Жандарбек Бекшин мен Камалжан Надыров тұмауға қарсы вакцина салдырды

3

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитария дәрігері Жандарбек Бекшин мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров маусымдық тұмауға қарсы вакцина салдырды.

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, жергілікті бюджет қаражатына қауіп тобындағы адамдарға тегін вакцина егу үшін Ресейден 130 мың доза «Гриппол Плюс» вакцинасы сатып алынды.

«Сондай-ақ, КВИ-дің тіркелуін ескере отырып, қосымша 300 мың доза сатып алуға өтініш берілді. 2019 жылы қала халқының 10,3 пайызына (200 747), оның ішінде қауіпті топқа енген 100 мың адамға жергілікті бюджет есебінен тегін вакцина егілді. 93 633 адам жұмыс берушілердің есебінен, 7114- ақылы түрде жекеменшік медициналық орталықтардан вакцина ектірген. Екпе салдырғандардың арасында иммунизациядан кейін өздерін жайсыз сезіну жағдайлары тіркелмеді»,– деді Жандарбек Бекшин.

Өз кезегінде, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров вакцинаның ешқандай қауіп тудырмайтынын атап өтті.

«Биылғы жылы біз вакцина салдыруға жауапкершілікпен келіп отырмыз. Себебі коронавирус пандемиясы кезінде аурулар қабаттасып кетуі мүмкін. Осы жағдайды ескере отырып, алматылықтарды әріптестерімнің вакцина алуға шақыруына бей-жай қарамай, сол арқылы пандемия және маусымдық аурулар өршіген уақытта ЖРВИ және тұмаумен ауыруды азайтуға шақырамын. Сатып алынған вакцина бұрыннан бері жақсы танылған, халық арасында ол бірінші рет егіліп жатқан жоқ. Вакцинаның ешқандай қаупі жоқ», — деді Камалжан Надыров.

Қаланың эпидемиологиялық қызметінің мәліметі бойынша, ЖРВИ мен тұмау биылғы жылы қарашаның соңынан бастап 2021 жылдың бірінші тоқсанында өршудің ең жоғары шегіне жетеді. Алдағы эпидемиологиялық маусымның ерешелігі – оның коронавирус инфекциясымен бірге өршу ықтималдығында.

 

Comments are closed.