Айтқан жерден аулақ

Айтқан жерден  аулақ
ашық дереккөз
Айтқан жерден аулақ

Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы – қатерлі дерт

Дүниежүзінің бірқатар елдерін ойрандаған ЖИТС (жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы (СПИД) мен АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) індеті біздің өлкемізде де жайылуда. Бұл кеселді қазір тоқтатуымыз керек. Сол үшін біздің мінез-құлық пен іс-әрекетімізді өзгертуіміздің қажеттігі және соны қалай істеуге болатыны туралы мағлұматтар бұған дейін де жазылып келеді. Біздің жауапкершілікпен іс-әрекет жасауымыз өзіміз бен болашақ ұрпақтарымыз үшін бақытты өмірге жол ашады. Қазақстанда және бүкіл Азиядағы АИТВ жұқтырғандардың, әрі ЖИТС-пен ауыратындардың саны едәуір көбейген. Мысалы, Оңтүстік-шығыс Азияның өзінде 3,5 миллион адам АИТВ жұқтырған. Әлемнің басқа елдерінде сияқты, Азияда да жыныстық теңсіздік пен зорлық-зомбылық кең тарағандықтан, қыз-келіншектерге төнген қауіп ерекше. Үндістанда шамамен 2 миллион адам АИТВ жұқтырса, Қытайда 780 мың, ал Тайландта шамамен 490 мың адам АИТВ жұқтырды деп есептелінген. Елімізде аталмыш дертті жұқтырған 20736 адам тіркелініп отыр. Олардың 49,8 пайызы жұмыссыздар, 21,6 пайызы жұмысшылар, 24,5 пайызы абақтыда жатқандар екен. Сондай-ақ, олардың 41,6 пайызы 20-30 жас пен 34,7 пайызы 30-40 жастағылар болса, 4,3 пайызы 15-19 жас аралығындағыларды құрап отыр. Ал Жамбыл облысы бойынша бұл індетке шалдыққандардың саны 750-ден астам адамды құрайды. АИТВ індетінің негізгі үш жұғу жолдары бар – қан арқылы, жыныстық қатынас арқылы, ауру анадан балаға. Таралу жолына қарай көктамыр ішілік есірткі тұтынушылар 70%-ды құрайды, жынысты берілу жолының пайызы 23,8, анықталмағандар – 3,6%. Жұқтырылған  иммун тапшылығы синдромы ғасыр індеті екені бәрімізге аян. Бұл дертке әлі шипа боларлық дәрі жасалған жоқ. Ғалымдар ондаған жылдар бойы ізденіс үстінде.  Бұрынғы  Кеңестер одағында ЖИТС өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңына таман басталды. Сол кезде осындай диагнозбен өмір сүрудің өзі қандай қасірет екені айтпаса да түсінікті. Қолданылып жүрген түрлі зерттеулерге қарамастан ЖИТС емделмейтін аурулар қатарында. Сондықтан жұқпаны болдырмауға бағытталған барлық іс-шараның бұл аурудың алдын алуда маңызы зор. ЖИТС-ты жұқтырған адамдар ауру адамға мүлде ұқсамайды, бастапқы кезде  толық еңбекке жарамдылығын сақтайды. Бастысы, өздерін сау сезінгенімен олардың АИТВ-ны басқа адамдарға жұқтыру мүмкіндіктері бар. Бүгінгі таңдағы емдік терапия адам өмірін біраз ұзартқанымен ЖИТС емделмейтін дерт. Қорғаныштың төмендеуіне қарай аурудың белгілері пайда болуы мүмкін – безгек, без торларының өсуі, тері қабатының зақымдануы, дәреттің бұзылуы, ұзақ жөтел, шаршау, қалжырау. Егер жыныстық жолдардан сұйықтық бөлініп, зәр шығару бұзылғанда жыныс мүшелерінде жаралар пайда болып, іштің төменгі жағы ауырса міндетті түрде дәрігерге қаралып, тексеруден өту керек. Адам АИТВ-мен жұқпаланды ма, жоқ па сыртқы пішіннен айыру мүмкін емес. Жұқпаның организмде бар-жоғы қанды зертханалық зерттеулерден өткізу арқылы ғана анықтауға болады. Бұл жұқпа ағзадағы белгілі биологиялық сұйықтықтар арқылы ғана беріле алады. Қазіргі уақытта АИТВ жұқпасының таралуын тежейтін ешқандай дәрі-дәрмек   табыла қойған жоқ. Тек қана АИТВ жұқтырған адамдардың қорғаныш жүйелерін сақтау мақсатында және өмір сүру қабілетін ұзаққа созу үшін әр түрлі дәрі-дәрмектер бар. Адамда АИТВ жұқпасын анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізіледі. Қан тапсыру барлық емханаларда және де облыстық ЖИТС орталығында жүргізіледі. Облыстық ЖИТС орталығы №2 қалалық емхананың 1-қабатында орналасқан. Мекен-жайымыз: Тараз қаласы, «Салтанат»  (4) шағын ауданы, №29 «А» үй. Телефон: 7-54-55. Кез-келген адам ақысыз және жасырын түрде АИТВ-ға тексерілуге құқылы.

Орынкүл АБДИКЕРИМОВА,

облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығы бас дәрігерінің орынбасары.

Ұқсас жаңалықтар