- Advertisement -

Абайдың үш ішекті домбырасы

390

- Advertisement -

Абай атамыздың соңында қалған өлеңдері мен қара сөздерінен бөлек, өзінің ішкі жан-дүниесінің махаббаты мен қайғысын күй арқылы білдірген домбырасы Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде негізгі экспонат ретінде көптеген жыл бойы көрермен назарына ұсынылып келеді.
Домбыраның құрылысы: ұзындығы 88 см., мойын ұзындығы 50см., 12 пернеден тұрады. Басында үш құлағы орналасқан, қарағай ағашынан жасалған, түсі қоңыр. Шанағында 10 дыбыс саңылауы бар. Өкінішке орай, бұл аспапты жасаушы ұстаның есімі және қай жылдары жасалғандығы жайлы ешбір деректер жоқ.
Бұл домбыраны Абайдың өзі және ақынның ұлы Ақылбай қолданған. Кейін бұл аспап мұра ретінде Ақылбайдың ұлы Исраилға қалады. Ұлы ақынның немересі Исраил бұл домбырамен облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі байқауларға қатысып жүреді. 1959 жылы Исраил дүние салып, кейіннен қыздары жәдігерді Семейдегі Абай Құнанбайұлының әдеби-мемориалдық музейіне тапсырған. Ал 1981 жылы Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қорына алынды.
Осы аспаптың ерекшелігін айта кететін болсақ, оның үш ішекті болып келуінде. Мұндай үш ішекті домбыралар Шығыс Қазақстан өңірінде кеңінен таралған. Яғни осындай аспапта ойнау шеберлерінің бірі Абай атамыз деп нақты айта аламыз. Онымен қоса, ұлы данышпанымыздың өзінің шығарған күйлері «Май түні», «Майда қоңыр», «Торы жорға», «Абайдың желдірмесі» осы үш ішекті домбыраға арналған.
Абайдың домбырасын көремін деушілерге Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің есігі әрдайым ашық.

Абзал Сүлейменов,
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің ғылыми қызметкері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support