- Advertisement -

Ауылдан келіп тұрмын Кенен деген, Кененге таңсық емес өлең деген…

198

- Advertisement -

Облыста өзіндік өрнегі, сара жолы бар айтыскердің бірі  — қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева. Оның айтысқа алғаш келуі де қызық. 1989 жылы жадыраған жаз күндерінің бірінде Т.Рысқұлов ауданында «Алатау таңы» облыстық спартакиада өтіп жатады. Күміскүл сол спартакиадада  шахматтан (спорттың осы түрінен әйелдер арасында облыс чемпионы болып жүрген кезі)  бағын сынайды.

Содан кезекті жарыс күні аяқталып, қатысшылардың бәрі демалып, әрі-бері серуендеп жүрген екен. Кенет далада құрылған сахнада біреулердің айтысып жатқан дауысы естіледі. Оның бірі Талас ауданынан келген Ербол Қамбатыр екен де, оның қарсыласы Жамбыл ауданынан келген есімі белгісіздеу бір кісі. Бір қызығы, ол сахнаға жалаңаяқ шығып кетіпті. Кішігірім еркін айтыс та ондай — ондай бола берсе керек. Бірақ, Ербол оның аузын аштырмай, тұқыртып тастайды. Әзілмен де елдің езуін жиғызбайды. Жұрт сол жерге жиналып қалған. Ақыр соңында жалаңаяқ жігіт сахнаны тастай қашады. Ербол жалғыз қалады. Сонда Қордай аудандық мәдениет бөлімінің сол кездегі басшысы Серікжан Әбітбеков: «Күміскүл, шық сахнаға, Ерболмен сен айтыс» дейді. Күмістің домбырамен жақсы ән салатынын, кейде ойдан құрап өлең айтатынын бастығы білсе керек. Сонымен, қордайлықтар Күміскүлді қолқалап ортаға шығарады. Сонда Ербол Күміскүлге қарап:

Несібе бір күн елес, бір күн арман,

Айтысып шықсам деп ем бір құмардан.

Жалаңаяқ жалт беріп жоғалды да,

Қасыма ару келді мың бұралған, — деп әзілге толы бір шумақ айтады. Сонда Күміс домбырасын ұзағырақ қағып тұрып:

Ауылдан келіп тұрмын Кенен деген,

Кененге таңсық емес өлең деген.

Сахнаға алғаш шыққан Күміс қыздың,

Дәмесі бар өзіңді жеңем деген, -деп салады.

Ел ду етіп қолдап, қос ақынға шабыт береді. Одан әрі Күміскүл:

Айнала көрерменге толып тұрған,

Сахнада талай қызық болып тұрған.

Бұл Ербол қазір ғана бір ағасын,

Жалаңаяқ деп сынап, жонып тұрған.

Ал өзіне қарасам алба-жүлба,

Ерекеңнің түрі жоқ оңып тұрған.

Байқасам қасыңызда жаурап тұрмын,

Күміске көмегің жоқ тоңып тұрған, — деп сахнаға бейімделе бастайды. Ербол:

Болмады Үмітімді ұмытпасам,

Мен сізге қарап едім суық қашан?

Несіне кақпашы Ербол болып жүрмін,

Күмісті тосып алып жылытпасам,- дейді.

Сонда Күміскүл:

Сөзіңнің кесек –кесек ерегі жоқ,

Жұтаң тартқан ормандай терегі жоқ.

Күмісті ыстықтатып жібермесең,

Жәй ғана жылытудың керегі жоқ, -демей ме, Ербол да азамат қой:

Осындай айтыстарда толқып қалам,

Тізгінді осы жерден тартып қалам.

Кененің ізбасары шығыпты деп,

Шорабек ұстазыма айтып барам, -деп айтысты аяқтайды.

Осы айтыстан соң, Күміскүл облыстық ақындар айтысына қатыса бастайды. Жамбыл облысының 50 жылдығына орай өткен айтыста байзақтық Қасқырбай Нарбатырмен айтысқанда, Қасекеңнің домбырасының тиегі екі рет ұшып кетіпті.

Сонда Күміскүл:  «… Қасеке, домбыраңның тиегіндей, Өзің де сахнадан ұшып кетпе» деп, қарсыласын бір шумақпен тоқтатса керек. Сөз қадірін білген Қасқырбайдың ісі де ерлік қой.

Таластың Ақкөл ауылында өткен Ұлбике ақынға арналған айтыста тағы байзақтық Болат Басқараевпен, кейінірек әйгілі Шорабек Айдаровпен де сынға түседі. Шорабек Күміскүлге жезде боп келеді екен. Шөкең салған жерден: «Балдызымды әйелдікке аламын», -демей ме? Сонда Күміс:

– «Бойдақ қыздың бәріне көрінесің асыл боп,

Сахнада сөйлейсің найзағай боп, жасын боп.

Мені алып қайтесің, қасқа басың жалтырап,

Айналайын жездеке, басың бар да, шашың жоқ, — деп бұрылғаны сол, қарсыласы орында жоқ. Сөйтсе сөз қадірін білетін Шөкең сахнадан шығып кеткен екен.

Содан Күміскүл Сәрсенбаева республикалық айтыстарға шақырылып, үлкен додаларға еркін кіреді. Бірде Алматыда Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековты еске алуға арналған айтыста түркістандық Бекарыс Шойбековпен айтысады. Соның алдында ғана бір айтыста Бекарыс семейлік ақын қыздар Сара Тоқтамысова және Қарлығаш Әубәкіровамен айтысып, «Сендерді інілеріме алып берем» десе керек. Артынша Қарлығаш басқа жаққа тұрмысқа шығып, Сара да өз теңін тауып кетіпті. Осы жағдайды меңзеген Күміскүл:

  • Бұл өнер қазақтағы дәстүр екен,

Ақындар айтысуға мәстір екен.

Сара үлкен ауылға келін болып,

Қарлығаш жігітімен қашты бекем.

Оларды інісіне алып бермей,

Бекарыс мақсатынан кеш жүр екен.

Қызды көрсе айттыра жөнелетін,

Армысың айтыстағы бас құдекем, — деп тиіседі Бекарысқа. Сонда Бекең:

–      Күмістің мына сөзі түйін боп тұр,

Жауапқа енді Бекарыс бейіл боп тұр.

Сара менен Қарлығаш жөнін тапса,

Қыздың жолы бөлекше қиыр боп тұр.

Енді қайын сіңлісімен сөйлесерміз,

Олармен әңгімеміз кейін боп тұр.

Рөлі оң жақтағы мәшинедей,

Бәрінен сені өткізу қиын боп тұр, — деп бас салады.

Сонда Күміскүл:

–   Менің жалғыздығымды айтасыңдар, ақындар,

Жары Құдай жалғыздың, оны жұртым мақұлдар.

Қос 21-де жасым бар, Қайратқа жаным жақындар,

Қолыңнан келсе Бекарыс, қалыңға мені сатыңдар.

Құдай бермесе күйеу жоқ, күйеу түгіл сүйеу жоқ,

Атам десең атыңдар, атам десең атыңдар, — деп жырлағанда, зал толы көрермен жарылып кетердей қолдап, ұзақ қол соғып тұрып алады.

Осы айтыстың финалында торғайлық әйгілі Айбек Қалиевпен айтысады. Күміскүл: «Насыбайыңды сахнада атпай қоя тұр» , -деп әзілдепті. Сөз қасиеті қиын ғой. Сонда Айбек:

–  Күмістің жасап жатқан айласын — ай,

Қолындағы домбыра – қайласын — ай.

Ақселеу ағамызбен бір сөйлессең,

Насыбайдың білер ең пайдасын — ай.

Насыбай нәрестеден табылады,

Сенің айтып тұрғаның қай насыбай?, -деп сөзден ұстамақшы болады. Сонда Күміскүл:

–     Сахнада айтатын жөнің бар ғой ой, керім,

Биіктік күтсем өзіңнен, сен әшейін жәй ме едің.

Жөні бөлек Ақселеу асыл  ағаның,

Шақшасының әсемдеп жылтыратқан әйнегін.

Жеңіл сөзді айтқанша Тәуелсіз мынау еліңді,

Тәуелсіз мынау жеріңді жырласаңшы Айбегім, -деп ререңге тартады.

Осы айтыста Күміскүл Сәрсенбаеваға бас жүлде бұйырады. Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Татьяна Бурмистрова алтын білегізін сыйлайды. Міне – бақ.

Күміскүл бұдан кейін де бірнеше мәрте бас жүлдеге қол жеткізіп, айтыста өзін әбден мойындатты. Республикалық айтыстарда Есенқұл Жақыпбеков, Аманжол Әлтаев, Балғынбек Имашев, Ринат Зайтов, Айтақын мен Жандарбек Бұлғақовтар, Мұхтар Ниязов, Бауыржан Халиолла, Рүстем Қайыртай, Нұрлан Мұсаев, Әзімбек Жанқұлиев, Ахметжан Өзбеков, Айтмұханбет Исақов секілді дүлдүлдермен тең дәрежеде айтысқан жүйрік айтыскерге айналды. Кейінірек табысқан асыл жары Дүйсебай Айтхожин ән салатын, өнерді түсінетін, ақынды түсінетін жанашыр адам болып жолықты. Дүйсебай мен Күміскүл қосылып ән салып, талай сахнаның, талай тойдың ажарын кіргізіп жүр. Күміскүл Сәрсенбаеваның облыс мәдениетіне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Алты жыл Қордай аудандық мәдениет бөлімін, он жыл бойы Қордай аудандық Мәдениет үйін абыроймен басқарып келеді. 2006 жылы Қордай ауданы бойынша «Жыл адамы» атанған. Ұзақ жылға еңбегі елеусіз емес. 2018 жылы ҚР Президентінің Құрмет грамотасына ие болса, биыл «Мәдениет саласының үздігі» атанды. Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Күміскүл ақын  бәрінен де Кененнің ауылында туылып, Кенен атасының ізін жалғап, танымал айтыскер болғанына шүкіршілік етеді.

Есет ДОСАЛЫ

Қордай ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support