- Advertisement -

Өзіміздің Қайрақбай ғой!..

48

- Advertisement -

Қайрақбай қарап жүрмейді. Қабақтай кәлласына неше түрлі идеялар келіп тұратынына өзі қайран қалады. Ондай да «Осы менің басым – істейтін бас» деп мәз болады. Кәлласына келген жақсы идеясымен ол машина жөндеу шеберханасын ашты. Ойбай, құрысын! Бастың істегені де кейде адамға сор екен да!
Ашуын ашты ғой! Жеріне бір жүгіріп, құжатына бір жүгіріп жүріп. Жалғыз өзі ақ тер, көк тер болды. «Қайрақбай қайда жүр?» деп, қолын созып, көмектескен, мұны іздеген жан адам жоқ. Мұндайда туыс, жекжат, бауыр, бөле бәрі де төбесін көрсетпей, қараңғыдағы көлеңкедей таптыртпай кетеді екен. «Өзім де бәлемін!» дегендей, «СТО- сын» ашып алған Қайрекеңнің көңілі бір жайланып сала берді-ау, әйтеуір!
Бір ай жұмысы жақсы жүрді. Обалы не керек! Клиент деген келіп тұрды. Шытырлаған көк қағаздар Қайрақбайдың қалтасына түскен сайын көзі күлімдеп сала беретін. Тіпті ол оңашада домалақ қарнын сипап отырып: « Баяғы бері осылай істемей, қанша жыл сандалып жүргенмін. Әй, ақымақ басым» деп өзіне-өзі таңғалатынды шығарды. Сөйтіп, «Бүгін 10 мың, он күнде 100 мың теңге. Миллион, жүз миллион теңге. Шетелге отбасыммен қыдырсам, шіркін! Америка, Түркия, Германия! Демалыс аралдары көз алдында көлбеңдейді. «Қайреке, Қайреке», «Кімсің, Қайрақбай боламын» деген тәтті қиял бесігіне тербелетін.
Бәле бір айдан соң басталды. Мұның «СТО» ашқаны туралы жаңалық ағайын, туыс, жекжаттарына тегіс жетіпті. Әуелі жылмыңдап бөлесі жетті. Жүзіктің көзінен өтеді. «Үйдегі нағашы әпкеңіз сәлем айтып жатыр. Қайрақбайға жететінің жоқ деді» деп, мұның ана жағынан бір шықты, мына жағынан бір шықты. Қысқасы, мәшинесін көк тиын бермей, жөндеп қайтты. Артынша нағашысы жетті алқынып, ескі «Аудиінің» дауысы ауыр науқастай ыңыранып шығады. Келе сала: «Әй, жарайсың! Осы сенің етіңнің тірі екенін баяғыда білгем. Жездеме тартқансың ғой, жездеме» деп желпіндіріп, «Аудиін» тегін жөндетіп алып ол кетті. Содан соң жаман «Жигулиін» жеті адамға сүйретіп, жиені жеткен. Естен танып келген ескі «Жигулиге» Қайрақбай «жан бітіріп» жіберді. Алдыңғылардан естіп алған ба, жиені де құрғақ рахметпен шектелді. Содан келе берді ғой, келе берді… Бауыры, досы, қайын жұрты, сыныптасы, «служагы», құдасы, құдашасы, баяғы әріптесі, балдызы. Құдай-ау, білмей жүр екен! Қайрақбайда дос та, жекжат та, бауыр да, қайын да өте көп екен ғой. Қалай байқамай келген? Тіпті, таусылатын емес. Бәрінің тілі майда. Жылы-жылы сөйлеп, діңкесін құртады. Бұл көне қоймаса: «Ойфбу, сөйтіп шығады екенсің. Өткенде жиеніңдікін көк тиынсыз жөндеп беріпсің. Жиенің құрлы қадірім жоқ па? Бір жөндеп берсең, бірдеңең кете ме?» деп нағашысы өкпелейді. «Осы жерде сен бар деп келіп тұрмын. Ақша төлесем, басқа орыстың да «СТО»-сына бара салмаймын ба?» деп өткізіп қойғаны бардай бұлқан-талқан болатын жекжаттары жетерлік.
Қысқасы, жекжат-жұрат, туыстар келе берді, Қайрақбайдың жұмысы «өле» берді. Банкрот болды. Бір күні шеберханасының сыртына «Бұл «СТО» жұмыс істемейді» деп жазды да, ішіне кіріп, «тарс» бүркеніп жатып алды. «Бастың бүйтіп істегені құрсын» деп, жазықсыз кәлласын кінәлап, «Америка, Түркия қайда, мен қайда? Түріме қарамайды екенмін ғой», – деп күбірледі. Шетелі құрсын! «СТО»-сы құрсын! Жабамын. Ауылға барып мал бағамын. Бұлар мені сол кезде тауып көрсін» деп ойланып жатыр.
Кім біледі, «Семіз қой берші» деп, еріккен жекжат-жұрат ауылға да барып жүрмесе. Әй, олардан бәрі шығады!!!

Есет ДОсалы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support