- Advertisement -

Жайлаукөл есіме түсті

92

- Advertisement -

Жаңа елордаға көшіп барғанымда

Сонау бір жылдары тарихи кезеңдердің тоғысында өңірімізді дамытуға үлес қосқан, Жоғары Кеңестің соңғы және тәуелсіз Қазақстанның Парламент Мәжілісінің алғашқы шақырылымдарының депутаты, Сарысу ауданының тұңғыш әкімі болып қызмет атқарған Әбдіманап Көпберген – қазір Еуразия жүрегіндегі ел орданың тұрғыны. Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданған сәтке куә болған, алғашқы көшпен бірге Арқаға аттанған ағамызбен жақында онлайн режімде сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Әбдіманап аға, сіз – Оңтүстіктен барған алғашқы көшпен бірге Арқа төсіне қоныс аударғандардың бірісіз. Сонау сәтте, Парламентте тарихи шешімнің қабылдануына куә болдыңыз. Өткенге бір сәт оралсақ…
– Уақыт деген зымырап өтіп жатыр ғой. Арада аттай 23 жыл өтіпті. Кешегі нәресте ат жалын тартып мінер азамат болатындай кезең. Өткенге көз жүгіртсең, астананы ауыстыру туралы шешімнің қабылданғаны да кеше ғана сияқты еді. Тарих бәрін безбендей жатар, бірақ Алматыдан көшу оңай болған жоқ. Ақмолаға көшіп келгенімізде бізді Сарыарқаның азынаған желі мен суығы қарсы алған. Ал қазір кеше ғана облыс орталығы болған қала қысқа мерзімде осылай өзгереді деп біреу айтса, сенбес едім. Бірақ соның бәріне өзім куәмін. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы геосаяси жағдайларды бағдарлай келе, дер кезінде оң шешім қабылдағанын енді ешкім жоққа шығара қоймас. Кезінде небір пікірлер қайшылығы туындады ғой, әйтпесе. Содан кейін Көшбасшы жол бастай білсе, алынбас қамал жоқ екеніне көзім жетті. Ел астанасына қарап бүгінде көңіл тояды.
– Иә, сол кезде Президент шешімінің дұрыстығына күмәнданушылардың аз болмағаны туралы көп айтылады. Бұл оқиға өзі қалай болып еді?
– Шын мәнісінде астананы көшіру туралы әңгіме бір жыл бұрын айтылған. Ұмытпасам, 1993 жылдың соңында еліміздің Президенті ел ордасын Алматыдан республиканың басқа бір қаласына көшіру қажеттігін алғаш рет жария еткен. Күмәншілдер сол кезден-ақ күңкілге басқан. Азынаған желі мен қақаған аязын айтқандар да аз емес. Ал ресми деңгейде бұл бастаманы Нұрсұлтан Назарбаев 1996 жылдың 6 шілдеде республиканың Жоғарғы Кеңесінің сессиясында көтерді. Депутаттар қолдау көрсетті. Осыдан кейін елорданы көшірудің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге нұсқау беріліп, тиісті қаулы қабылданды. 1995 жылы 15 қыркүйекте Мемлекет басшысы елорданы Ақмолаға көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Он үш күннен соң Үкімет Мемлекеттік мекемелерді көшіру жөніндегі комиссия құрды. 1997 жылдың 20 қазанында Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің елордасы Ақмола болды.
– Ескі жүйенің соңғы шақырылымында, жаңа заң шығарушы органның алғашқы шақырылымында депутат болдыңыз… Қайта құрылымдаулар қалай жүрді?
– Тәуелсіздік алған соң басқару әкімдік жүйесіне өзгерді. Жоғарғы Кеңестің ХІІІ шақырылымына депутаттыққа үміткер ретінде сайлауға түстім. Менің сайлаушыларым – Қаратау, Жаңатас қалалары мен Талас, Сарысу ауданының тұрғындары. Кеңес кезінде ауылдық, аудандық сайлауға түскенімізде бәрі шешіліп қоятын еді. Ал мына сайлау әлей екен. Нағыз жан беріп, жан алысқан қып-қызыл майдан. Сайлауда үміткердің сенімді өкілдері халықты өзіне қаратып, иландыра алса және ол адамның ел алдында беделі жоғары болса, ісіңнің оңғарылғаны. «Аққа құдай жақ» деп, сол жолғы сенімді өкілдерім нағыз сенімді азаматтар болды. Есбөкен Көлбаев, Баймұрат Оразбек, Апрель Сержанов, Тұрғын Қойшығараев, Орынбасар Қосалиев өкіл ғана емес, өздері де депутаттыққа лайық жандар еді ғой. Ал ақын Нарша Қашағановтың бір өзі жүз адамға татитын. Солар белсенді жұмыс жүргізіп, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің ХІІІ шақырылымына депутат болып сайландым.
Халық сайлаған 177 депутат қызу еңбекке араласып кеттік. Егемендікті енді алған елде шаруа шаш етектен. Бұрынғы бір-біріне тығыз байланысты алып елде шаруашылықтардың тірлігі қожыраған кез. Тіршілікке қажетті заттардың бірі жетсе бірі жетпейді. Заңдарымыз да былқ-сылқ. Оларды реттемесең, шаруа жүрмейді. Заңды реттесең, материалдық игіліктер тапшы. Біресе анау жетпейді, біресе мынау жетпейді. Әр түпкірден наразылық бұрқ ете қалып жатқаны тағы бар. Көбіне шаруашылық мәселелеріне айналып кетсең, заң шығару кешеуілдейді. Осы кезде менің округіме қарайтын Жаңатас қаласында отын тапшылығынан жылу тоқтап қалған болатын. Дереу Жоғарғы Кеңес сессиясында мәселе көтеріп, комиссия құрып, Жаңатас қайдасың деп аттанып кеттік. Жол көк тайғақ,Тараздан Жаңатасқа шыққан Олжас Сүлейменов бастаған комиссия құрамындағы он шақты депутат 150 шақырым жерге 10 сағатта зорға жеттік. Жеткеніміз қандай абзал болған, дереу Үкіметке хабар беріп, қалаға қаржы бөліп, жылу берілді. Сөйтсек бұндай жағдайлар республиканың түпкір-түпкірінде бар екен. Депутаттар апта сайын елге шығып, жағдайды өз көздерімен көріп-қайтып жүрді.
Осындай бір іссапарда жүргенімізде, соңымыздан тез жетіңдер деген хабар келді. Ойпырмай, не болып қалды деп келсек, Жоғарғы Кеңес тарағалы жатыр. Оның себебі – Алматы қаласындағы бір сайлау округінде сайлау дұрыс өтпеген. Президент елді сабырға шақырып, бұл мәселенің заңдылығын анықтау үшін конституциялық сотқа (ол кезде Сот Кеңес емес) сұраныс берді. Содан ақыры тарап тындық.
– Қос палаталы Парламент құрылғанына да осы тұс қой. Мәжілістің алғашқы депутаттарының бірі болдыңыз…
– Жоғары Кеңес тараған соң, Конституция өзгеріп, Жоғарғы Кеңес Парламент деген атау алды. Оның екі палатасы – Сенат-Мәжіліс болып белгіленді. Арада біраз уақыт өткенде Мәжіліс депутаттығына сайлауға түстім. Бұл жолы округке жаңадан қосылған Жамбыл, Жуалы аудандарынан да тілектестер табылды. Жамбыл ауданынан ақын Базар Қилыбаев, Жуалыдан Мақұлбек Рысдәулет бастаған топ аянбай еңбек етті. Еткен еңбек зая кетпеді, тұңғыш Парламент Мәжілісінің алғашқы депутаттарының бірі болдық.
Мәжілісте 77 депутат өнімді еңбек етті. Сол жылдарда қабылданған заңдардың қазір жемісін көріп жатырмыз. Алғашқы Парламент шын мәнінде өмірдегі, еліміздегі жағдайларды түзеуге арналған заңдар шығарумен айналысты. Мәжілістің төрағасы Марат Оспанов пен оның орынбасары Василий Осиповтың басшылығымен депутаттар шаруаның сан саласына қажетті заңдар қабылдады. Кейін депутаттықты қойып, Парламент аппаратында 7-8 жыл жұмыс істеп, зейнетке шықтым.
– Екі тарихи кезеңнің куәсісіз. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік құрылым толықтай өзгерген кезде алғаш аудан әкімі қызметін атқардыңыз. Кезеңдер арасындағы алшақтықты, ұғымдар қайшылығын тез ажыратып, заман көшіне ілесе алдыңыз ба?
– Бұрынғылар жақтырмаған адамына «Өзгерістер кезіне тап келтірсін» деп жатады екен. Сол сөздің жаны бар екен. Жетпіс жылдан астам уақыт билік құрған кеңестік жүйе бір сәтте құрдымға кетеді деп кім ойлаған. Бұл кезде мен аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарғаныма 4-5 ай жаңа толған. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы жұмыссыз қалған соң, аудандық Кеңес қызметіне атқару комитеті төрағасы қызметін қосып алды. Мен шаруашылық басқарып нақты жұмыс істеп үйреніп қалғанмын, аудан басшысынан өзім келген шаруашылыққа қайта жіберіңіз деп сұрандым. Ол асықпадан танбады. Асықпауында бір мән бар екен. 1991 жылдың желтоқсанында еліміз Тәуелсіздік алған соң басқару жүйесі – әкімдік институт болып өзгерді. Ақпан айының (1992 жыл) соңына қарай облыс әкімі Ө.Байгелді шақырып, азды-көп әңгімеден кейін мені Сарысу ауданының әкімі қызметіне тағайындауға шешім қабылдағалы отырғанын айтты.
Осылай әкім болдық. Жауапкершілік зор. Бұрынғыдай райком, оның бюросы жоқ. Бәріне өзің жауап бересің. Нартәуекел деп, партияның қасаң тәртібіне үйренген басшылық жүйесіне өзгерістерді енгізуді әкімшілік басқаруға жастарды тартудан бастадым. Орынбасар қызметтеріне 30-35-тегі жастарды қаймықпай тағайындадым және оларға толықтай ерік бердім.
– Бәрінен бұрын қысы суық, аңызақ желі бір басылмайтын Арқаның ауа-райына қалай үйрендіңіз?
– Мен 1985-1991 жылдары орталығы Жайлаукөл ауылы, «Сарысу» кеңшарында директор болып қызмет атқардым. Илья Жақановтың «Аңсаттың дариға, Жайлаукөл кештері-ай» дегені туған жерге деген сүйіспеншілігінен туған әдемі ән бар ғой. Кезінде осы әннің әсерімен Сарысуға келіп қалған құрылыс жасағының студенттері бұл әнге арқау болған Жайлаукөл емес дегені бар. Былай қарасаң Мойынқұм құмдары, Шу өзенінен ары Бетпақ дала. Жазда масасы мен сонасы бармақтай, қысы 40-50 градус суық, жазы сондай ыстық.
Мен осы қиындықтарға төзгенмін. Жаңа елордаға көшіп барғанымда да Жайлаукөл есіме түсті. Арқадағы ауа-райының жайсыздығына тез үйренуіме өмірлік тәжірибемнің септігі тиді. Кімге болса да туған жері, өскен жері қымбат қой, ал еңбек тері көп төгілген жер де сондай екен. Мен Жайлаукөлден осыны ұқтым, сондықтан да ол мен үшін – Мәңгілік Сағыныш!
Қайда жүрсем де, жамбылдық екенімді ұмытпай, елдің-жердің қол жеткен мысқалдай жетістігіне қуанып жүремін. Парламент кітапханасына келетін облыстық «Аq jol» газетін үзбей оқып тұрамын, сүйтіп ел жаңалығын біліп, азды-көп сағынышымды басамын. Жалпы, сағыныш деген жақсы ұғым ғой, жаратушы сағыныштан айырмасын. Еліміз-жұртымыз аман болсын!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ардақ Үсейінова.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support