- Advertisement -

«Халық жауының қызы болдым»

181

- Advertisement -

Бүгінгі қонағымыз – А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Нұрсифат Салықова.

—  Еңбек жолыңызды мұғалім болудан бастаған екенсіз. Ол кездегі білім саласындағы тәртіптер қандай еді?

— Ол кезде мектептер он жылдық болатын. Ұлы Жеңістен кейінгі қиын жылдар ғой. Соғыстан кейінгі ауыр кезең, қай салада да білікті мамандар аз. Мен оныншы сынып оқып жүрген жылы әкем қатты ауырды. Ол кісіні кеңшардан аудан орталығына әкелді. Диагнозы жүрек талмасы екен. Бір қол, бір аяқтан қалды. Жүріп тұруы тіпті қиындады. Алайда, анық сөйлейтін. Қарашада құлаған әкем ақпан айында бақилық болды. Ол кісі тірісінде: «Осы қызым мектепті бітіре салысымен доқтырдың оқуына түсіремін» деп айтып отыратын. Дәрігердің оқуына баруыма әкетайымның сол бір ауыз сөзі себеп болған.

Орта мектепті бітіріп, сол жылы Семей медициналық институтына (ағам апарды)  бардым да, өкінішке қарай түсе алмай қайттым. Ол үшін биология, химия пәндерін жақсы білуің керек екен. Ол кездің бір кемшілігі мектебімізде химиядан сабақ беретін мұғалім болған жоқ. Алгебрадан сабақ беретін ұстаз да жетінші сыныпта әрең келді. Мектеп кезінде: «Алгебра, химия, қонбайды менің миыма» деп күліп жүруші едік. Қысқасы дәрігердің оқуы көңілдегі арман күйінде қалды. Содан аудандық білім бөлімінің басшысына кіріп барып : «Маған жұмыс беріңіз, мұғалім боламын» дедім. Міндетім бардай батыл сөйледім.  Ол кісі: «Неге оқуға түсе алмай қалдың?» деді. Мен химиядан өте алмағанымды, есесіне жағрапия мен тарих пәндерін жақсы меңгеріп шыққанымды айттым. «Қызылжетек ауылының мектебіне барасың»,- деді бастық. Мен: «Ол өте алыс. 75 шақырымға қалай сандаламын. Мені Молотов ұжымшарына жіберіңізші»,- деп өтіндім. Ол кездің ұстаздары да, адамдары да шетінен мейірімді ғой. «Мақұл» деді. Содан «Қараш ауылы қайдасың?» деп Молотов ұжымшарының орталығына тарттым. Сол ауылдың мектебінде бесінші, алтыншы, жетінші сынып оқушыларына тарих және жағрапия пәндерінен сабақ бердім. Бір қызығы кейбір оқушылардың жасы өзімнен үлкен. Шешен ұлтының бір баласы оқушым болды. Денесі таудай үлкен. Бірақ, сабақ оқымайды. Сондайда : «Әй, сен неге сабақ оқымайсың?» деп қолымдағы «укаскамен» тартып жіберетінмін. Сонда ата –аналары ештеңе демейтін. Ол кезде мұғалімге деген құрмет өте жоғары болатын.  Балалар тосыннан сұрақ қойып қалса, білмей тұрмайын деп, кітапханадан шықпаушы едім. Тарих, жағрапия пәндеріне қатысты кітаптарды қопарып оқитынмын. Қарап жүрмей мектепте көркемөнерпаздар үйірмесін ашып, мерекелерде концерттер қойып жүрдік. Бір актілі қойылым (скетч) қоятынбыз. Бірақ, менің ендігі арманым театр институтын бітіру болды. Кейіннен Жамбыл қаласына келіп, мәдени-ағарту училищесінде білім алдым ғой. Солай жастай мұғалім болғам. Өмірде оның жақсы пайдасын ғана көрдім. Қазір де Мемлекет ұстаздарды қолдап, мұғалімдерді құрметтеп жатыр ғой. Бұл өте қажет дүние. Ұстаз сапалы, білім жоғары болса, біздің жастар талай биік белестерді бағындырары анық.

 

«ЕЛДІҢ ҚОЙЫЛЫМҒА ДЕГЕН ЫҚЫЛАСЫ ЕРЕКШЕ ЕДІ»

—  Театр табалдырығын қай жылы, қалай аттадыңыз?

— Сол кезде отағасы Мақсат Салықов драма театрда жұмыс істеп жүрген. Бір күні театр басшылығы мені де шақыртып алып, бірнеше әндер айтқызды. «Қараторғайды», «Сырымбетті», «Махамбет вальсін» шамам келгенше шырқадым. Шамасы көңілдерінен шыққан шығармын, мені жұмысқа алды. Театрдағы өмірім осылай басталып кетті. Театрда жүріп қосымша істемеген жұмысым қалмады. Костюмер, кассир, адмистратор да болдым. Сонда артық жұмысым үшін 1 сом 50 тиын жалақы алатынмын. Ол уақытта театр гастрольдерге жиі шығатын. Өзбекстанның Бұхара облысының үш ауданында қазақтар тұрады. Ол жақтың қазақтары Жамбыл театрын ерекше сыйлайтын. Бір жолы басшымыз Әбіл Төлебаев: «Бұхара облысына бригада басқарып барасың» деді. Оған да көндім. Бұхара облысының Тамды ауданында екі кеңшар, 9 ұжымшар бар еді. Солардың бәрін аралап жүріп, «Айман — Шолпан», «Бөлтірік бөрік астында» спектакльдерін қоямыз. Сонда бір ғана Тамды ауданында жиырма күн жүруші едік. Бір колхозында екі күн жатамыз. Тамдыда жаздық клуб бар. Қай ауылға барсақ та екі сағат спектакль қойып, артынан бір сағат концерт беруші едік. Сонда  шаршауды білмейтінбіз. Мүмкін, көрерменнің ерекше қызығуы біздерге шабыт берген болар, шаршатпаған болар.

Қасымхан Қанабаев деген кісі концерт жүргізеді. Біздер Әтіркүл Дүйсекенова, Шәмшәгүл Жәмекеева бәріміз ән шырқаймыз. Бар мақсатымыз  театрдың жақсы атын шығару. Басқа ештеңені ойламаймыз. Ол жақта ауыл белсенділері екі – үш әртістен бөліп алып, үйлеріне күтеді. Әртісті үйіне шақыра алмаған үй иелері ренжіп, өкпелеп қалатын. Бұл сол кездегі қонақжайлылықты, халықтың пейілін байқатса керек. Тіпті, кеңшардың фермаларына дейін қойылым көрсетіп, концерт беріп жүрдік. Бір жолы Тамды ауданының «Бесбұлақ» фермасына бір күнде екі спектакль қойып, соңынан концерт бердік. Не керек, сөйткенімізше рауандап таң да атты. Ал дала толы көрермен кетер емес. Ондай ықыласқа қалай риза болмассың. «Таңның арайлап атқанын көру — бақыт» деген ұғым бар ғой. Біз арайлап атқан таңды талай көрдік.

 

– «Спектакльдерің керек емес. Қоймай-ақ, қайта беріңіздер» деген ауылдар болды ма? Әр ауылдың көзқарасы әртүрлі ғой…

– Тікелей «Қоймаңдар бізге» деп айтып, көңілімізді қалдырған  кеңшарлар болған емес. Бірақ: «Тамды ауданындағы Жыланды кеңшарының директоры үнемі ауылына қойылым қойдырмайды екен, әртіс шақырмайды екен» дегенді естіп жүрдік. Оның жанама аты  – «орыс». Сол «орыс» директордың өзі бір жолы : «Алдымен шағын фермаға қоясыңдар. Ұнап жатса кеңшардың орталығына қоюға рұқсат беремін» деді. Келістік. Фермаға қойып бердік. Директор бүкіл нөкерлерімен келіп көріп, риза болды. Содан кеңшардың орталығында «Сөнбеген шоқ» қойылымын қоятын болдық. Үлкен Мәдениет үйінде ине шаншитын орын жоқ. Директор, партком, кәсіподақ ұйымының , ауылдық кеңес төрағасы, бас мамандар бірі қалмай келіпті. Спектакль аяқталған соң, кеңшар директоры бізді үйіне шақырды. Ішімізде Әбиірбек Тінәлиев те бар. Бәріміз таңға дейін ән салдық. Сонда әлгі қатал директордың өзі керемет әсерге бөленгенін айтып ризашылығын білдірді. Ала таңнан Бұхара қаласына бюроға баруы керек екен. Біз отырған бөлменің терезесіне қара мата жаптырып қойды. Концерт, ән бітпесе екен деп отыр ғой. Жұмысын да ұмытты. Бір кезде қара матаны біреулер ашып қалса, директор:  «Ашпаңыз, әлі таң атқан жоқ»  деп қояды. Бұл да өнердің, театрдың кереметі болса керек. Ол кезде мұндай жайлы, ыңғайлы автобус та жоқ. Театр ұжымы қорапты көлікпен жүреміз. Көліктің алдыңғы жағында орта буын, ортасында үлкен буын, артында жастар отырады.

1966 жылы Кенемах ауданын су басты. Сондықтан, жетер жерімізге жете алмай, қойылым қоя алмадық. Содан Тамды ауданына бара жатып, жүк көлігіміз суға батты. Сондай уақытта болған. Қысқасы театр үшін біз бәрін құрбан еттік, театр үшін бәріне бардық. Құдайға шүкір араламаған жеріміз жоқ. Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғыз елінің ауылдарын тегіс араладық. Көп жүрдік. Жаяулатқан кезіміз де болды. Сахнада көп қозғалыс жасадық. Соның барлығы денсаулыққа пайдалы болған болар. Қазір 82 жасқа қараған шағымда сергек жүрсем, сол қозғалыстың пайдасы болар деп ойлаймын. 1966 жылы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 30 жылдығына орай Алматыда 5 спектакль қойып, өнер көрсеттік. «Қаракөз», «Жазықсыз жапа», «Табыттан шыққан үн», «Белгісіз батыр» және басқаларын сахналадық. Жазушы Әлжаппар Әбішев «Белгісіз батыр» қойылымы қойылатын күні келіп, спектакльге риза болды. Сол кезде басты рөлдің бірін біздің үйдің отағасы ойнады. Осындай әсерлі сәттер естен кетпейді.

  • Елбасымен кездескен сәтіңіз туралы әңгімелесеңіз…

-«Құнанбай» фильміндегі Зере рөлі үшін Мемлекеттік сыйлықты алғанда Астанаға шақырылдым  ғой. Шамасы бұл фильм Елбасымызға да ұнаған болуы керек. Елорданы бетке алдық. Ол кезде 76 жастамын. Содан Ақордаға кірдік. Телефонымызды кіре берісте алып қалды. Ол жерде де алдын ала біраз дайындық жүреді екен. Бір кезде Елбасы келді. Құттықтап сөз сөйлеп, біздермен бірге суретке түсті. Мен Нұрсұлтан Әбішұлының оң жағында тұрып, суретке түстім. Артынан швед үстелінен дәм таттық. Елбасы да сол жерде болды. Еліміздің Тұңғыш Президентімен кездескен сәт естен кетсін бе? Бір қарасам, Бақытжан Сағынтаев (қазір Алматы қаласының әкімі) шетке шығып, оңаша тұр екен. Қасына бардым да:

«Бақытжан, айналайын. Біз  саған тілектес кісілерміз. Ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарың жемісті болсын. Ертеректе Үшаралға театр қойылымымен көп барушы едік. Сол кезде кеңшардың директоры, Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев деген  кісі (Бақытжанның әкесі) үнемі бізді үйінде күтетін. Сол Әбдір азаматтың үмітін ақтадың, балам. Еңбегің жана берсін»-,дедім. Бақытжан да көңілденіп, көмекшілеріне:  «Апай екеумізді суретке түсіріңіздерші» деп тапсырды. Бақытжанмен де солай естелік суретке түстік. Әншейін де көп ашылып сөйлемейтін адам едім. Премьер – Министрдің алдында қалай сөйлеп кеткеніме әлі күнге таңқалып жүремін. Осындай қызық жағдай болған.

 

ӘКЕМНІҢ  АЙТЫСТАН ҰТҚАН АТЫНАН ҚҰЛАДЫМ

Бір сұхбатыңызда «әкем айтыскер кісі еді» депсіз. Ол кісінің Халық жауы ретінде ұсталып кеткенін де айтып жүрсіз. Әкеңіз қандай адам еді?

 

– Әкем ертеректе айтысқа түскен адам. Абай Құнанбайұлына арналған бір айтыста бас жүлде алып, ат мініп келгені есімде. Ол кезде біз баламыз ғой. Еркек бала сияқты болып , еркелеп өстім. Әкемнің айтыстан ұтып әкелген атына мінемін деп, құлап қалдым. Үйдің кішісі болған соң да әкем бетімнен қақпайтын.  Сол әкем 1937 жылдары «Халық жауы»  деген жаламен ұсталыпты да, 1938 жылы мен туылған соң ,шамалы күндерден кейін ақталып келіпті. Кейіннен әкеме ешкім жұмыс бермей, бастықтар үркіп жүрді. Әкем сонша таланты бола тұра бір ауылда бұзау бағып кетті. Бұл заманның зәуі, қиын жылдардың салдары ғой. Біз сол қиянаттардың бәрін көріп өстік. Соғыс жылдарын бала болсақ та сезініп өстік. Ауыр жылдарды көрген ұрпақпыз ғой.

Өзімнің Ұлы Отан соғысына қатысқан,  бірге туған ағам бар еді. 2005 жылы Жеңістің 60 жылдығы мерекесіне 15 күн қалғанда 81 жасында қайтыс болып кетті. Төрт рет инфаркт алған кісі еді, бала шағасының алдында сөйлеп отырып, жүріп кетіпті. Қазір 88 жасқа келген әпкем бар. Семейдің Шар қаласында тұрады.

 

— Өмірдің өз қиындықтары бар. Былтыр ұлыңыз бақилық болды…

-Бұл маған өте ауыр тиді, қарағым. Мен біраз жасқа келген адам едім. Жол менікі еді. Бала кетіп қалды (үнсіз қалып, көзіне жас алды). Бұл өкініш көңілімнен ешқашан кетпейді. Бұл жағдай маған өте қиын соқты.Амал қанша, ұрпақтары бар. Сол ұрпағы аман болсын енді. Бұл енді өмір ғой. Алайда ана үшін ұрпағының амандығынан артық ешқандай бақыт жоқ. Ал қызым Нұржанат Атырауда тұрады. Күйеу балам екеуі екі перзентті тәрбиелеп жатыр.

  —Мемлекет тарапынан қолдаулар болып, мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалақысы көбейіп жатыр. Бұл жағдай театрға қалай әсер етті?

  -Енді оны айтатын несі бар. Театр қызметкерлерінің жалақысы КСРО –ның кезінде де төмен болған. Қанша қосып жатыр десе де, әртістер әлі де төмен айлық алады. Ол жасырын емес. Соны біле тұра талантты жастар осы саланы таңдап жатыр ғой. Талантты жастардың театр үшін жаралғаны анық. Театр қызметкерлері жалақысы төмен болса да, рухани бай адамдар. Мен де немерелеріме: «кітап оқыңдар, рухани бай болыңдар» деп айтып отырамын. Өткенде Парламенттің бір депутаты теледидардан сөйлеп жатыр:  «Кәсіпкерлер жоқ-жітікке үй салып берсін» деп. Кәсіпкердің салып берген бір үйімен мұқтаж жандардың барлық мәселесі шешіле ме? Тіпті, олар біреуге үй салып беру үшін кәсіпкер болмайды ғой. Олардың өз жолдары, жоспары бар. Қайта жаңағы депутат Парламент мінберінен:  «Мұқтаждарға жеңіл жолмен үй берейік. Соларға қолайлы заңдар қабылдайық» деп айтпай ма? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да халыққа ең қолайлы мүмкіндіктерді қозғады. Мәдениет саласына да қолдау керектігін үнемі айтады. Сол кісіні қолдайтын, Президент талаптарын бұлжытпай,  әділ орындайтын азаматтар көбейсе екен деп тілеймін.

Қазақ жалқау халық емес. Жалқау болса , киіз үйді ойлап таба ма? Тек қолдау керек. Алдағы уақыттарда барлығы жақсы болады деп сенемін.

–Батыр Бауыржан Момышұлымен де кездескен екенсіз. Өзіңіз баяндап бересіз бе?

– Әрине айтайын. Ол ертеректе ғой. 1963 жыл болатын. Біз театр ұжымы гастрольдік сапармен Жуалыға барғанбыз. Бауыржан Момышұлы Жуалыда үй салдырып жатыр екен. Сол жылдары Кубаға барып келген. Біздер қонақ үйде жайғасқан едік. Содан әмбебап дүкенге  әйел әртістермен бірге барып қайтсам, менің шалым бір келіншекпен сөйлесіп тұр екен. Ол келіншек кезінде менің жұбайыммен бірге оқыған, бірнеше жылдан соң кездесіп тұрған сәті екен. Баукеңнің жары оның досы көрінеді. Бір кезде Камеш келіп, бәрімізді үйіне дәмге шақырып кетті. Бәріміз қуанып қалдық. Әйгілі батыр Бауыржан Момышұлының үйіне қонаққа бару дегеніңіз үлкен бақыт қой. Содан Мәукең бар, Тұрар Ізбасаров, Әтіркүл Дүйсекенова алдымен кетті. Артынан біздер жүріп, Баукең салдырып жатқан үйге бардық. Баукең біз барғанда жуынып жатыр екен. Біраздан соң ақ көйлек, қара шалбарымен жанымызға жақындады. Сәкіге дастархан жайып қойған екен. Содан түскі он екіде барған біздер кешкі жетіде әрең қайттық. Баукеңнің әңгімелерін тыңдадық. Көзі өткір екен батырдың. Бетіне тіке қарай алмадық.

 – Сізді көпшілік  «Қазіргі заманның Зересі» деп атай бастады. Мұны қалай қабылдайсыз?

Оның рас. Мектептер де жиі шақырады. Әрине мынау карантин күндері басталмай тұрып.  Шақырған кездесулерге барамын. Оқушыларға, әсіресе қыздарға көп тәлім – тәрбие айтқым келеді. Мені Зере әжесіндей қабылдаса, оларға «Әдепті, ибалы, арлы болыңдар. Бүкіл қыздардың алды болыңдар» деп батамды беріп, ақ тілегімді айтып жүремін. Жастарға қазақтың атқа міну мәдениеті туралы айтқым келеді. 76 жасымда «Құнанбай» фильмінде атқа мініп шаптым ғой. Түсірілімнің өзі менің атқа мініп шауып, (Зеренің) Құнанбайдың артынан іздеп баратын жерінен басталды ғой.  Сол кезде Досқан Жолжақсынов:  «Апай, еш жүрексінбеңіз. 95 жасында Хафиба апайды да атқа мінгізгенбіз» деп жігерлендірді. Ал қойылым аяқталып, аттан түсетін кезімде Досхан:  «Апай рахмет, апай көп рахмет. Бәрі жақсы болды» дей берді. Ал мен сол кезде: «Жоқ мені жіберіңдерші. Оңаша, еркін жіберіңдер. Анау таудың арасына барып, айқайлап жылап келейін» деппін. «Зере»  әженің рөлін ойнаған адам ретінде жастарға айтсам деген сөзім көп. Қазақ жастарын, қазақ қыздарын тек биіктерден, үлгілі жерлерден көргім келеді.

 

Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support