Мен әкемді көрген жоқпын

15

Кешегі өткен алапат, сұрапыл Ұлы Отан соғысы миллиондаған отаудың шаңырағын ортасына түсірді. Миллиондаған адамдар мен боздақтар елі, жері, Отаны үшін жандарын пида етті, аңсаған армандары мен алға қойған мақсаттарына жете алмай арманда кетті…

Қаншама адамдарға туған жер топырағы бұйырмады. Солардың бірі – менің аяулы да ардақты, асқар таудай биік қорғанымыз, біздің қара шаңырағымыздың иесі – әкем – Елеусізов Тоқтамыс Тілеуұлы. Қатардағы жауынгер Ақжар ауылында туылған. Бұл ауыл қазір Байзақ ауданындағы Түймекент ауылдық округіне қарайды.
Әкем туралы нақты деректі ержеткен соң іздеп жүріп Жеңістің 50 жылдығына арналған Отан қорғау жолында құрбан болған боздақтар туралы кітаптан таптым. Алматыда 1995 жылы шыққан Қазақ энциклопедиясының 42-бетінде Отан қорғау жолында құрбан болғандар туралы нақты мәлімет берілген. Онда менің әкем туралы мынандай сөздер жазылған: «Елеусізов Тоқтамыс, қатардағы жауынгер, 1908 жылы Ақжар ауылында туған. Қазақ. Колхозшы. Әскерге 1942 жылы Свердлов аудандық әскери коммиссариатынан шақырылған. 1944 жылы майданда қаза тапты». Міне, әкем Тоқтамыс туралы бар дерек осы ғана.
Иә, мен әкемді көрген жоқпын. 1942 жылы әкем майдан даласына аттанғанда екі жасқа да толмаған сәби екенмін. Содан кейін екі жыл өткен соң әкем Тоқтамыс 1944 жылы майдан даласында ерлікпен қаза табады. Сол кезде әкем 36 жаста екен. Ардақты әкемнің біз сағынғанда көріп жүретін естелік болатын суреті де қалмаған. Біз бір ата-анадан үш ұл едік. Ағам – Тілеухан, мен, інім – Әзімхан. Інім 14 жасында қайтыс болды. Анам – Бұлдыкүл, 1910 жылы туған, жаман аурудан 1967 жылдары қайтыс болды. Анам Нарболұлы Жәкеш бидің қызы еді. Нағашы атамның 9 ұлы, бір қызы болған екен. Сол қызы, біздің анамыз – Бұлдыкүл. Өз заманындағы өте сұлу, сымбатты қыз болған екен. Мен мұны бізге туыс болып келетін, Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер, еңбек ардагері, 98 жасқа қараған шағында қайтыс болған Садуақас Бұралқиев деген кісіден естіген едім. – Сенің әкең – Елеусізов Тоқтамыс Тілеуұлы менің ағам, анаң Бұлдыкүл менің жеңгем болады. Соғыс жылдарында сендерді анаң асырай алмайтын болған соң, Нарболұлы Жәкеш бидің ақыл-кеңесімен ағаң Тілеуханды өзі алып, бауырына басып бала етіп бағып-қағып, ел қатарына қосты. Ал сені Жәкеш бидің інісі – Үсіпов Бейсен деген момын, ақ көңіл, қарапайым, өз еңбегімен күн көрген, еңбек ардагеріне беріп: «осы баланы сен асыра, түбі тірі болса, екеуміздің атымызды шығаратын осы Ниязхан болады», – деген екен. Нағашы атаң – Жәкеш шешен, сөз зергері, өз заманында Ақжар ауылының биі болған, ақылға бай, жақсы адам етін. Қысқасы, сендерді адам қатарына қосқан нағашы аталарың мен апаларың, – деген еді абыз ақсақал Садуақас ата.
Шын мәнінде, біз өз әкемізді –жезде, анамызды – әпке деп өстік. Абыз ақсақал Садуақас атаның ақиқат аңыз әңгімесінен кейін өз әкемізді, туған анамызды тауып алдық. Бұл әңгіме 1980 жылдардың ішінде айтылған, тарихи шындық. Алла қалап, биыл 80 жасқа толдым. «Өтті дәурен осылай» дегендей, өмірдің көбі кетіп, азы қалғанда Садуақас атаның ашық айтқан әңгімесін елге, халыққа жеткізуді азаматтық, адамгершілік борышым деп санадым.
– Әкең Тоқтамыс, ортадан жоғары бойы бар, терең ойлы, ақылы мен адамгершілік қасиеттері мол кісі еді. Батыр тұлғалы, қара күштің иесі болатын. Палуандар күресіне қатысқан, барлығын да жеңіп, абырой-атаққа ие болған еді, – деп абыз ақсақал өз әңгімесін жалғады. – Қазақстанда қолдан жасалған ашаршылық белең алып, халық қынаша қырылып жатқан кез. Бұл – 1932 жылдың соңғы жылдары болатын. Күндердің бір күнінде әкең Тоқтамыс біздің үйге келіп, ағайын-туыстардың басын қосып, «Қымбатты ағайын-туыс, бауырлар, мына заманның беталысы жақсы болмай тұр, ашаршылық, жұт ел ішін жайлап, халық азық-түліктің, ішер астың жоқтығынан өліп жатыр. Біз мына елден кетейік, Әулиеата, Тараз жаққа барайық, өзіміздің туып-өскен жерге, елге барайық. Алла амандық берсе, ертең ұзақ жолға шығамыз, соған дайындалыңдар!», – деп нақты сөзін айтты. Біздер үлкеніміз, кішіміз бар келісімімізді бердік.
Сөйтіп 15 шақты үй, Мойынқұм ауданы, Құмөзек деген жерге, «ел тоқ екен» деген соң көшіп барған едік. Алайда мұндағы ел мен халықтың жағдайы өте нашар екен. Сонымен, ертеңіне 15 шақты үй, отбасы мүшелерімен Әулиеата жаққа үдере көштік. Жолбасшымыз, иеміз сенің әкең Тоқтамыс болды, – деді ол.
Садуақас атаның айтуына қарағанда менің әкем саятшы, аңшы, құралайды көзден атқан мерген кісі болған екен. Сонымен бірге әкемнің қасқырға, қоянға, қырғауылға, түлкіге арналған бөлек-бөлек темірден жасалған қақпандары болыпты. Қысқасы, Құмөзектен Шу арқылы, Әулие ата жаққа, қазіргі Байзақ ауданы, Түймекент округіне қарасты Ақжар ауылына бас тірейді. Бірнеше күн жаяу жүріп, жол-жөнекей қояндарға қақпан, тұзақ салып, 15 үйлі отбасы мүшелерін, ақ-құстардың етімен тамақтандырып, ел-жұртын аман-сау жеткізген. Сенің әкең Тоқтамыстың жанқиярлық еңбегін, ағайын-туыстарға, елге жасаған жақсылықтарын қалайша ұмытайын! Мен айтпасам, бұл өмір шындығын саған кім айтады? – деп Ұлы Отан соғысының ардагері Садуақас Бұралқиев ата өз әңгімесін аяқтады.
Әкем майдан даласында өз Отаны үшін жанын қиып өмірден ерте кетсе де бұл күнде ұрпақтары өркен жайып, өсіп-өніп отыр. Әкемнің үлкен баласы Тілеуханнан – 5 ұл, 6 қыз баласы бар. Жеңгем Базаркүл – «Батыр ана» орденімен марапатталған. «Алтын алқа» медалінің иегері, еңбек ардагері, зейнеткер.
Ағам – Тілеухан зейнеткер, қазір Алматыда тұрады. Ардагер ұстаз қазақша күрестен Қазақстан чемпионы атанған. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. 30-ға тарта немере, 10-ға тарта шөбере көріп отырған қазыналы қарт, бақытты отбасының басшысы.
Менің 3 ұл, 4 қызым бар. Жұбайым – Тазакүл 30 жыл ұстаз болған, зейнеткер. «Алтын алқа» иегері. 23 немере, 4 шөберем бар.
Осылардың барлығына, Құдайға тоба, мың шүкіршілік. Отбасымның, өзімнен тараған ұрпақтарымның амандығын тілеймін Ұлы Алладан!
Бүкіл әлемде, ел-жұртымыз тыныш, халқымыз аман-сау болып, бейбітшілік заман мәңгілік болсын!

Ниязхан Бейсенов,
Түймекент ауылдық округі ардагерлер кеңесінің хатшысы, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.