«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ветеринариялық бақылау босаңсымайды

Ветеринариялық бақылау  босаңсымайды
ашық дереккөз
Ветеринариялық бақылау босаңсымайды

«Медицина  –  адамдарды, ал, ветеринария адамзатты емдейді» деген сөз текке айтылмаса керек. Біздің облыс эпизоотиялық жағдайы өте тұрақсыз Қырғыз Республикасымен көрші болғандықтан еліміз үшін буферлік (аралық буын) аймақ болып табылады. Мұның өзі сырттан аса қауіпті жұқпалы аурулар еніп кетпеуі үшін жергілікті атқарушы органдардың мамандарымен қатар, мемлекеттік ветеринариялық-санитарлық инспекторларына вакцинациялау-диагностикалық қан алу жұмыстарын жоғары жауапкершілікпен жүргізуді талап етеді. 

Инспекция мамандары өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға күш салуда. Соның нәтижесінде облыс бойынша 2013 жылғы ветеринариялық іс-шаралар жоспары  ойдағыдай орындалды. Үстіміздегі жылдың 8 айының қорытын-дысында мүйізді ірі қараны аусылға қарсы вакцинациялау – 94,5, сібір жарасы, лептоспироз, листериозға қарсы – 100, қарасанға – 80,4 және туберкулезге аллергиялық тәсілмен тексеру 100 пайызға орындалды. Бруцеллезге тексеру жоспары 95,1 пайызға орындалып, ауру мал сойылуда. Мал иелеріне өтемақысы республикалық бюджеттен төленуде. Ұсақ мал бруцеллезінен төрт қолайсыз ошаққа шектеу қойылып, сауықтыру жұмысы жүргізілуде. Қазірге дейін бір ошақтан шектеу алынды. Адамдар арасында бруцеллезбен ауырғандар саны 2013 жылдың 7 айымен салыстырғанда осы мерзімде 8 адамға кеміген. Жылқы сібір жарасына, лептоспирозға, маңқаға аллергиялық тексеру толық орындалды. Жылқы, түйе және доңыздар арасында бруцеллезге шалдыққан мал анықталмаған. Ағымдағы жылы облыста 112035 бас мүйізді ірі қара сырғаланып, белгіленген тапсырма 129 пайызға орындалды. Қазір түйе және доңыздарды бірдейлендіруді қолға алудамыз. Ауылшаруашылығы жануарларын сырғалау, компьютерлік дерекқорға енгізу жұмысын биыл қараша айында толық аяқтауды жоспарлаудамыз. Мемлекет басшысы біздің алдымызға келешекте Ресейге жылына 60 мың тонна ет экспорттау міндетін қойып отыр. Экспортқа арнайы орындарда сойылған, сертификаты бар мал еті ғана жөнелтіледі. Сондықтан да бұл мақсатқа бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, көптеген мал сою орындары салынды. Облыста бүгінде 74 мал сою орны бар. Оның біреуі – ет комбинаты, 12-сі мал сою пункті, 61-і мал соятын алаң. Жалпы, облысымызға 95 мал сою орны қажет. Аймақта қазіргі таңда 157 өлексе қорымы бар. Келешекте оның санын 193-ке жеткізуге тиіспіз. Мекеме мамандарының күш-жігері негізінен жұқпалы ауруға жол бермеуге жұмылдырылуда. Облысымыздың аумағы Қырғыз Республикасымен 717 шақырым шекарада орналасқан. Оның қоршалғаны – 483, қоршалмағаны таулы және өзенді жерлерде – 34 шақырым. Осы шекара бойында 13 ветеринариялық-санитариялық бекеттердің 8-і жұмыс істейді, оларда 36 ветеринариялық-санитариялық инспекторлар қызмет атқарады. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі және тасымалданатын нысандар бөлімінің ветеринариялық-санитариялық бекеттері Кеден одағының Ережесі бойынша келісілген мөртаңбалармен және әр ветеринариялық-санитариялық инспекторларға бекітілген мөрмен қамтылған. Үстіміздегі жылдың 8 айының қорытын-дысында импортпен келген өнімдерден зерт-ханалық сараптамаға тағамдық қауіпсіздік үшін 114 сынама алынып, тексерілді. Осы мерзімде ветеринариялық-санитариялық инспекторлар шекара арқылы өту бекеттерінде 27 партия бақылауға жататын жүктерді ұстап, 372252 теңге айыппұл салды. Әр құқықтық іс «ABD» бағдарламасына енгізілуде. Биыл субъектілердің өтінішімен 42 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп 70 жеке тұлғаға – 833400, 17 лауазымдық тұлғаға – 787100, 7 заңды тұлғаға – 138900, барлығы 1759400 теңге айыппұл салынды.  Пайдалануға жарамсыз 2161,9 килограмм ет және ет өнімдері жойылды. Аумақта жұқпалы аурулар негізінен мал базарларында тарайды. Сондықтан да мекеме мамандары бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуде. Эпизоотиялық ахуалды жақсарту мақсатында облыста биыл ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай келмейтін 2 мал базары сот арқылы жабылды. Таяуда тағы біреуі жабылады. Сондықтан да бізге де жоғары талап тұрғысынан табылатын кешенді  мал базарларын салу қажет.  Бірқатар кәсіпкерлер бұл істі қолға ала бастады.

Жандар Қоекеев, Ауылшаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және  қадағалау комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекция  басшысының орынбасары.

Ұқсас жаңалықтар