- Advertisement -

Игерусіз жатқан жер көп, бірақ жайылымдық жер жоқ

251

- Advertisement -

Маржан РАҚАЙ

Жер дауы қазақпен бірге жасасып келе жатқан мәселе дерсіз. Ертеректе «Ерте барсам жерімді жеп қоям» деп қорқатын қазақ қазір де жайылымдық жер таппай жүрген жайы бар. Кәсібін мал бағумен байланыстырған қазақтың бұл мәселесіне бүгінде егістік жерлерін игеру ісі тағы қосылған. Сөйтіп,  жайылымға жер жоқ, игерусіз жатқан жер көп деген мәселе туындап тұр.

Мыңғырған малға жайылым таппай жүрген ауылдың бірі Т.Рысқұлов ауданының Ақшолақ ауылының тұрғындары. Жердің көбі жекенің қолына өтіп кетуімен қоса, шаруаларға ыңғайсыздық туғызып отырған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойында орналасуы да болып тұр. Күрежолдан жүйткіген көліктер малдың арғы беттегі жайылымға өтуіне мүмкіндік бермейтіні бір басқа, жол бойынан өткен малдың сол көліктердің өзіне қауіп төндіретіні тағы бар. Бұл бір ғана Ақшолақтың мәселесі. Жол бойында болмай-ақ, айдалада жатқан талай ауылдың осы секілді түйткілді мәселесі көп.

Облыс бойынша елді мекендерге жетіспейтін жайылым жер көлемі 498,9 мың гектарды құрайы. Оның ішінде Байзақ ауданына 160914, Жамбыл ауданына 41140, Жуалы ауданына 120950, Қордай ауданына 14542, Меркі ауданына 146 638, Тараз қаласына 14736 гектар жайылымдық жер керек. Осы орайда жайылымға шығатын шартты мал басының 566 405 екенін айта кетейік.

Жалпы, босалқы жер қорында 1 340 056 гектар жайылымдық жер бар. Оның 511749 гектарын айналымға енгізуге мүмкіндік бар екен. Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев бұл жерлерді аудан әкімдіктері елді мекеннің жетіспейтін жайылым жеріне босалқы жайылымдар есебінен конкурссыз бекітіп беру қажеттігін айтып, арнайы тапсырма берген болатын. Ол тапсырманың орындалуын алдағы уақыт көрсете жатар.

Есесіне, жоғарыда айтқанымыздай, бүгінде игерусіз жатқан жер телімдері көп. Облыс бойынша жалпы 772664 гектар егістік алқабы бар. Ал осы жылдың соңына дейін оның көлемін 807045 гектарға жеткізу жоспары бар.

Ал 2020 сәуір айында жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде  22103 гектар игерусіз жатқан жер телімдері анықталған.

Осы орайда жер инспекциясына аудан әкімдіктерімен бірлесіп 15,3 мың гектар игерілмеген және иелері қайтыс болған 339 гектар жер телімдерін мемлекетке қайтару немесе қайта рәсімдеу мәселелерін жандандыру тапсырылған болатын.

Заман сұранысына сай көкөніс пен жеміс-жидек егіп, өз шаруасын шалқытып, әрі сырттан келетін өнімге тәуелділікті жоюға шаруалар құлықсыз ба? Әлде тиісті мамандар істі ұқсатып бере алмай отыр ма? Жалпы, егістік жерлердің игерілмеуіне не кедергі? Бұл төңіректе туындайтын сұрақ көп. Жауабы да әрқилы. Аудан әкімдіктерінің мамандары шаруалар тарапынан қызығушылық бола бермейтінін, кей жағдайда енжарлық басым екенін айтса, диқандар өз кезегінде мемлекеттік қолдауды сезінбейтінін жеткізеді. Бірақ екі тараптың да ортақ мәселесі судың тапшылығы төңірегінде тоғысып жатады. Яғни, бос жатқан егістік алқаптарын игерудегі ең негізгі мәселе – су тапшылығы. Бұл орайда біздің Жамбыл облысы көрші Қырғыз республикасына тәуелді екені жасырын емес. Ал өнімді сақтау, өткеру сынды мәселелер екінші кезекте. Бұл ретте де заманауи, халыққа қолжетімді қоймалардың болмауы сынды мәселелер де жоқ емес.

Су тапшылығын болдырмау мақсатында қолға алынған шараның бірі – су үнемдеу технологияларын енгізу болатын. Ол үшін агрохолдинг құру қажеттігі туындайтыны тағы бар. Яғни, көп жағдайда шағын шаруалар мұндай технологияға қол жеткізуі қиын. Өкінішке қарай, суландыру жүйелерін дамыту мен агрохолдинг құру жұмысы да көңіл көншітерлік деңгейде емес. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев: «Бұл тапсырманың орындалу уақыты 15 шілдеге дейін болатын, алайда ұсынылған ақпаратқа сәйкес тапсырманың орындалу деңгейі өте төмен және сапасыз. Аталған тапсырманы толықтай және сапалы орындау мерзімін тағы біршама ұзарттық. Тиісінше тапсырманы орындамаған аудандардың жауапты тұлғаларының тәртіптік  жауапкершілігін қарау қажет деп есептеймін», дейді.

Әлбетте, су үнемдеу технологияларын енгізумен суармалы жердің мәселесі түбегейлі шешіліп кетеді деуден аулақпыз. Бұл жерде де ең үлкен рөл су қоймаларын салу мен оны суға толтыруға келіп тіреледі. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен бұл бағытта бірқатар қомақты жобалар қолға анылып, жүзеге асырыла бастады. Егер іс жоспардағыдай орындалып жатса, жамбылдық шаруалар Қырғыздың суына тәуелділіктен біржолата арылуы бек мүмкін.

Осы ретте мемлекет сұранысына сай әрі өздері үшін де тиімді жұмыс істеу үшін шаруаларға бас біріктіріп, агрохолдинг құру арқылы жұмыс істеудің ауадай қажеттігі аңғарылады. Алайда, ол туралы жергілікті жерде түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі байқалады. Яғни, аудан, ауыл әкімдері шашырап кеткен шаруа қожалықтарын бір жерге жиып, бірігудің қандай үлкен пайда әкелетінін барынша кеңінен түсіндірулері қажет-ақ. Оны түсіндіріп қана қоймай, игілігін көріп отырған холдинг жұмысымен таныстырып, көзбен көрсеткендері де абзал-ау.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support