Жамбыл облысы бизнес-жобаларды қаржыландыру ісін сәтті жүзеге асыруда

16

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Гаухар Бөрібаевамен кездесті.

Аймақ басшысы «Даму» қоры бизнес — ахуалды жақсарту және шағын және орта бизнесті белсенді қолдау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елдегі кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Экономикалық проблемалар аясында бұл мәселе ерекше өзекті болып отыр. «Даму» қоры бизнесті дамытуға, перспективалық жобаларды іске асыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға барынша ықпал етуде», — деді Бердібек Сапарбаев.

Гаухар Бөрібаева қордың қолдауымен Жамбыл облысында бірнеше ондаған табысты жобалар жүзеге асырылғанын баса айтты.

«Мен бірнеше кәсіпорында болдым және олардың ең жаңа технологияларды қолданатындығына көз жеткіздім. Жамбыл облысында бизнес мейлінше жемісті дамуда. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 68,7 мыңға жеткен», — деді ол.

Жамбылдық кәсіпкерлер «Даму» қорының қаржыландыру, субсидиялау, кепілдендіру, оқыту секілді тиімді тетіктерін белсенді пайдалануда. Нәтижесінде 11,3 мың жоба жүзеге асырылған. Ағымдағы жылы бірінші бағыт – бизнес-жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыру бойынша Жамбыл облысы басқа аймақтар арасында екінші орынға тұрақтаған. 1 тамыздағы жағдай бойынша 9560 қарыз алушы тіркелген.

«Бизнестің жол картасы-2025» аясында 1057 жоба субсидия алса, ал 486 жоба ішінара несиелік кепілдемеге қол жеткізген. «Береке» өңірлік қаржыландыру бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 150 қарыз алушы қаржыландырылған.

Гаухар Бөрібаева сонымен қатар «Нұрлы жер» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының тетіктері туралы тоқталып өтті. Кездесу қорытындысымен тараптар алдағы уақытта да өзара тиімді ынтымақтастықта жұмыс істеуге ниет білдірді.

 

Comments are closed.