- Advertisement -

Әкімдер және әлеуметтік желі

205

- Advertisement -

Кей әкімдер әлеуметтік желіні тек жұртты мерекемен құттықтау үшін ғана пайдаланатын сияқты. Яғни, атаулы мерекелерде ғана жылт етіп көрініп, басқа уақытта жым жырт жатып алады. Белсенді емес. Негізі әлеуметтік желілер арқылы аудан, қаланың тыныс тіршілігін біліп отыруға болады. Жұрт көрген кемшіліктерін айтып жатады, видеосын жариялап жатады. Міне, әкімдер әлеуметтік желінің осы мүмкіндігін тиімді пайдалануы керек қой. Ал, біздің өңірде билік пен бұқараның арасындағы бұл байланыстың жағдайы қалай? Әкімдер әлеуметтік желілерде қаншалықты белсенді? Аудан, қала әкімдері дер кезінде қордаланған мәселеге назар аударып, халық үніне ұдайы құлақ асып отыр ма?

Қазіргі таңда қарапайым халық үшін билікке базына айтудың төте жолы – әлеуметтік желі болды. Бұрынғыдай айлап, апталап әкімдікің табалдырығын тоздырып, қабылдауына жазылып, кезегін сарыла күтіп әкімнің жолын тоспайды, түйткілді мәселесін желіде жайып тастайды. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың   «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да  жұрттың  белсенділігін арттыра түсті. Аталған тұжырымдамаға сәйкес  шенеуніктер барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді кері байланыс орнатуы керек.

Қазір халықтың басым бөлігі әлеуметтік желіні тұтынады. Жекелеген адам түгілі, тұтас бір ұжымның күнделікті тыныс-тіршілігі бүгінде әлеуметтік желіде көрініс табуда. Қарап тұрсақ, ата да,  бала да, ана да әлеуметтік желіге кіріп, өздерінің билікке деген  көкейіндегі  түйткілді мәселесін қозғап  отырады. Ал,  оларға биліктің кері байланысы қандай? Жалпы,әлеуметтік желідегі әкімдердің белсенділігі қандай? Олар әлеуметтік желідегі жеке парақшасын қаншалықты жаңартып отырады?  Осы сауалдар төңірегінде өз тарапымыздан аудандар мен  Тараз қаласы әкімдерінің фейсбук және инстаграм желісіндегі парақшасына шолу жасаған едік.  Сонымен…

Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев фейсбук парақшасына қарағанда, инстаграмда белсендірек көрінді. Мәселен, фейсбуктағы соңғы жазбасында аудан тұрғындарын ұлық мереке Құрбан айтпен құттықтаған ғана  жазба қалдырыпты. Ал, қалған жарияланымдарының дені белсенді әлеуметтік қолданушыларының тегтеп (белгілеп) жазған дүниелері екен. Есесіне, Сәкен Қаланұлы инстаграм парақшасында біраз жұмыстарды атқарғаны жөнінде 29 жарияланым жариялаған. Мұнда 566 оқырманы бар. Әлеуметтік желіде құрылыс саласы бойынша, мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі жобалардың іске асырылу барысы жөнінде аудан әкімдігінің сайтында тікелей эфир өткізіп тұратынын хабарлаған жазба да қалдырыпты. Осы бойынша аудан тұрғындарын тікелей эфирге шығып, көкейіндегі сұрақтарын қоюға шақырып, кері байланыс орнатқан.

Ал, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұловтың фейсбук парақшасынан  өзін  көп көре алмадық. Парақшада «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының атқарған жұмыстары жөніндегі бірнеше жарияланым жарық көрген. Оның ішінде Ерболат Салқынбекұлының партияның аудандық филиалының төрағасы ретінде қоғамдық қабылдаулар  өткізгені туралы үшінші жақта жарияланған  бірнеше жазба  бар. Е.Салқынбекұлы әлеуметтік желі қолданышуларына аракідік жауап беріп тұрады екен. Кейде тіпті кері байланысқа шықпайтын да кездері жоқ емес.  Мәселен,  жас ақын, сол ауданның тумасы Т.Абайлдаев ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ауданының әкіміне эстафета жолдапты. Оған  Салқынбекұлы тарапынан ешқандай байланыс болмаған.  Бұл жөнінде көпшілік тарапынан  әкімге біраз сыни пікірлер де айтылыпты.  Ал, есесіне осы автордың аудандық білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаровтың «жұпыны» аккаунтына қатысты сауалына  аудан әкімі толыққанды жауап қайтарыпты. Белгілі журналист Руслан Әбдіхалық та  Әбжапар ауылындағы ауыз су мәселесінің мүшкіл күйін айтып, Е.Садырқұловқа бейнежазба жолдаған екен. Оның да жауабын аудан әкімі арада біраз уақыт өткеннен кейін беріпті. Байқағанымыз  әкімдер кері байланысқа келгенде, аздап кідіріп қалатынға ұқсайды. Ерболат мырза да инстаграмда белсенді болып шықты. Өзінің атқарып жатқан жұмысы жөнінде, басқа да мәселелер бойынша бір күнде бірнеше жазба жариялаған сәттері де кездесті. Оларға әлеуметтік қолданушылар тарапынан да жылы лебіздер бары байқалды. Жалпы жарияланымының саны 397 (бұл өзгелермен салыстырғанда ең көп жарияланым болғанын байқадық) болса, мұнда 2098 оқырманы бар екен.

Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықовтың фейсбук парақшасынан Әбу Насыр әл Фараби мен Абайдың өміріне қатысты қызықты деректер, ұлы ақынның қара сөздерінен үзінділер, Шәмші Қалдаяқов және басқа да тұлғалар өміріне жалпы  руханият әлеміне қатысты жазбаларды  көптеп  кезіктірдік.  Одан бөлек әртүрлі өзекті мәселелер турасында жарияланымдар баршылық. Жариялану мерзімінде де жиілік бар. Алайда, Бақытжан мырзаның аккаунтын  инстаграмнан таба алмадық.

Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев фейсбук парақшасында көп көрінбейді екен, тіпті жоқ десе де болады. Есесіне, парақшасы басқа әлеуметтік желі қолданушыларының жарияланымдарына толы. Аудан басшысы сәуір айында аудан әкімдігінің ресми сайтында түрлі мәселелер бойынша бір рет тікелей эфирге шығыпты. Бұл әкім турасында көпшіліктің пікірі екі түрлі. Кейбірі мақтаса, кейбірі даттаған. Мәселен, Мыңарал ауылының бір тұрғыны 20 шілдеде  ауыл айналысында заңсыз қоқыстардың шашылып жатқанын айтып дабыл қағып,  аудан әкімін тегтеп бейнежазба жолдаған екен. Алайда, Мұсаев тарапынан оған ешқандай кері байланыс болмапты.  Ал, инстаграмдағы 732 оқырманына  барлығы 40 жарияланым ұсынған.

Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебековтың  парақшасынан да   өзге желі қолданышуларының жарияланымдарынан көз сүрінеді. Құдды өзінің аккаунты іспетті емес. Нарбай мырзаның өз тарапынан кәсіби және мемлекеттік мерекелерде бірлі-жарым құттықтау ғана салғанын байқадық. Алайда, Ергебеков әлеуметтік желі қолданушыларымен кері байланыс орнату жағына келгенде елгезек екен. Мәселен, Қайрат Шайхиев есімді азаматтың ауыз су мәселесіне орай жазған сыни жазбасына дер кезінде толыққанды жауап қайтарыпты. Нарбай Әбілқасымұлының инстаграмда 1495 оқырманы бар және оларға арнап  91 жарияланым жариялапты.

Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітовтың фейсбук парақшасы алдыңғы әріптестеріне қарағанда біршама көш ілгері, бейнелеп айтқанда  үлгі алуға тұрарлықтай-ақ екен. Күн құрғатпай аудан көлемінде қандай жұмыстар атқарылып жатқаны турасында бірнеше пост жариялап  отырған. Көтерілген мәселелерге орай қойылған сұрақтарға да жауап беріп, халықпен де тығыз байланыс орната алыпты. Алайда, инстаграмда небәрі 155 оқырманы бар болып шықты. Оларға 27 жарияланым ұсыныпты.

Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет фейсбук парақшасын ашқанымен, осы күнге дейін бірде-бір жазба қалдырмапты. Наурыз айында Рүстем Рысбайұлы аккауынтындағы фотопрофиілін жаңартқан. Әзірге содан басқа ештеңе көре алмадық.  Рүстем Рысбайұлын аты-жөні бойынша іздестіріп, инстаграмнан аккаунтын мүлдем таппадық. Бәлкім, Рүстем ағамыз бұл жаққа әлі тіркеле қоймады ма екен?!

Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров та фейсбукта  байзақтық әріптесі, әрі  аттасы Нұржанның деңгейінен табылды. Парақшасына жиі қарайлап, маңызды мәселелермен хабардар етіп отырады екен. Бұл турасында желі қолданушыларының пікірлер легінде  «Іске сәт!» деген сынды  жылы лебіздері де көптеп жарияланыпты. Ал, инстаграмда бар ма, жоқ  па беймәлім болып қалды. Себебі, ол кісінің аты-жөнімен іздеу салғанымызда, ешқандай жарияланымы жоқ бір жабық ауккаунтқа  тап болдық.  Аудан әкімінің парақшасы олай бола қоймас. Сондықтан, ол кісі инстаграм әлемінде жоқ болуы да мүмкін.

Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов парақшасында түрлі сайттарда жарияланған дайын дүниелерді бөлісуге бейіл екен. Сонымен қатар өзі тарапынан бірнеше мемлекеттік және кәсіби мерекелермен құттықтаған жылы жазбаларды ғана көрдік. Бақытжан Алпысбайұлы инстаграм парақшасын да аздап ақсатып алыпты. Мәселен, bakytalpysbaiuly деген аккаунтпен ашылған парақшасына өткен жылы желтоқсан айында бірнеше жазба қалдырған. Барлығы 25 жарияланым.  Ал, биылғы жылға   943 оқырманына арнап ештеңе ұсынбапты.

Меркі ауданының әкімі Өмірбек  Мейірхан мырза әлеуметтік желіге уақыт жоғалтпайтын болса керек. Фейсбук парақшасы жалпыға ортақ дүниелер қалдырса, инстаграмда небәрі 13 жазба жариялаған. Соңғы жарияланымы өткен жылдың маусым айына тиесілі. Ал, оның алдындағысы 2018  жылғы қыркүйектегі жарияланым екен. Сонда  Өмірбек Азатұлы парақшасына араға бір жылдай уақыт салып барып оралған болып тұр. Оқырмандарының саны 1456.

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың фейсбуктағы белсенділігі орта деңгейде. Облыс орталығындағы тіршілік аудандарға  қарағанда, біршама қарбалас екені анық. Қазір қаланың қай аймағына барсаң да құрылыс қарқын алып, түрлі саланың тірлігі  қайнап жатыр. Әлеуметтік желіде соның барлығын жақсылап көрсетуге ден қойса, Айтқазы ағамыздың  парақшасы жанданып шыға келері анық. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қаланың тыныс-тіршілігін ұдайы назарда ұстайды. Бұл турасында Айтқазы мырзаға «қала әкімі қаланы бес саусағындай білуі тиіс» деп талай нақты тапсырмалар да  жүктегенін газетімізде бірнеше мәрте жазған болатынбыз. Қала әкімі  инстаграмдағы белсенділігін  4 жарияланыммен бастамай жатып аяқтаған сынды. Соңғы жазбасы осы жылдың 16 қаңтарына тиесілі екен. Шаһар басшысының инстаграмдағы  3983  оқырманы үшін біз алаңдап қалдық.

Әкімдердің әлеуметтік желідеге әлеуетін бейресми тұрғыда біраз бағамдап шықтық. Кімнің белсенділігі қай деңгейде екені оқырманға өздігінен аян болды. Ал, біздің пайым бойынша барлығы шамалас, деңгейлес сынды. Жасыратыны жоқ, ел арасында «әкімдердің көпшілігі өз парақшасын өздері жүргізбейді» деген пікір бар. Оның себебін белсенді әлеуметтік желі қолданушысының бірі: «Бір қарасаң әкімдер тым белсенді болып, әлеуметтік желіде бірнеше жарияланымды қатар жүктейді де кейін парақшасына қайтып ат ізін салмай кетеді. Одан қала берсе, сөйлемдері шымыр. Қалам ұстағандардың жазғаны бірден байқалады. Олардың жиындарда  сөйлейтін баяндамасын біреу жазып беретіні бұрыннан белгілі. Ал, жеке парақшасын қарапайым тілмен өздерінің жақсылап жүргізуіне  болады ғой» деген еді. Сонымен қатар ол Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаевтың твиттердегі жазбасына жиі көз салатынын, Президент жазбасы өзінің жүрегінен шыққаны бірден білінетінін  алға тартты. Көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң, біз  әкімдердің  парақшасын кім жүргізіп отырғанына емес, жалпы әкімдердің әлеуметтік желідегі белсенділігіне назар аудардық. Сөйтіп, барлығы деңгейлес деген байламға келдік. Себебі, бірі фейсбукта көрсетпеген белсенділігін инстаграмда түгендесе, бірі керісінше нәтиже көрсетті. Бәлкім, кейбір әкімдердің әлеуметтік желідегі парақшасына баса мән бермейтіні аудан әкімдігінің вебсайтының жұмысына иек артатындығынан болса керек. Вебсайттардың әлеуеті де алдағы уақытта сараланбақ.

Соңғы уақытта жұрт «жел тұрмаса, әлеуметтік желінің басы қимылдамайды» дейтін болды. Сондықтан, әкімдерге әлеуметтік желіде  тұрғындарды тек айтулы  мерекелермен ғана құттықтай бермей, қордаланған мәселеге  жиі назар аударып, халық үніне ұдайы құлақ асып отырсаңыздар, беделіңіз бен белсенділігіңіз өздігінен-ақ  артар еді деген қарапайым кеңес бергіміз келеді.

Фариза Әбдікерімова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support