- Advertisement -

БАҚЫТ БАЛАЛЫ ҮЙГЕ ҚОНАДЫ

93

- Advertisement -

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

          Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. «Әрбір бала үлкен бақыт» деген қағиданы ұстанып, бүгінде бес балалы отбасының берекелі тірлігіне ұйытқы болып отырған Айнұр Көшенова Талас ауданының Көшек батыр ауылында тұрады. Осында туып-өскен Айнұр 2010 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетін тәмамдаған соң ауылдағы  Жамбыл орта мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. 2009 жылы дүниеге келген ұлы Нұрислам қазір 5-сыныпта оқиды. Өмірлік серігі Асхат Ақылбеков болса мал шаруашылығымен айналысады.

          2018 жылдың наурызында Асхат пен Айнұрдың отбасында үлкен оқиға орын алды. Олар өзара ақылдаса келе үйдегі ұлға серік болсын деп патронаттық тәрбиеге бірнеше бала асырап алуды ойластырады. Осылайша сәби шағынан тағдыр тауқыметіне ұшыраған екі-үш бала болса да отбасы жылуын сезініп өссе екен деген ниетпен облыс орталығындағы Сарымолдаев атындағы балалар үйіне барған олар ағайынды 4 баланы тәрбиеге алуға шешім қабылдайды. Балалардың әкелері аурудан қайтыс болған, ал аналары тастап кеткен екен. Осы сәттен бастап шағын отбасының өмірі бірден күрт өзгерді, әрине жақсы жағына қарай. Бүгінде балалардың үлкені Сымбат 6-сыныпта оқиды, анасының көмекшісі. «Осы қызым әнді жақсы айтады, мектептегі іс-шараларға қатысып жүреді. Үнемі көмектесіп, қолдап отырамын», — дейді Айнұр берген сұхбатында. Ауылда үйірмелер көп болмағандықтан, ұлдар күреске, ал қызы шахматқа қатысады екен. Сымбаттың бауырлары Аға 4-сыныпта, Нұраға 3-сыныпта оқыса, кішкентай Бекназар биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Өзінен кейінгі төрт інісіне қамқорлық танытатын да осы Сымбат. Бұлар бірін-бірі жетелеп, қарайласып, тез өсіп келеді, өзара тату-тәтті. Бір төсекте құшақтасып өскен бала мейірімді, бауырмал болады емес пе? Айнұр болса күйеуінің көмегімен үй шаруасын да, бала тәрбиесін де, мұғалімдік жұмысын да дөңгелетіп отыр.

Айнұр ата-ана қамқорлығынан тым ерте айырылған балалардың тілін тауып, оларды басқа ортаға тәрбиелеу алғашқыда біраз тер төгуді қажет еткенін жасырмайды. Бұл ретте оған педагогикалық тәжірибесі мен балаға деген аналық махаббаты көмектескен. «Рухани қажеттіліктер жас балаға ата-ана мен отбасындағы жылылық шуағы арқылы таралады ғой. Баланың тұлғалық ерекшеліктерінің қалыптасуында отбасының, дәлірек айтсақ, ата-ананың және бауырларының орны ерекше. Балаларды өзімізге алмас бұрын екі айдай  олармен кездесіп,  танысып жүрдік. Алғашқыда мінездерінде ерекшеліктер болды, бірақ уақыт өте келе бауыр басып кеттік. Қазір төртеуі де «мама, папа» деп еркелеп тұрады. Ауылдың балаларымен де тез тіл табысып алды. Кішкентай болса да шамалары келгенше майда-шүйде істе қолғабыс жасауға тырысады, біз де оларды еңбекке баулып отырамыз. Сабақтары да жақсы. Балаларды бөліп-жармаймыз. Үлкен отбасымыздағы кез келген түйткілді ашумен емес, ақылмен шешуге тырысамыз», – дейді бала тәрбиесінде он жылдай тәжірибесі бар педагог Айнұр Көшенова.

Отыздан енді асқан жастарға төрт баланы патронаттық тәрбиеге алу үлкен жауапкершілік болды. Ең бастысы, бұл шешімді Асхаттың да, Айнұрдың да ата-аналары қолдады. Күйеуінің ауылда тұратын қарындасы да аға-жеңгесінің ізгі ниетін мақұлдап, көмектесті. Бір ауылда тұрған соң балалар оларға да жиі-жиі қонаққа барып тұрады. Отбасындағы 1 қыз бен 4 ұл да оқушы, олар бүгінде дәстүрлі түрде білім алып жүр екен. Айнұр да мектептегі жұмысында. Отбасы ай сайын әр балаға берілетін жәрдемақыны алып тұрады. Бұдан бөлек Айнұр патронат тәрбиеші ретінде мемлекеттен жалақы алады. Өздерінің шағын шаруашылықтарында мал асырайды. Басқа ешкімнен көмек жоқ.

«Бала мүмкіндігінше отбасында өсуі керек. Сонда олар өмірге неғұрлым бейім болып өсіп, қалыптасады. Балаға керегі жылу мен мейірім. Әрбір бала күйсандық десек, ол күйсандықтың кілтін тапқан ғана аша алады ғой. Балаларымның жүрегіне жол тауып, олардың қажеттілігіне орай білім беруге, тәрбиелеуге тырысамын. Тұлғалық қабілетін ашып, шығармашылығын шыңдап, таланты болса ұштап, дарын қабілеттерін одан әрі дамытып, бір сөзбен айтқанда, ел ертеңін ұстайтын сауатты, білімді азамат қалыптастырсақ дейміз. Олардың алдағы өмірлері де бізді ешқашан бей-жай қалдырмасы анық. Егер жағдайымыз келіп жатса алда да ата-ана қамқорлығынсыз қалған бірнеше баланы патронаттық тәрбиеге алып, оларға отбасы жылуын сезіндіріп, мейірім шуағына шомылдырсақ деп армандаймыз. Бақыт деген сол емес пе?!», – дейді өз баласымен бірге тағы төрт балаға отбасы жылуын сыйлап, аналық қамқорлығын  көрсетіп отырған патронат ана Айнұр Тәкенқызы.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support