- Advertisement -

ҮШАРАЛ «ҮЛГІЛІ АУЫЛ» БОЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ

300

- Advertisement -

 

Бір кездері абырой-атағы Одаққа танылған Үшарал ауылына қарай беттеп келеміз. Ақсай деп аталатын сағым дала бұрындары қора-қора қойға, үйір-үйір жылқыға толы болушы еді. Ұзын саны мыңнан асатын Елеукеннің маң-маң басқан түйелері «дала кемелеріндей» көрініп, табиғаттың көркін келтіретін. Ұшқан құс азайып қалыпты. Бұрын ырғалып өсетін ақселеулі шөп те сирек. Биылғы жаз жаңбырсыз өтті. Күзі күңгірт тартып тұр. Басын ақ басты Алатаудан алатын Аса өзені де суалып қалғандай.

Алайда, табиғаттың осы қысаңдығы елдің еңсесін түсіріп отырған жоқ. Білеміз ғой, былтырдан бері Үшарал ауылында халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту жөніндегі «Қанатқақты» жоба жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Біз ауылға келгенімізде Үшарал ауылдық округ әкімі Рахымжан Айтуов Талас өзеніне су келіп жатқанын айтып, қуантып тастады. Әрі оның үстіне Арал елді мекендерінің тұрғыны ел болып пәтуаласып, мешіт соғамыз деп жиналып жатыр екен. Бұл ауылдың облыс бойынша ұйымдастырылып жатқан «Үлгілі ауыл» жобасына аудандағы Қасқабұлақ ауылымен бірге қатысып жатқанын естіген едім.

Ақпан айында Ойық ауылының жұртшылығы «Ішімдіксіз, бұзақысыз, отбасы берік үлгілі ауыл боламыз» деп пәтуа жасасқан болатын. Ол пәтуаны бүкіл аудан жұртшылығы қолдап отыр. Осыған байланысты ауылдағы ардагерлер және билер кеңестерінің төрағасы Қыдырәлі Жүсіпов сөйлеп, ауылдағы ахуал мен атқарылып жатқан жұмыстар жайында хабардар етті. Соңғы жылдары халықтың әлеуметтік жағдайы жақсару үстінде. Аққөл ауылынан Үшаралға, Үшаралдан Көшекке дейінгі жолдар асфальтталынды. Ауыз су мәселесі шешіліп келеді. Көгілдір отын ауылға жеткізіліп, әр отбасы үйлеріне кіргізіп алуда. Мемлекет қамқорлығымен Спорт кешені салынды. «Қанатқақты» жоба бойынша «Талас – 2020» ауыл кооперативі құрылып, ауыл тұрғындарының дені екі пайыздық сыйақымен 5 жылға несие алып, оған аулаларындағы мал басын көбейтіп, егін егумен айналыса бастады. Елдің еңсесі көтеріліп, тұрмыстары жақсара түсуде.

Алайда ауылдағы учаскелік полиция өкілі Ерік Әйділдаевтың айтуына қарағанда үлкендер арасында да, жастар арасында да ішкілік ішіп, тәртіп бұзатындар бар көрінеді. Оның үстіне жақында ғана екі мал ұрлапты. Отбасылық мәселелерде де кемшіліктер бары қазақы ауыл үшін ұят әңгіме. Екі ауылда да ажырасу фактілері тіркелген. Мысалы, Үшарал ауылында үстіміздегі жылдың 8 айында 4 отбасы ажырасқан. Егер облыстағы осы жобаға қатысқан 11 ауылда бірде-бір ажырасу фактісінің орын алмағанын есепке алсақ, бұл үлкен кінә әрине. Оның үстіне ауылдағы дүкендерде ішімдіктің сатылуы тиылмай отырғандығы, бұл туралы осы жиында ауыл әкімі мен ардагерлердің сөз қозғамауы да, бізді ойландырып тастады. Бар болғаны алкогольді ішімдіктерден және де басқа зиянды әрекеттерден бас тарту бойынша 5 рет қана түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін көңілдеріне медеу тұтатын сияқты.

— Салауатты өмір салтын қалыптастырамыз деген ниет өте орынды, — деді Билер кеңесінің мүшесі А.Құлшынбаев. — Ол үшін бәріміз бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Ел болған соң дау-дамайсыз болмайды. Бірақ соны жоғарғы жаққа жалаулатпай, ауылдың ақсақалдарымен, билерімен кеңесіп, шешуге болмай ма? Мысалы, жақында ғана екі азаматымыз ұрлық жасады. Оларды ақтамаймын, бірақ учаскелік полиция өкілі неге ақсақалдардың тезіне салмады деп ойлаймын. Біз оларды ортаға алып кінәларын бетіне басатын едік қой. Әрі оның тәрбиелік мәні де бар еді. Біздің Үшаралдың халқы ар-намысты халық. Бірақ соны көрсете алмай жүрміз. Егер аудан әкімдігі бізді «Үлгілі ауыл» жобасына қатыстыруға ұсыныс берсе, біз неге жауапкершілікті сезінбейміз?

Құлшынбаевтың айтып тұрғаны өте орынды. Жиында  сөз алған аудандық маслихаттың депутаты Садық Тілеубердиев «Талас – 2020» ауыл кооперативінің жұмысын одан әрі жандандыру, сол арқылы жастарды еңбекке тәрбиелеу жөніндегі ойын білдірді. Биылғы жылы кооперативтің күшімен біраз егін егіліпті. Оның өнімін ауыл тұрғындары да алды. Алайда кооперативке бір агрономның қажеттілігі байқалып жүр. Әрі су жаңа техникаларды ұршықша иіретін кадрлардың да тапшылығы сезіліп қалды.

Үшарал ауылдық округ әкімі Рахымжан Айтуов халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, саламатты өмір салтын орнықтыру, отбасы құндылығын сақтау, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау ісінде ауыл ардагерлерінің, билердің белсенді жұмыс істегенін қалаймыз деді. Сонымен жиынға қатысушылар елдің бірлігін сақтап, ішімдіксіз, бұзақысыз, отбасы берік үлгілі ауылға айналамыз деген ортақ пәтуаға келгендей.

Жиын соңында аудандық ардагерлер ұйымы атынан еңбек ардагерлері Базар Мәденұлы мен Жексенбек Ештайбекұлына «Талас ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісі және куәлігі, ауылдағы Билер кеңесінің мүшелері Қ.Жүсіповке, Ә.Омаровқа, А.Құлшынбаевқа «Медиатор – Би» куәліктері табыс етілді.

Сәулембай Әбсадықұлы,

Талас ауданы ардагерлер ұйымы жанындағы

Билер кеңесінің төрағасы.     

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support