- Advertisement -

ТАҢДАУ ТАРАЗЫ БАСЫНДА ТҰР

189

- Advertisement -

Әдетте сенім туралы көп сөз айтылады,

Сайлау мәселесі жақындаған уақытта, тіптен сәл-пәл әңгіме шықса да адамдар арасында қызу пікірталас басталады дей беріңіз.

Ел ішіндегі бүгіндері «Nur Otan» партиясының ішкіпартиялық іріктеуі, яғни, сөз қолданысқа «Праймериз» атауы кідіріссіз енген сәттен бері қоғам назары ауа бастағаны анық.

Қазақстанның қоғамдық — саяси  өмірінде «Nur Otan» партиясының абырой-беделі мен мәртебесі басқа әріптестеріне қарағанда тым биік, ерен қуатты екені беп-белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дара лидерлік саясаты мен көшбасшылығы арқасында небір саяси сыннан сүрінбей өтіп, өз қатарына әртүрлі әлеуметтік топтардағы таңдаулы тұлғаларды топтастырған партия Отанмыздың табысты игілігін молайту жолында ылғи да жаңа жетістіктерге жеткізіп келеді.

Әр дәуірдің, әр заманның өз сөзі бар, сол сияқты әр партия да жаңғырту жұмыстарына уақыт талабына сай сергек қарап, серпін беру де әрі қажет әрі жауапкершілігі өте зор сын шақ десек те болады. Осы уәдеден шықан қадам 2019 жылдың 21 тамызында жасалды. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ұсынысымен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам — «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия қызметін қайта жаңғыртуға бағытталған бағдарламасы қабылданған болатын.

Партияның басты саяси құжатына айналған бағдарлама халқымыздың әл-ауқатын арттыру ісінде мақсатты жұмыстардың мән-мағынасын толық ашып көрсеткен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында адамдардың сапалы өмір сүруіне барлық әлеуметтік жағыдайларды туғызу, ел экономикасын молайта түсу, сонымен бірге мемлекеттік басқару жүйесінің халық үніне құлақ түріп, барынша сапалы әрі тиімді қызмет етуін жаңа биікке көтеру, әділетті әлеуметтік қоғамды орнықтыру, жалпы Еңбек қоғамын қалыптастыру, заң үстемділігін түбегейлі орнату тәрізді күшті әрі қуатты мемлекеттің негіздерін айқындап, жаңа міндеттер жүктеген болатын.

Біздің партиялас-әріптестердің алдында тұрған міндеттерді орындауға жұмылдыруда әлбетте, билік партиясының ықпалы зор, әрекеттері де әлеуетті деп білеміз.

Баршымызды біріктіретін ортақ мақсат әр тұрғынның өмір сүру сапасының деңгейін арттыру. Халқымыздың әл-ауқатын жақсарту, ел қамы мен ел бірлігі.

Бұл мақсатты тірлікке дем беретін бірқатар жобалар мен жоспарларды оқырмандар үшін айта кетейік.

Жамбыл облысы — индустриалды – аграрлы аймақ. Келешекте өнеркәсіп саласын дамытуда отандық өндірушілерді қолдауға, бәсекеге қабілетті және экспортқа бағдарланған өнім шығаратын жаңа өндірістерді ашуға баса назар аударылатын болады.

Бұл 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Он тоғыз инвестициалық жоба кезең-кезеңімен 2025 жылға қарай жүзеге асатын болады. Көптен бері сөз болып келе жатқан «Тараз  химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының инженерлік инфрақұрылымы аяқталып, 8 өндірістік орны іске қосылады.

Билік партиясы өңірде сары фосфор өндірісінің көлемін 110 мың тоннаға дейін, минералды тыңайтқыштарды 220 мың тоннаға дейін ұлғайтуға ықпал етеді.

Ең басты мәселе, әрине, тұрақты жұмыс орнының көп болуы.

Айталық, биыл баршаға белгілі, панденмия індеті жағдайы еңбек нарығына көп өзгеріс әкелді. Жұмыспен қамту саласына қатты әсері тиіп, жұмыссыздық деңгейі өсті. Бұл жеке кәсіппен айналысып жүретінін білетін кісілердің өмірінде қандай орын алғанын айтудың өзі қиын. Уақытша, тұрақты емес орында жұмыс істеу сөз жоқ, едәуір ауыртпалыққа ұрындырады. Мұны да жұрт көріп, біліп отыр. Сондай-ақ биыл өңірде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен 16 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту қарастырылған. Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 19 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр.

Сайып келгенде, жыл сайын 16 мыңнан кем емес тұрақты  жұмыс орнын ашу жоспарланып, 5 жыл ішінде қабылданған шешімдерге сәйкес шамамен 84 мың жаңа жұмыс орындары ашылады.

Праймериз, яғни партияның ішік іріктеу іс-шараларында кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылық саласына азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты сұрақтарды жиі қояды. Үміткерлердің жеке бағдарламасында ауылдың бүгіні мен ертеңіне, келешегіне ой жіберіп қарап, нақты ой-ұсыныстары мен оның шешілу жолдарына да пікір білдіруде.

Иә, «Жамбыл облысы халқының табысын арттыру» және «алқаптан сөреге дейін» шеңберінде қанатқақты жобаларды іске асыру көп үміт күттіреді. Бұл бойынша 10 ауданның 11 ауылдық округінде 52 мыңға жауық тұрғындарға немесе 7886 аулаға республикалық бюджеттен 7,2 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді.

Суармалы егіс — мол өнімнің кепілі. Алдағы жылдары 7 жаңа су қоймасы құрылысы аяқталып, жөнделіп болғаннан кейін 34,5 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріледі.

Ауыл адамдарының еңбегінің жемісті әрі табысты болуына қажетті жағдайлар жасалатын жоспар бар.

«Nur Otan» партиясы әр облыс, сондай-ақ қала, аудандар бойынша сайлауалды бағдарламасын әзірлеп, жұртшылық назарына ұсынып отыр.

Рас, жүйелі әрі әрбір адам өміріне қатысты салалар мен тұрмыстағы өзекті мәселелер өткір күйінде қалмай, уағында, дер кезінде жүйелі шешу талаптары мен шарттары әбден пысықталып, мақсат-міндеттер тұрғысында жан-жақты тиянақталғанына көз жеткізеді. Білім, медицина, туризм, шағын және орта бизнес, әлбетте жастарды баспанамен қамтамасыз ету тәрізді ең өзекті мәселелермен қатар ұлттық тәрбие, руханият, отбасы бақыты, дене шынықтыру мен спортпен қалың бұқараның шынайы шынығуы, экологиялық мәселені жақсарту мен дамыту міндеттері де толық кәрініс тапқан.

Қазіргі праймериз кезінде облыс бойынша тіркелген 800-ге жуық азаматтың әрбірі партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға өзіндік үлес қосуын адал әрі белсенді еңбегімен дәлелдеп беруді, сол үшін де бай тәжірибесі мен қажыр-қайратын, білікті, білімді деңгейін аянбай жұмсауды мұрат етеді. Ал, праймеризге қатысу ниеті айрықша жастар болса, келешекте қоғам мен ел игілігіне қызмет ету мүмкіндігін халық қалаулысы, депутат атану арқылы кеңірек ашып, лайықты тұлға болуыдың қыр-сырын игеруді жөн санайтыны байқалады.

Адамдарға ақыл-парасат өз өмірін жақсарту үшін беріледі. Нағыз саясатшы боламын деген кісілерге кемінде үш қасиет керек екен. Ол- теориялық дайындық, экономикалық қызмет тәжірибесі және қабылданған шешімдерді орындауға деген жауапкершілік.

Бұл өсемін, өркен жайып есейемін деп қоғамдық өмірден өз орнын табуға ұмтылған жас үміткерлер үшін де әрдайым есте тұратын өзіндік қағидалар болады, деп ойлаймыз.

Көптің тілегін орындап, елдің көкейінде жүрген халықтық мәселелерді шешуде ерекше беделді «Nur Otan» партиясының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі Мәслихат депутаттарын сайлауына дейін шын мәнінде лайықты тұлғаларды таңдап, іріктеу үшін өтікізіп жатқан Праймериз додасының ұстанған мақсаты үлкен-кішіге, кәнігі саясаткерге де, тәжірибелі орта буын өкілдеріне де, келешектен үміті мол алғыр да табанды, еңбек сүйгіш, талантты жас толқынға да ұнамды болып отыр. Әрине, бәрі бірдей емес. Жүйріктің де жүйрігі бар. Әділет, ынтымақ деген ұғымды жоғары қоя біліп, адал күшіне сеніп, өзінің қабілетті ой-өрісін таныта алу да пайдалы, аз  абырой емес. Сол жас үміткерлердің арасында үнемі қоғамдық пікірдің қалғып кетпеуіне күш салып жүретін журналист іні-қарындастырымыз да бар. Олардың кездесулерімен пікірсайыс жарысында азаматтық ұстанымы ашық, әрі орнықты ой-көзқарастарымен таныла түскеніне қуанымын.

Журналистер әрдайым қоғамның алдыңғы шебінде жүретін кәсіп иелері. Олар ойлы көзқараспен өмір сүреді. Қазақстан Парламентінде халықтың сөзін сөйлеп, зор құрметке ие болған қаламгер Шераға, Шерхан Мұртазаның өшпес өнегесінен қуат алады. Сол ұлы тұлғаға  қарап бой түзейді.

Бізбен бірге праймеризге тіркеуден өткен 5 үміткер өзара пікірсайысқа түсті.

Дені -кәсіпкер жастар. Нариман Мәуленовты біршама білемін. Алмат Асқарбеков, Бақтияр Тоғайбаев, Еламан Омаров секілді Тараздың жас жігіттері мен «Болашақ» арнайы мектеп-интернаты директорының орынбасары Гүлзира Тойшыманова есімді қарындасымыз өз бағдарламасы аясында сөз қозғап, бір-бірімзге сұрақтар қойып, «Өзіңді сыйла, өзгені сыйла және бүкіл әрекетің жауап беру»  қағидасымен шама-шарқымызша жауап бердік. Бәрі өмірде белсенді де, әдепті кісілер Тараз қаласының проблемаларын зерделеп, тұрғындардың мұң-мұқтажын  шешуге де ынталы. Алдын-ала уәде беріп те жатыр. Жаңа заманның алғыр, алымды жастары өмірді ұстап тұрған ең асыл қасиет –беделге ие болғысы келелді. Әрине саяси шешім қабылдауға дайын тұлға болу үшін елдің жай-күйін түсіне білу керек.

Бұл азаматтарға емес, барша үміткерлер құлағына алтын сырға. Ертеректе көркем сөздің шебері Ғабит Мүсіреповтың «Сайланарда бермейтін уәделері жоқ. Сайланып алған соң аспанда Құдай барын, ел-жұрт алдында абырой-ұят барын ұмытып кетеді» деп жазғаны бар. Бұл өмірден алынған, құлақ асатын ескертпе деп қабылдаймыз.

Саясат даналығы да үйренуден тұрады. Праймериз — азаматтық  қоғам үшін жақсы мектеп.

Сайлау әлі алда. Бұл билік партиясының ішкіпартиялық іріктеуі дедік. Жаңғыру мен жаңғырту бағытында қолға алынып отырған толық құптарлық қадам екенін өзіміз осы праймериз аясында іс-шараға қатыса жүріп, куә болудамыз. Қандай қам-қарекеттің қажет болғанына да қанықтық. Халықтың келешектегі қалаулылары мен таңдаулылары болуға лайықты тұлғаларды жазбай танып, сенім білдіруі де адал азаматтық іс.

Ал, сенім білдіріп, дауыс беру жаңа форматта қолға алынып жатқан ашық, мейлінше тиімді әдіс, «көз ілдірмейтін» белсенділік тетігі деп айта аламыз.

Праймеризді өткізудің мән-мағынасына халықтық сенім мен қызмет биігінен қарайтын болсақ, әлеуметтік әділетті қоғамның  әлеуетін күшейту және әрбір партия мүшелерінің таңдауына сый-құрметпен қарау деп ой түйінін жасауға болады. Таразы басында тұрған таңдаудың маңызды болуы, міне осында.

Қоғамдық саяси өмірдің өзегі – бірлік пен дамуда. Еліміздің өсіп-өркендеуі, әрі нығая түсуі адамдардың жарқын еңбегімен жасалады.  Еңбек адамы — қоғам байлығы. Сондықтан да еңбек құндылықтарын барлық жағынан қастерлейік және Отан игілігі жолында адал, аса іскер, ойлы, шын жанашыр, білімді, еңбекқор, өмір жолы үлгі-өнегеге толы адамдарды төрге оздырып, елге тұтқа боларлық тұлғалық болмысын құрметтеуден тұратын, қоғам мүддесіне қызмет ету — ортақ парыз.

Ал, таңдау еркіндігі халық махаббатына ие болған лайықты тұлғалардың бәйге тұлпарындай  танылуына  жол ашатыны ап-анық.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support