- Advertisement -

Артында өлмейтұғын ізі қалды

70

- Advertisement -

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығында Теріс ауылының тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы Тұрмағанбет Мықтыбеков туралы жазғаным бар еді. Содан бері де он жыл өте шығыпты. Енді, міне, Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өттік. Тоқсанға таяп қалғанында дүние салған атамның өзі өлсе де, ерлігі, артына қалдырған өнегесі өлген жоқ. Бүгінде оның кіндігінен тараған ұл-қызы өсіп-өніп, үлкен әулетке айналған.
Ата мені жақсы көруші еді. Жұмыста отырсам «жорналшы бала, қалайсың? Әке-шешең аман ба?» деп келіп тұратын. Жай келмейді. Ауылдың жаңалығын жаза келеді. Не болмаса түйіні тарқамай тұрған округтегі мәселені көтере келетін. Ол кісінің араласуымен ауылда талай мәселе шешімін тапты. Жол жөнделіп, көпір салынып, балабақшалар ашылды. Тек Теріс ауылындағы тастан тұрғызылған Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу туралы көтерген мәселесі ғана әлі күнге шешімін таппай келе жатыр.
Маған: «Сен атаңа тартқансың. Атаң да сен сияқты көп сөйлемейтін. Кішіпейіл, қарапайым кісі еді. Сені көрсем сол кісіні көргендей боламын. Талай жыл көрші тұрдық. Араласып-құраластық. Жақсылығын да көп көрдік. Бір шәйт дегенін естімеппін», – деп жақын тартатын.
Үйіне де барып тұратынмын. Өзінің бөлмесі болатын. Сонда отырып та әңгімелестік. Өзінің басынан өткерген өмір жолымен қатар, өнегесін де айтып кетті атам маған. Бірақ соғыс туралы көп айта бермейтін. Дегенмен ол кісінің өмір тарихынан біраз хабарым бар еді. Тұрмағанбет ата Қосбөлтек ауылында 1923 жылы дүниеге келіпті. 1932 жылы ауылдағы төрт жылдық мектепті тәмамдаған соң Талапты ауылында, одан кейін Жетісайда оқиды. Ал қазақ орта мектебін Бурный ауылында аяқтайды. 1942 жылдың қаңтар айында Кеңес әскері қатарына шақырылып, Шымкент қаласында жасақталған №412 атқыштар полкінде екі ай әскери дайындықтан өтеді. Онда сержант шенін алған ол наурыз айында екінші Украин майданына келіп, Луганск қаласынан 40 километр жердегі Артемовский селосында қорғаныс шебін құруға қатысады.
«Қан майданға алғаш кіруім», – деді бір әңгімесінде атам. «Сұмдық. Жау ұшақтары, артиллериясы мен минометтері үсті-үстіне бомбалап жатыр. Жердің астаң-кестеңін шығарған. Біз бетін қанша қайтарсақ та жаудың танкілері мен жаяу әскері шабуылын тоқтатар емес. Ал біздің қатарымыз жаудың әрбір шабуылынан кейін кәдімгідей сиреп қалады».
Не керек, алғашқы ұрыста қоршауға түсіп, білікті командирдің арқасында ғана ол қоршауды бұзып шығыпты. Шегіне отырып ұрыс салған полктен 17 жауынгер ғана майдан шебіне жетіпті.
Бұдан кейін Тұрмағанбет ата Сталинград майданында, Краснодар өлкесінің Кисловодск, Дондағы Ростов, Украинадағы Кривой Рог қалалары мен Молдованың бірқатар жерлерін азат етуге, 1944 жылы Карпат тауларынан асып, Румынияның Ботажан, Бақшан, Роман, Венгрияның Мишколс, Деветцен қалалары үшін болған ұрыстарға қатысады. Майдан даласында ол сержант шенінен кіші лейтенант шеніне дейін жоғарылатылған болатын. Сонымен қатар ол өзі басқаратын взводпен аталған елдердегі жау қалдықтарын, жау деверсанттарын ұстауға атсалысады. Венгрияның Будапешт қаласы үшін болған шайқаста ауыр жараланып, 1944 жылдың 11 желтоқсанында әскери госпитальға түседі.
Румынияда, одан кейін Кавказ жерінде әскери госпитальда бес ай жатып, 1945 жылдың 15 сәуірінде жарақатына байланысты әскер қатарынан босатылып, бес жауынгерлік медальмен және І-ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған ол елге аман-есен оралады.
Елге келген соң да қарап жатпады. Аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор болып қызмет істеді. 1953 жылы аудандық еңбекшілер депутаты кеңесінің жалпы бөлім меңгерушісі, одан кейін Бурнооктябрь, Большевик ауылдық атқару комитеттерінің төрағасы болып ұзақ жыл қызмет етті. 1982 жылы зейнетке шықса да ауыл өміріне араласып, 2001 жылға дейін Көкбастау ауылдық округінің соғыс және еңбек ардагерлері кеңесін басқарды.
Бұл жылдары Тұрмағанбет ата мемлекеттік наградалар мен медальдардан кенде болған жоқ. Ол құрмет пен қошеметке ие болды. 2001 жылы ауданның Құрметті азаматы атанды. 2000 жылы Жеңістің 55 жылдық құрметіне Нұр-Сұлтанда болған мерекелік шеруге қатысты.
Өзімен 60 жылға жуық отасқан жары Бибіжар Сарыбайқызымен 4 қыз, 5 ұл тәрбиелеп өсірді. Сөйтіп 2011 жылы Тұрмағанбет ата дүние салған еді. Артында қалған ұл-қыздары әкесінің орден, медальдарын, соғыста түскен суреттері мен мемлекеттік наградаларын, грамоталарын жоғалтпай сақтап келіп, осыдан бірнеше жыл бұрын үлкен ұлы Нұрбай мен кенжесі Мәдіхан бұл тарихи маңызы бар құжаттарды аудандағы музейге тапсырды. Қазір ол орден-медальдар мен құжаттар Бауыржан Момышұлы атындағы музейде тұр.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support