- Advertisement -

ЖЫРТЫС ҮШІН ЖАҒА ЖЫРТЫСУҒА ДЕЙІН БАРДЫ

297

- Advertisement -

Фариза Әбдікерімова
Біз расында салт-дәстүрге бай халықпыз. Оны қасқайып тұрып, кеудемізді керіп айта аламыз. Алайда, дәстүрдің де, озығы мен тозығы болатынын жайшылықта ескере бермейтініміз шындық. Дәстүріміздің кәдесі қуанышта да, қайғыда да қатар жүреді. Қуанышты сәтте не жасасақ та жарасып тұрады, әрине. Ал, қайғыда астамшылық жасау, дүние шашу, болмашы бұйымға таласу тіпті ерсі екен. Оны көзбен көргенде еріксіз күрсінесің.


…Жетпістен асқан шағында өмірден озған апаның жаназасы оқылып, жиылған ер азаматтар бейітке қарай бет алды. Дауыс салып жылап жатқан сол үйдің қыз-келіншектері кенет жасын сап тыйып, жыртыс тарату кәдесіне кірісті. Өздері жанталысып, жүгіріп жүріп жаназаға жиылған қыз-келіншектерге тілдей екі матаны үлестіре бастады. Алдында ауыл имамының қаза шыққан жерде дастархан жаю мен жыртыс жырту, басқа да, кәде-сыйларды жасауға қатаң тыйым салғанын құлағым шалған болатын. Бұлардың асығыстығының сыры имам бейіттен оралғанша, өз міндеттерінен құтылу екен. «Имам келгенде, бізге ұят емес пе?» деп тартыншақтап тұрған жас келінді, шайпауыз бір апа: «Ол кімнің қолындағы мата-шұтаны түгендеп жүреді дейсің» деп тыйып тастады. Сонымен жыртыс тарату кәдесі одан әрі жалғасты.
Бұл ауылдың салты бойынша әр атадан келген үлкен әжелерге жолына қарай төбежыртыс (көлемдірек мата) беріледі екен. Содан кіші атаның өкіліне төбежыртыстың қымбаттауы беріліп кетіп, бір кезде апалар «соғысы» басталмасы бар ма?. «Әй, матаны жолына емес, келгендердің түсіне қарап беріп жатсыңдар ма? Бұл менің жолым еді. Әкел, қәне, маған да тура сондай матаны» деп айқайға басты бір кемпір. Қарсы жақ та қарап қалған жоқ… Жыртыс үшін жаға жыртысуға дейін барған айқай-шу ер азаматтар бейіттен келген кезде әрең басылды. Қаза шыққан үйдің қыз-қырқын, келін-кепшігі анасын жоқтамақ түгілі, кемпірлерді тыныштандыру үшін матаның соңында кетті…
Біз осы жайдың шариғат тұрғысындағы үкімін Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының облыс бойынша өкіл имамы, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтен сұраған едік.
— Жалпы, жыртыс тарату кәдесі шариғатта жоқ, бірақ халқымыздың дәстүрінде бар. Жыртысты берушілер оны алған адам екі рәкәт намазын оқып, марқұмға дұға жасасын деген ниетпен беретін болған. Ал, қазір оған ешкім мән бермейді. Жыртысты таласып-тармасып жаппай ала береді. Ол бұйымды қандай мақсатта пайдаланып жатқаны тағы беймәлім. Сонымен қатар, кей өңірлерде жаназада шапан тарататын да үрдіс қалыптасқан. Одан кейін қаза болған үйде алғашқы күндері астатөк дастархан жаю да дұрыс емес. Бұл жөнінде Діни басқарма тарапынан арнайы жаназа пәтуасы бекітіліп, біз мұндай келеңсіздіктерді болдырмау мәселесін біртіндеп жолға қойып келе жатырмыз,-деді ол.
Осы тұрғыда ойланатын кез келген сынды. Жоғарыда біз тілге тиек еткен жағдайдан-ақ көп сабақ алуға болады. Себебі, бүгінгідей дерт меңдеп, әлем әбігерге түсіп, өмір мен өлім арпалысып жатқан шақта қаралы үйдің ауласында жыртыс үшін жаға жыртысуға дейін барып, кежігелесу жақсылықтың белгісі емес…

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support