Бұл – баршамызға ортақ қайғы
Мылтықсыз майдан! Дәл қазіргі өмір мен өлім арпалысқан сәтті басқаша жеткізе алмадым. Адамзатқа төнген індетті жеңу үшін жанталасып жүрген медицина қызметкерлерін де, ағзасына түсіп алып, әр сағат сайын ажалын жақындатқан тажалмен күресіп жатқан науқастарды да батырға теңеуге болады. Себебі материя сынды коронавирус адам өміріне қатер төндіреді, ал әрбір жанның амандығы – үлкен жеңіс! Жалпы философияда материяны адамның санасынан тыс, тәуелсіз өмір сүретін және санада бейнеленетін объективтік шындық деп түсіндіреді емес пе?! Қоғамның бүгінгі шындығы – бастапқыда көпшілігіміз сенбеген індеттің жаппай таралып, жан алқымнан алып тұрғаны.
Соңғы мәліметтерге қарағанда бүгінгі күні елімізде 56 455 адам осынау инфекцияны жұқтырса, 32 500 жан сауығып шығып, 264 науқас о дүниелік болыпты. Ал арнайы комиссияның шешімі бойынша COVID-19 вирусынан қайтыс болғандардың жалпы ресми статистикасына Жамбыл өңірінен 3 адам енгізілген. Негізі елде індет таралғалы бері басқадай созылмалы сырқаттары асқынып, көз жұмғандардың саны бұдан көп. Кім білсін, туралап келген ажал ма, әлде?! Жақындарынан айырылып қалғандар дәрісін ішіп, уақтылы емін алып жүрген туысына төтесінен келген қандай дерт екенін түсініп те үлгермей қалды...
Вирус па, әлде басқа ма, осылай әрі-сәрі болып жүргенде Қазақстанда жаз басталғалы аяқ астынан қос өкпесі бірдей қабынып, әп-сәтте демігіп қалатындар көбейді. COVID-19 індеті өршіп, аяқбелгілері коронавирустікіне ұқсайтын ПТР нәтижесі теріс пневмония жағдайлары күрт артқан. Мамандар: «Қазір пневмонияның ушығатын уақыты емес, ауруды коронавирус инфекциясы қоздырып жатыр» дейді. Қалай десе де Денсаулық сақтау министрлігі жақында пневмонияны ресми түрде «ықтимал коронавирустық инфекция» деп жіктеп еді, Қазақстандағы белгісіз өкпе ауруының коронавирус екенін мәлімдеді. Ал маусым айының өзінде пневмониядан көз жұмған 628 адам індеттен қайтыс болды деп расталғандардың санатына қосылса, қаралы тізім мыңға жуықтай түседі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, қазір дерт жұқтырып, ем алып жатқандар саны 2 мыңнан асады. Ал соңғы 10 күннің өзінде пневмониядан қайтыс болғандардың саны 30-дан асып жығылған. Осы індеттің кесірінен небәрі бір аптаның ішінде өңіріміздің медицина саласы 4 бірдей білікті маманынан айырылды. Өмірден озған әрбір жан тірі қалса, қоғам үшін үлкен олжа. Ал дәрігер аман болса, қаншама адамның өмірін сақтап қалар еді...
Елімізде коронавирус індеті тіркелгелі бері әлемді алаңдатқан жаңа вируспен күрестің алдыңғы майданында болған денсаулық сақтау саласының тәжірибелі мамандарының бірі – Гүлмира Қырғызалиева еді. Жалпы тәжірибе дәрігерлері 3-бөлімінің меңгерушісі, «Almaz Medical Group» ЖШС Жамбыл филиалының жоғары санатты, жалпы практика дәрігері жұқпалы дертке шалдыққандардың өміріне араша болып жүріп, өзі де ауру жұқтырып, 5 шілде күні өмірден озды.
35 жыл бойы өз міндетіне адал болып, қаншама науқастың дертінен айығып, қатарға қосылуына көмектескен маман кез келген адамның денсаулық жағдайына немқұрайлы қарамайтын дәрігер еді. Осы аралықта өзі де тәжірибе жинай жүріп, жас мамандарға жол көрсетіп, дәрігерлер мен мейірбикелердің бірнеше буынына тәлім берді. «Өңірдің медицина саласы үшін бұл – орны толмас қаза. Өмірге құштар жан қаншама сырқатқа үміт сыйлай білді. Ауруынан айықтырды», – деп еске алады оны әріптестері.
Жұқпалы індеттің тырнағына іліккен жандардың дертіне дауа іздеп жүріп, өзі де қатерлі жұқпадан құтылмаған маман – облыстық фтизиопульмонология орталығы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Дәулет Арымбаев. 55 жасында COVID-19 вирусынан қайтыс болды. 30 жылға жуық уақытта білімі мен білігін арттырып, тәжірибе жинаған дәрігер тірі болса, әлі де қаншама науқасты ауруынан айықтыратыны сөзсіз еді.
Кез келген әріптесіне әрқашан ақыл-кеңесін айтудан қашпайтын дәрігердің қоғам үшін бергенінен әлі берері көп еді. Облыстық қан орталығының бас дәрігері Гулам Умаров: «Ортамыздағы нағыз өз ісінің шеберлерінен айырылып қалып жатқанымыз өкінішті. Мұндай білікті мамандар, науқастың дертін тап басып тауып, дұрыс ем қолдана білетін, ауруды ғана емес, адам жанын емдей білетін. Ол індетке шалдыққандардың өміріне араша болу үшін бар күш-жігерін аямады», – дейді.
Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының өте тәжірибелі, жоғары санаттағы уролог дәрігер қызметін атқарған Ақылбай Арыновтың қазасы әріптестерінің ғана емес, онымен дәмдес-тұздас болған өңір азаматтарының да қабырғасын қайыстырып кетті. Пневмонияға шалдығып, дүниеден өткен ол осы салада 30 жылдан астам еңбек етті.
«Ақылбай Несіпханұлы өзіне және айналасындағыларға талапты, жауапты, ынталы, пациенттер арасында және ұжымда абыройлы жан еді», – дейді әріптестері. Үнемі біліктілігін арттырып, ізденісте жүретін, жаңашыл да білімді маман болғандықтан шығар, арнайы Ақылбай дәрігердің кеңесін аламын деп іздеп келетіндер көп кездесетін. «Бірнеше күн бұрын ғана ол өзінің ауырып жатқанын айтқан. Медуниверситетте оқып жүргенінде ол жатақханадағы жігіттерге талай көмектескен. Бірге оқыған группаластарымен үнемі хабарласып тұратын. Ол қандай қызықты клиникалық жағдайларды бастан кешкенін айтып, тәжірибесімен бөлісіп тұратын. Ол отбасын, немерелерін мақтан тұтатын», – деп еске алады Алматы мемлекеттік медициналық университетінде бірге оқыған группаласы, қазір Анкарада тұрып жатқан Евелина Тютявина.
11 шілде күні өмірден өткен облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының бас фельдшері Неля Исенгельдина 40 жылдық тәжірибесі бар білікті маман еді. Талас ауданында туып-өсіп, Жамбыл медициналық училищесін бітірген маман қаншама шұғыл көмекке мұқтаж жандарға алғашқы медициналық қызмет көрсетіп келген еді. Сонысына қарай әріптестері оны жедел жәрдемнің үздігі санайтын. Жоғары санатты фельдшердің «Үздік қызметкер» атағын алғаны да жайдан-жай емес екені белгілі.
«Ол өз ісінің шебері еді. Жас мамандарға тәлім беріп, көрсеткен көмегіне қарай емделушілерінің құрметіне ие болды. Оның іскерлігін, кішіпейілділік пен кәсібилігін қатты бағалайтынбыз. Қамқор, мейірімді, төзімді болатын», – дейді облыстық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Венера Балқыбекова.
Олар – мылтықсыз майданның алғы шептегі батырлар еді. Өмірлеріне төнген қатердің барын білсе де, өз міндеттерін адал атқарды. Қоғам білікті дәрігерлерін қауіптен сақтай алса, мамандар қанша жанға араша түсетінін шамалай беріңіз. Қаншама жан осынау індеттің құрбаны болды. Сондықтан бұл баршамызға ортақ қайғы.
«Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетіп жатыр. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтарымыздың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Арамызда осы ауру кесірінен жақындарынан, таныстарынан, әріптестерінен айырылған жандар да аз емес. Індет жас-кәріге қарамастан, адамдардың өмірін қылыштай қиып жатыр. Алла Тағалам марқұмдардың о дүниесін берсін. Алайда уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсемізді түсіруге тағы да болмайды. Салмақты, сабырлы болайық!
Президент жариялаған Жалпыұлттық аза тұту күні қауіпті індеттен көз жұмғандарды еске алып, отандастарымыздың жаны мен денсаулығын сақтаймын деп өмірден озған медицина қызметкерлеріне тағзым ету күні екені анық. Бұл ойландыратын, алды-артымызды бағдарлайтын күн. Барымызды бағалап, жоғымызға салауат айтатын, өткенімізді ой елегінен өткізетін, болашаққа бағдар жасайтын күн. Ұрпағының амандығын тілейтін, тәубеге келетін күн.
Ендеше Жаратқан Ием елімізге, жұртымызға сабыр, күш-қуат берсін.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді