Тараздық оқушы АҚШ-тағы халықаралық байқаудың екінші кезеңіне өтті

Тараздық оқушы АҚШ-тағы халықаралық байқаудың екінші кезеңіне өтті
ашық дереккөз
Тараздық оқушы АҚШ-тағы халықаралық байқаудың екінші кезеңіне өтті
 width= Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8 сынып оқушысы Сәния Қайнарқызы әлемнің 50-ден астам елінен жас өнерпаздар қатысатын олимпиадаға қатысуға шақырту алды. Осы орайда АҚШ астанасы Вашингтонда өтетін байқауға қатысу мүмкіндігін алған жас өнерпаз ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді. «Сурет салу өнерімен 7 жыл бойы айналысып келемін. Тараз қаласындағы көркемөнер мектебін үздік тәмамдадым. Қазір Назарбаев зияткерлік мектебінде оқимын. Бұған дейін көркемөнер мектебінде білім алып жүргенде сурет салудан түрлі деңгейдегі қалалық, облыстық және республикалық сайыстарға қатысып жеңімпаз атандым. Бүгінде сурет салу менің ең сүйікті ісім. Жетекшім берген білім мен қолдаудың арқасында ендігі уақытта халықаралық деңгейдегі байқауларда да бақ сынай бастадым. Жуырда АҚШ-та өтетін өнер олимпиадасына (Art olimpiad) қатысуға шақырту алдым», - деді С. Қайнарқызы. Оның айтуынша, байқаудың алғашқы кезеңі онлайн түрде өткен. «Бірінші кезеңде авторлық жұмысымыздың түпнұсқасын жібердік. Көп ұзамай сіз екінші кезеңге өттіңіз деген хат алдым. Енді шешуші кезең АҚШ астанасы Вашингтон қаласында өтеді және оған 50-ден астам елден жас өнерпаздар қатысады. Онда белгілі бір тақырыпқа сол жерде сурет салатын боламыз. Одан бөлек, байқауға қатысушылар «Әлем менің көзіммен» тақырыбында авторлық картина салады. Негізі байқау биыл өтуі тиіс еді, бірақ коронавирус індетіне байланысты келесі жылға шегерілді. Есесіне менде сурет салу біліктілігімді шыңдайтын қосымша уақыт бар. Сондай-ақ, каратэ спортымен айналысамын. Бұл спорт түрінің адамның шаршағанын басып, сергек жүруіне ықпалы зор. Осы орайда байқаудың бірінше кезеңіне жіберген жұмысымды сүйікті спортыма арнап, атауын «Каратэ - менің жақсылығымның философиясы» (Каратэ – моя философия добра) деп қойдым», - дейді ол. Жас өнерпаз сурет салу мен спорттан бөлек, домбыра тарту, би және гимнастика өнерімен шұғылданады. «Бұл байқауға қатысудың мен үшін орны ерекше. Өйткені, оған әлемнің түкпір-түкпірінен өзім секілді жас суретшілер келеді. Және байқау барысында әлемге танымал суретшілермен танысып, ақыл-кеңес сұрап, тәжірибе алмасу мүмкіндігі бар. Менде өз кезегімде басқа ұлт өкілдеріне елім, туған жерім туралы айтып, таныстырғым келеді. Сайысты асыға күтудемін, бір жағынан ел намысын қорғайтын болғандықтан қобалжуда бар. Осы орайда жақындарым мен достарым маған қолдау білдіріп, шабыттандырады», - деді тараздық оқушы. Одан бөлек, жас суретші болашақта архитектор болғысы келетінін тілге тиек етті.

Ұқсас жаңалықтар