жібергені, содан тұрам деп тұра алмағанынан қорқып, жүрегі жарылып өлгені анықталыпты. Нағашым осыны айтып: «Жігіттің екі көзі өте үлкейіп, шарасынан шығып кеткен екен. Мұз болып қатып қалыпты, жібіген соң да орнына келмепті. Ол сонша неден қорықты екен?», – деді. Анам сонда: «Дінімізде мұсылман болсын, кәпір болсын, мейлі мал болсын өлікті қорламаңдар деген бар. Алланың қаһары ұрған да. Әруақ кәпірде болсын, мұсылманда болсын бәрінде бар, мал мен мүлікте әруақ болмаса, кие бар. Сондықтан дін мұсылманның салтанат құрғанына дейін пайғамбарымыз молаға баруды тыйған екен. Неге, себебі онда тек жын емес, теріс әруақ бар. Ана моланы айналып өт, болмаса «Ей, Аллам! Жақсы да, жаман да бір өзіңнің жаратқаның, жақсыңды иманды ет, жаманыңды кешіре гөр» деп дұға жасап өт», – деді.

Сонда жағамды ұстап, таңқалдым, әліпті таяқ деп білмеген анамыз бұл насихатты қайдан үйреніп жүр екен деп. Жалпы, қабірдің қабір екенін біле тұрып еш қорлауға болмаса керек, амал кітаптары жабылып, өзіне өткен пендесінің хақын Алланың өзі қорғайтыны шындық қой...

 Әбдікерім Әбдімомынов.

 

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар