Індетпен күресте қай елдер ілгері?

Індетпен күресте қай елдер ілгері?
ашық дереккөз
Індетпен күресте қай елдер ілгері?
Ең алғаш Қытайдың Ухань қаласында анықталып, жаңа жылдан бастап миллиардтар елінің есін алған індет іле-шала әлем халқын бір қауыздың ішіне сыйдырып, оқшау отырғызып қойды.

Суретті салған Айдарбек Ғазизұлы, EQ

Еуропаны есеңгіретіп, АҚШ-ты абдыратқан коронавирус кесірінен Қазақстанда да төтенше жағдай жарияланды. Жұғымтал вирусты тізгіндеудің бірден-бір тиімді жолы темірдей тәртіпті сақтап, әркім өз үйінде оқшаулану екенін адамзат баласы түсінді. Елімізде алдын алу шара­ла­рының уақтылы жасалып, дер кезінде карантин жариялануы арқылы іргеден тараған індет бізге бірден лап қойған жоқ. Дегенмен бір жарым ай ішін­­де ат төбеліндей халықтың 2 жа­­рым мыңнан астамы ін­дет жұқ­­тырды. Өткен аптада ғана Қа­зақ­станның бас санитары Ай­жан Есмағамбетова ауру жұқ­­тыр­ғандардың саны сәуір айы­­ның соңында 2700 адамға, ма­мыр айының аяғында 4 мыңға жуықтайды деген бол­жамды айтқан болатын. Бол­жам бұл­жымай келіп жатқа­нына қа­рағанда, қонақжай қазақ­стан­дықтарға босаңсу әлі ерте сияқты. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайды 11 мамырға дейін созды. Осы ретте адамдар қауіпсіз қарым-қатынас жасауды үйрен­бей­інше, Үкімет қатаң шаралар қолдануды жалғастыра беретінін жеткізген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың дәл қазір қауіпті кезеңде тұр­ғандықтан, карантин ұзар­тылуы мүмкін деген сөзі еске түседі. Осы орайда карантин жа­рия­лаған Ұлыбритания мен каран­тинсіз ауруды ауыздықтаған Оңтүстік Кореяның жағдайын осы елдерде қызмет істеп және оқып жатқан медицина мамандарынан сұрап көрген едік. Ұлыбритания ауыр халдегі науқастарды ғана ауруханаға алады «Англияда карантин 5-6 апта бұрын жарияланды. Қазір барлық дүкендер, мекемелер жабық. Әр тұрғынның үйіне не істеу керектігі туралы хаттар келді. Мысалы, сол хатта тек қана медициналық көмек немесе азық-түлік алу үшін және күніне бір рет спортпен айналысу үшін ғана шығуға болатыны жазылған. Тек key worker, яғни маңызды қызметкерлер ғана жұмысқа шығады. Оған медицина қызметкерлері, қоғамдық транспорт жұмысшылары, құқық қорғау қызметкерлері, волонтер ретінде қоғамдық жұмыстарға атсалысатын адамдар, жерлеу рәсімдерін өткізетін және көшелерді жөндеу, ком­муналдық қажеттіліктерге қызмет көр­сететін жұмысшылар жатады. Жалпы, Ұлыбритания елі коронавируспен күре­су жолын төрт сатыға бөлді. Біріншісі – contain. Яғни вирустың таралуын тізгіндеу кезеңі. Қазір біз сол сатыдамыз. Екіншісі – delay (тежеу). Мұнда вирустың таралуын жаз айларына дейін тежеп отыру көзделген. Үшіншісі – research. Мұнда коронавирус қалай жұғады, қалай емдеу­ге болады деген мәселелер бойынша ғылыми зерттеулер жасалмақ. Төртінші mitigate кезеңінде ғылыми зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып мәселені шешу жұмыстары жүргізіледі. Бізде карантинді 7 мамырға дейін созған. Қазір Үкімет тағы созуды қарастырып, екінші кезеңге көшуді жоспарлап жатыр», дейді Лондон университетінің Неврология ғылыми зерттеу институтының докторанты, невролог дәрігер Рауан Қайыржанов. Оның айтуынша, Тұманды Альбион елінде коронавирусқа жеңіл шал­дық­қандар өз үйлерін­де емделеді. «Қазақ­станда науқас­тармен байланыста болған­дардың бар­лығын ауруханаға карантинге алады ғой. Мұнда ондай емес. Ұлыбритания үкіметі­нің веб-сайтында барлық нұсқау­лық­тар беріліп отырады. Егер коро­на­вирустың белгілері бо­лған жағдайда өзіңізді бір апта оқ­шау­лауыңыз керек және отбасы мүшелері екі апта үйден шық­пауы тиіс. Сондай-ақ ауру жұқтыр­ған адам call-center-ге хабарласып кеңес алады. Ал ауруханаға жағ­дайы нашарлап, тыныс алуы қиындаған науқастарды ғана жатқызады», дейді Р.Қайыржанов. Ал Ұлыбританияның Нюкасъл қаласы Ұлттық денсаулық сақтау қызметі­нің (NHS) физиотерапевті Боран Рахым­бекұлы бұл елде ме­ди­циналық жүйе­нің мүлдем басқа екенін айтады. «Ұлы­британияда коронавирус кезінде ғана же­ңіл науқастарды ауруханаға жат­қыз­бай жатқан жоқ. Бұрыннан бұл елдің медициналық жүйесі солай. Емдеу тегін болғандықтан тек ауыр науқастарды ғана ауруханаларда емдейді», дейді ол. Халықтың дүрлігіп, уайым­ға бой алдырмауы үшін психоло­гия­лық қолдау­дың жақсы жүріп жатқанын жеткіз­ген қазақстандық невролог Р.Қайыржанов: «Менің байқауымша, Қазақстанда карантин шаралары қатаңдау сияқты. Лондонда тұратын ұлттардың саны өте көп. Олардың менталитет­тері де әртүрлі болғандықтан карантиннің екінші аптасынан бастап халық далаға шыға бастады. Үкімет көшеде маскамен жүруді міндеттемегендіктен маска тағатындар да аз кездеседі. Есесіне бұл жақта психологиялық қолдау жақсы дамыған. Мысалы, мен білім алып жатқан оқу орнының басшылығынан күніне екі рет студенттерге көрсетіліп жат­қан көмек бойынша поштаға хаттар келеді. Кеше ғана біздің ректордан өзінің жалақысының 20 пайызын студенттерге беріп отыр­ғаны туралы хат келді. Сон­дай-ақ осындай қиын кезде пси­хологиялық күйзелістерді қалай жеңуге болатыны туралы күнделікті кеңес электронды поштамызға келіп тұрады. Бір қызығы, бес апта бойы күнделікті кешкі сағат сегізде барлық адамдар терезелерін ашып, қол шапалақтап, ысқырып коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне деген өздерінің құрметін көрсетіп келеді», дейді. Корея карантиннің орнына жаппай тестілеу жүргізді «Денсаулық Тур» медицина­лық туризм компаниясының директоры, эпидемиолог Гүлнұр Пасаттың айтуын­ша, Оңтүстік Корея карантиннің орнына жап­пай экспресс-тестілеу жүргізген. Нә­ти­жесінде індеттің таралуын ауруды ерте анықтап, уақтылы емдеу арқылы тіз­гіндей алған. «Карантиннің орнына бұл ел жаппай тест жасауды қолға алды. Яғ­ни науқаспен байланыста болған­дар­дың барлығын тесттен өткізді. Күніне 15 мың­дай адамды тексерді. Сөйтіп вирус жұқтырғандарды тез анықтады. Басында науқастардың көптеп тіркелуі де осы жаппай тест жасаудың нәтижесі болатын. Тест тапсыру өте оңай болды. Көшелерде шатырлар тігіліп, машинадан шықпай-ақ тест тапсырып жүре беруге жағдай жасалды. Ал өз еркімен тексерілгісі келгендер ақылы тесттен өтті. Бірақ ол адамнан вирус анықталса ақшасын қайтарып береді. Сосын әрі қарай емдеу тегін жүрді. Тек симптомы бар және науқастармен қарым-қатынаста болғандарға ғана тегін болды», дейді ол. Гүлнұр Наматуллақызының сөзі­не қарағанда, Корея халқы тәртіпке бағынған құл болмайды ұғымын бо­йына сіңірген халық екенін бұл жолы да дәлелдеген сияқты. «Бізде қаңтардың ортасында індет қатты тарала бастады. Күніне мыңға жуық адамнан қосылды. Қазір тәулігіне 5-6 адам ғана тіркеледі. Ең бастысы, мас­­ка тағып жүру міндеттелді. Кез келген жерде кіреберісте арнайы маман­­дар теп­ло­визормен тексеріп, виде­окамераға түсі­ріп отырды. Корея­ның халқы тәртіпке жақсы бағы­нады. Сондықтан да індет тез тіз­гінделді деп ойлаймын», дейді ол. Ал Ұлыбритания болса науқас­тармен байланыста болғандардың кез келгеніне тест жасап, ауру­ханаға жатқыза бермейді. «Мұнда тек қана ауырған адамдарға және симптомдары бар екені дәлелденіп, жағдайы нашарлаған кісілерге, сондай-ақ маңызды жұмысшыларға ғана тест жасайды. Қазір күніне 100 мың маңызды жұмысшыға және олардың отбасы мүшелеріне тегін тест жасау жоспарланған. Әзірге күніне 28-29 мыңға жуық адам тест жасатады. Мысалы, кеше тест жасалған 23 мың адамның 5 мыңында ауру анықталды. Ал коронавирус алғаш анықталғаннан бүгінге дейін 640 мың адамға тест жасалды. Соның ішінде 148 мыңынан ауру анықталды», дейді Р.Қайыржанов. Біздің елде де коронавирусқа жаппай тест тапсырылып жатыр. Мәселен, елордада 9 сәуірден бастап жаппай экспресс-тестілеу жүргізу басталған болатын. Жұма күні өткен онлайн брифинг кезінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен бас қалада 12 752 адам тапсырғанын айтты. Ал 41 мың экспресс-тест квота бойынша арнайы медицина, полиция, Ұлттық ұлан қызметкерлері, әскерилер, қала тіршілігін қамтамасыз ету жүйесі мен коммунал­дық қыз­меттердің жұмысшылары ара­сын­да үлестірілген. А.Есмағам­бетованың айтуын­­ша, Денсаулық сақ­тау министр­лігінің ғимара­ты­ндағы қызметкерлерге коро­н­а­ви­рус инфекциясы бойынша тестілеу екі аптада бір рет жүргізіледі. Қазақстанда дәрігер мен дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды «Ұлыбританияда халықтың саны 70 млн-нан асады. Сондық­тан дәрігерлер аз. Сол себепті коро­навируспен күреске зей­нет­ке шыққан 20 мыңнан астам меди­ци­на қызметкері жұмыс­қа ша­қы­рылды. Сон­дай-ақ ерікті­л­ер де атсалысуда. Мені де кө­мек­ке шақырған хаттар пошта­ма бір­­не­ше рет келді. Бірақ менің бұл елде ме­ди­­ци­­налық қызметті ат­қа­руға лицензиям бол­­ма­­­ған­­дық­тан бара алмадым. Ал бұл ел­­дегі ме­д­и­­циналық мақсаттағы бұйым­дар­дың тап­шылығына келетін болсақ, бас­тап­қыда қор­ғаныш заттары, аппараттар жетіс­пегені рас. Бұл жетіспеушілік әлі де бар. Сон­дық­тан да медицина қыз­меткерлері де ін­дет жұқ­ты­рып, біразы қайтыс болды», дейді Р.Қайыржанов. Ал Боран Рахымбекұлы Қарт­тар үйіндегі қариялардың қатты қиналғанын айтады. «Шарықтау шегі кезінде жағдай өте қиын болды. Он күннен бері қалада ауру азайып келеді. Мысалы, Нюкасъл­дегі Royal Victoria ауруханасының өзінде 24 наурыздан бастап 1500 төсек орынды босатып, төрт тікұшақ қонатын футбол алаңын дайындағанбыз. Қазір ең қажетті кәсіпорындар жұмыстарын ақырындап бастап жатыр. Әсіресе Қарттар үйін­де дайындық жақсы болмағандық­тан бір аптаның ішінде он адамға дейін қайтыс болған жағдайлар болды», дейді Б.Рахымбекұлы. Кореяда болса, тек маска тап­шы­лығы аздап туындаған. «Ауру алғаш таралғаннан бастап маска тағып жүру міндеттелді. Қазір де маскасыз жүрген адамды кезіктіру қиын. Басында маска тапшылығы болды. Бірақ ол мәселе де тез арада шешіліп, кез келген орыннан маска алуға мүмкіндік туды. Оңтүстік Кореяда медицина жақсы дамыған, клини­калар да жеткілікті болған­дықтан төсек-орын, аппарат жетіс­пеушілігі болмады. Тек ме­ди­цина қызметкерлерінің жүк­темесін жеңілдету үшін індет қатты таралған қалаларға басқа қалалардағы ақ халаттылар жұмылдырылды», дейді Г.Пасат. Бұл ретте біздегі жағдай тұрақты кө­рі­­неді. Бас санитар А.Есмағамбетова елі­­міз­­­де коронавируспен күреске тартыл­ған дәрі­­герлердің жеткілікті екенін айт­қан бола­тын. «Медициналық ұйым­дар­да дәрі­гер­­лер­дің же­тіс­­пеушілігін бол­­дырмау мақ­­­­саты­нда әр өңірде 10 па­­йыз­­дан бастап 20 па­­йызға дейін резерв қа­растырылған. Сон­­­дық­­тан бүгінде меди­цина қызмет­кер­лері жетк­ілікті», деді ол. Ал дәрі-дәрмек­­тер­ді еліміздің меди­­циналық ұйым­­дарына жеткізу жос­парлы түрде жүзеге асы­рылып жат­қанын жеткізген «СҚ-Фар­мация» ЖШС басқарма төр­ағасы Берік Шәріп тап­шы­лық болмайты­нын айтты. Осы мысал­дарға қарап, елі­міз­де де да­мы­ған елдер­дегідей қауіпті індет­пен бар­­лық тарапта жан-жақты күрес жүр­­гі­­зі­­ліп жат­қа­нын байқауға болады. Өйт­ке­ні мем­ле­кет­тің қамқорлығы қашанда маңызды.

egemen.kz

Ұқсас жаңалықтар