Десек жас аналарға қамқорлық керек
Әрбір отбасын қоғам діңгегінің құрамдас бөлігі ретінде алып қарайтын болсақ, баянды болашағымыздың түтіні түзу шыққан шаңырақтармен сабақтас екендігін ұғыну қиын емес. Ал сол шаңырақтың шаттығы – көп бала. Бүгінде нарықтың қыспағын сылтау көріп көпшілік жастар 2-3 баламен шектеліп жатқан заманда, оншақты баланы бағып-қағуға бекінген ата-ананы алып жүректі демеске амал жоқ. Осы орайда, қашанда шаңырағының шаттығын, балаларының бақытын күзетіп келе жатқан отағасы Мүсрәлі Серікбаев пен алтын құрсақты аяулы жары Ғалия Изатованы көпке үлгі етуге болады.
Көп сәби сүю – Ғалияның о бастағы арманы еді. Кішкентайынан алдындағы жалғыз әпкесі екеуі бауырларының, әсіресе, ұлдың саны артқанын аңсап өскен. Алайда, әкесі мен шешесіне денсаулық пен тұрмыстың әлсіздігі екі қызды қанағат тұтқызады. Есесіне, Ғалияның маңдайына сегіз сәбиді өмірге әкелу жазылыпты. Бір қызы бақилық болып, бүгінде бұл шаңырақта Назерке, Ерзат, Жанель, Ержан, Қаламқас, Айша, Расул есімді жеті бала тәрбиеленуде. Демографияға қосқан қомақты үлесі үшін әзірге күмістен алқа тағынып отырған 32 жастағы келіншекке жақында «Алтын алқа» да табыс етіледі. Балаларының алды биыл 9-сыныпқа аяқ басса, ең кенжесі өткен жылы ғана өмірге келіпті. Аралары 1-2 жастан аспайтын әр баланың есімдері бір-біріне ұқсай бермейді. Себебі, көпшілдікті жаны сүйетін ата-аналары сәбилеріне ат қоюда туған-туыстарының, көршілерінің де көңілін қалдырмапты. Қазір ұл-қыздарының төртеуі мектепке барады, сондай-ақ, қосымша үйірмелерге де жазылып қойған. Ерзат спортқа қабілетті, ал Назерке анасы сияқты тігін тігумен айналысқанды ұнатады. Жанұяның басы қосылған кешкі уақытта үлкендері кішілеріне көрген-білгенін үйретіп, ата-анасының қасында отырып уақытпен жылдамдыққа оқу бойынша жарысуды әдетке айналдырған. Күрделі болса да, күйбең тіршілікпен қатар балаларының білім-тәрбиесіне де терең көңіл бөлетін ата-ана қаймығуды білмепті. Әу бастан қиын өмірдің қазанында қайнап өскен Ғалия әлі де болса, тұрмыс тапшылығының дәмін татып жүр. Қандай да бір мамандық алудың да сәті түспеген көрінеді. Алайда, бастысы балаларының амандығы деп түсінетін батыр ананың жүзінен өмірге деген өкпенің ұшқынын да байқай алмайсың. Бүлдіршіндерінің бал күлкісінен бақыт тапқан ата-ана әр перзенттің өз несібесі болатындығына кәміл сенімді. Көп істің мәнісін білетін Мүсрәлі мен Ғалия жұмыстың ауыр-жеңілін таңдап жатпайды. Ата-аналық парызды абыроймен орындау жолында қолдан келген тірліктің бәрін өңгеріп тастауға дайын. Отағасы жақында Шу қаласындағы №49 мектепке ұста болып жұмысқа орналасса, жары да қарап қалмай, қаладағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектепке кіші қызметкер болып орналасыпты. Жұмыстан бос уақытта тігін тігіп, үйінде отырып тапсырыс қабылдайды. Десек те, мектеп жасына жетпеген үш бүлдіршінін балабақшаға жіберуге қалталары көтермейді. Сонымен қатар, Ғалияның жұмыс орнынан қысастық көруі де жанына бататын сияқты. Бүлдіршіндеріне бір тиын болсын көмек үшін биыл Т. Рысқұлов мектебіне еден жуушы болып орналасқан алтын құрсақты ананы басшылығы бір жылға жетпей жұмыстан шығаруға асығыпты. Кейбір күндері кішкентайлары сырқаттанып қалса немесе олардың әрқайсысына қатысты түрлі құжаттарды реттеу бойынша жұмыстан сұранғаны үшін жазықты болып қалған келіншектің амалы таусылып, іштей тауы шағылып жүрген көрінеді. Оның үстіне, мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының аясында кәсіптік оқу курсынан өтуге ниет білдірген Ғалияның сұранысы ескерусіз қалыпты. Қазір еліміздегі көп балалы аналарды құрметтеп, «Алтын алқа», «Күміс алқа» медальдарымен марапаттап жатамыз. Бұл марапат әйел затының батылдығына қоғамның берген өзіндік бағасы. Егер алтын құрсақты аналарға берілген мәртебелі марапат құрметтің белгісі болып қана қалмай, оларға әлеуметтік тұрғыдан көмегі тисе, аталмыш алқаларға тең келер құн жоқ болар еді. Шу ауданының басшылығы мемлекет таққан алқаның қадірін білсе, көп балалы аналардың бірі әрі ең жасы – Ғалияға қолұшын созар деген үміт те жоқ емес.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
Шу ауданы.
Суретті түсірген Петр Норкин.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді