Жамбылдық балуандар неге Алматының атынан күреседі?

12

Табиғат АБАИЛДАЕВ

 

Жайшылықта «қазақ балуан халық» дегенді жиі айтатынымыз бар. Әрине «Көтердім 51 пұт гірдің тасын» деп жырлаған балуан Шолақ өмір сүрген кезеңдегі балуандардың жөні бір бөлек. «Күш атасын танымайтынын» Қажымұқан да дәлелдеп кетті емес пе? Бұл енді әңгімені әріден қозғағанымызда ғой.

Берірек келсек, грек-рим күресінің хас шебері марқұм Жақсылық Үшкемпіров 1976 жылғы Монреаль Олимпиадасына қатысу құқығынан қағылғанда өзінің шын мықты екенін біле тұра, әділетсіздікке төзбей, күрестен алшақтағысы келді. Бірақ, оның депрессияға түскенін естіген Дінмұхамед Қонаев өзіне шақырып алып: «Өзің бір жапырақ екенсің ғой» деп еркелетіп, Мәскеу Олимпиадасына қатысатынын, тікелей өзінің жанкүйер болатынын айтқанда Жақаңның көзінде қайтадан жалын ұшқындады емес пе? Сөйтіп ол классикалық күрестен Олимпиада чемпионы атанды. Одан бері қырық жыл өтіпті. Қазақ баласы күрес түрлерінен Олимпиада ойындарында атой салмады.

Балуандарымыз алтын жүлдеге бір-екі қадам жетпей қалды демесек, құландық Ислам Байрамуков еркін күрестен Сидней Олимпиадасында күміс жүлдені қанағат тұтқанын, сол еркін күрестің шебері Ақжүрек Таңатаров Лондон Олимпиадасында алтынға бергісіз қола жүлдені жеңіп алғанын, дзюдо күресінің шебері Елдос Сметов Рио Олимпиадасында күміспен күптелгенін өте жақсы білеміз. Аты аталған саңлақтарымыз өзге де көптеген аламандарда жасындай жарқырағаны жанкүйерлердің жадында десек, қателеспейміз. Әрине, олардан кейін де бірнеше жамбылдық балуан жарқырады. Дегенмен…

Алайда, ел ішіндегі жарыстар мен халықаралық аламандарда біздің облыста дүниеге келген сайыпқырандар Алматы облысы мен Алматы қаласының намысын қорғап жүргенін талай көрдік. Көрдік те сан мәрте таңдандық. Өйткені олар ешкімнен кем емес. Өз деңгейлерінде күресіп жүргені аян.

Мәселен, еркін күрес шебері Нұрлан Тұрған бозкілемде Алматы облысының намысын қорғап жүрсе, Әділет Қалтаев та сол өңірдің атынан сынға түседі. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ілияс Жұмай да Алматы облысының атынан белдесіп келген болатын. Ол жақында жол апатынан бақиға аттанды. Жастар арасында жақсы күресімен көзге түскен Дәулетқазы Есқали де Алматы облысының балуаны атанып кеткен. Алматы қаласының атынан бозкілемде тер төгіп жүрген Нұрдәулет Көктеубаев белгілі балуан Әділет Дауланбаевтің інісі екенін жұрт біледі. Ал, Олимпиада ойындарының жолдамасын иеленген Әлішер Ерғали жақында ғана өңіріміздің атынан төртжылдықтың басты додасында бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Оған дейін ол да «алматылық» атанып кеткен еді. Міне, сайдың тасындай іріктелген бұл балуандардың барлығы Жамбыл топырағынан өсіп-өнген.

Біраз уақыт бұрын дәл осы «жамбылдық балуандар неге Алматының намысын қорғайды?» деген сауалды облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековке де қойған едік.

«Ондай мәселенің болғаны рас. Кезінде Әділет Дауланбаевты шақырып, өзім де сөйлескенмін. Мұның бір себебі бар. Осы мәселелер 2017 жылға дейін орын алған екен. Біз 2017 жылы арнайы қаулы бекіттік. Соған сай саңлақтарымызды назардан тыс қалдырмаймыз. Жалпы өздеріңіз білесіздер, Алматы қаласы болсын, Алматы облысы болсын, ол жақта жақсы айлық бар, демеушілер тарапынан көрсетілетін көмектер жеткілікті болып келді. Ал 2017 жылы облыс әкімі бекіткен қаулыға сәйкес жас спортшыларымыздың барлығы енді өңірімізде қалғысы келіп отыр. Өйткені бізде енді әр спортшының жеткен жетістігіне байланысты жалақы төленіп отырады. Айталық, дзюдо күресінен Олимпиада ойындарында күміс жүлде иеленген Елдос Сметов пен паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина өте қомақты айлық алады. Сол қаулы өз нәтижесін береді деген сенімдеміз»,-деп көкейдегі түйткілді ойды сейілтуге күш салған еді.

Еркін күрестен Токио Олимпиадасының жолдамасын иеленген Әлішер Ерғали талай жылдар бойы өңір намысын қорғауды армандағанын, сол арманы орындалғанын бізге былай жеткізген еді.

«Иә, әр адам халықаралық жарыстарға мемлекетінің атынан қатысқанымен, өзінің туған жерінің спортшысы ретінде бақ сынағысы келеді ғой. Облыс спортының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген ағалардың араласуымен Токио Олимпиадасына қатысатын ел спортшыларының қатарына енді Алматы қаласының емес, өзіміздің Жамбыл облысының атынан қатысу мүмкіндігіне ие болғаныма бек қуаныштымын. Маған барлық жағдайды жасап жатқан ағаларыма тек алғысымды білдіремін. Туған жердің атынан үлкен додада бақ сынау мені қанаттандыратыны сөзсіз».

Әрине, Әлішердің облыс атынан күресу мүмкіндігін алғаны бәрімізді қуантқаны жасырын емес. Алайда талай толайым табыстарға қол жеткізгеніне қарамастан, Әлішерді облысқа кештеу қайтарғанымызды ешкім жасыра алмайды. Өйткені ол Олимпиада ойындарының жолдамасын Алматы қаласының спортшысы ретінде иеленді. Облыс спортының басы қасында отырғандар Астанада өткен әлем чемпионатына дейін неге Әлішердің облыс атынан бақ сынауы үшін күреспеді екен? Былайша айтқанда жолдама Алматынікі, бала біздікі болды ма? Әлде Әлішер Ерғалидің Олимпиада жолдамасын қалтаға салатынына күмәнданды ма екен?

Әлбетте, тиісті қаулының шыққаны, оның жүзеге асқаны жақсы. Әйткенмен, біз назар аударатын бір мәселе бар. Спортшылардың көбі өзі таңдаған спорт түрімен мектеп жасынан бастап айналыса бастайды. Бірі жетінші, енді бірі тоғызыншы сынып оқып жүрген шақта Алматыдағы спорт интернаттарына ауысып жатады. Енді сол балалардың жетістігін тікелей қадағалап отырған дұрыс. Тиісті басқарманың жауапты мамандары осыны назарға алып, сараптама жасап отырмаса, әлі талай мықтыларымызды Әлішер секілді Олимпиада жолдамасын иемденген соң облысқа оралтудың жолдарын қарастырып, қателікті қайталауымыз ықтимал.

Жамбыл спорты, оның ішінде жамбылдық балуандардың мықты екені талас тудырмайды. Жақсылық Үшкемпіров қырық жыл сарыла күткен Олимпиада чемпионы бәлкім қазір біздің облыстың бір ауылында күресіп жүрген шығар. Соларға назар аударғанымыз жөн. Әйтпесе жастарымызды басқа облыстар қомақты қаржымен қызықтырып, қағып алуы мүмкін. Осы жағында шындап ден қоятын кез келіп жетті…

 

Comments are closed.