Татулықты ту еткен елміз

Татулықты ту еткен елміз
ашық дереккөз
Татулықты ту еткен елміз

Маржан ҚОЖАЕВА, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының жетекшісі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы татулық пен бірлікті сақтаудағы теңдессіз ұйым ретінде бағаланады. Сонымен қатар жалпыұлттық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Ассамблея маңызды рөл атқарып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі міндеті – елімізде ұлттық саясатты іске асыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті ілгерілету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін жақсарту және арттыру болып табылады. Өздеріңізге белгілі, біздің өңір – этнос және этникалық топтардың тығыз шоғырланған аймақтарының бірі. Бүгінде өңірде 87 этностың өкілдері қоныстанып, тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Этностық топтардың ішіндегі түрік, күрді, дүнген және өзбек өкілдері ең көп шоғырланған елді мекендер облыстағы Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Сарысу, Талас, Шу аудандарында. Облыс ассамблеясының алға қойған міндеттерін іске асыруға, халықтың рухани құндылықтарын насихаттауда өңірдегі 75 этномәдени бірлестік, 175 қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері белсенділік танытып, өз қызметтерін жоғары деңгейде атқарып келеді. Осы жылдың алғашқы үш айының өзінде аймақта қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті ілгерілетуде 120 іс-шара ұйымдастырылып, оған барлығы 14 мыңға жуық адам тартылды. Биылғы жылы іс-шараларды ұйымдастыру барысында қайырымдылық, ақпараттық, сараптамалық және алқалы жиындарға басымдық берілді. Қай қоғамда болсын мәнін де, өзектілігін де жоғалтпайтын құндылықтардың бірі – қайырымдылық іс екені рас. Осы игі іс Қазақстан халқы Ассамблеясының басты бағыттарының бірі саналады. Өңіріміздегі ассамблея мүшелерінің азаматтық белсенділігінің арқасында 6900-дан астам адамға көмек көрсетіліп, 60 отбасыға пәтер кілті табысталды және Алғыс айту күніне орай 900 отбасыға қайырымдылық жасалды. Қазіргі төтенше жағдайдың кезінде атқарылып жатқан ауқымды істер өз алдына. Бүгінде елімізді мекен еткен этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруі де өзекті мәселе. Өйткені қазақ тілі – қазақ халқының ғана емес, Қазақстанды мекен еткен барша қазақстандықтың тілі. Бүгінгі таңда өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгерудегі үлес салмағы күн санап артып келеді. Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға елімізде тұратын, ауасымен демалып, суын ішіп, топырағын басқан кез келген азаматтың өз үлесін қосуы азаматтық және адамдық борышы деп білемін. Осы орайда ассамблеяның ұйымдастыруымен мемлекеттік тілді дамыту саласында облыста «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасының 6 бағыты іске асырылса, «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында түрлі форматтағы 32 іс-шара өтті. Ағымдағы жылы Абайдың 175 жылдығына орай ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобы 6 іс-шара өткізсе, этнос өкілдері арасында Абай өлеңдерін оқу челленджі, мектеп оқушылары арасында Абай оқулары ұйымдастырылды. Сондай-ақ биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толып отырғанын атап өткім келеді. Ұйым түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің татулығын сақтап, ширек ғасырдың ішінде ел дамуы жолында маңызды рөл атқарды десек, артық айтпаған болармыз.

Ұқсас жаңалықтар