Ағылшын тілінің мұғалімдері бас қосты

Ағылшын  тілінің мұғалімдері  бас қосты
ашық дереккөз
Ағылшын тілінің мұғалімдері бас қосты

Бүгінгі заман талабы жоғары. Инновациялық жаңалықтармен ерекшеленген уақытта мектептің жүрегі – мұғалімдерге жүктелер міндет зор. Әсіресе жаңартылған білім беру мазмұнымен оқыту бағдарламасы ұстаздар үшін маңызды. Тараздық мұғалімдер де мұндай жаңашылдықтан шет қалған емес. Бұған Сағадат Нұрмағанбетов атындағы №10 орта мектепте өткізілген «Шет тілін оқытуда заманауи әдістемелер мен тиімді педагогикалық технологияларды қолдану» атты қалалық семинар-практикумда тағы көзіміз жетті. Іс-шараны аталған мектеп директоры Бауыржан Бектұрғанов сөз сөйлеп ашып, Конфуцийдің «Адамды білімге апаратын үш жол бар. Біріншісі – ойлау жолы, екіншісі – ұқсау жолы, үшіншісі – тәжірибе жолы» деген қағидасынан ой сабақтап, білім саласында тәжірибенің маңыздылығына тоқталып, семинарға сәттілік тіледі. Мұнан соң аталған мектептің жоғары санатты ағылшын пәні мұғалімі, ағылшын тілі пәндер бірлестігінің жетекшісі Гүлмира Сабырходжаева «Менің жетістігім» тақырыбында тренингін бастап кетті. Қаланың елу мектебінен келген ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері тренингті алдын ала жазылған жылы тілектерді оқудан бастап, «Тюлпань», «Раушан», «Лейла» атауларымен үш топқа бөлініп, түрлі сынақтардан өтіп, өздерінің тәжірибелерін толықтырды. Коучинг барысында ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Роза Үстемірова, Аяжан Құрман, Жансая Аққұманова, Динара Дүйсебаева өзге мектептерден келген әріптестерінің қатысуымен ашық сабақтар өткізді. Мұнан соң семинарға келгендер аталған мектеп мұғалімдері Людмила Нұрметова, Мейрамгүл Партаева, Нуриза Мейрамханова өткізген сыныптан тыс ашық сабаққа куә болды. Директордың ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Индира Әбжамиева: «Іс-шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – мұғалімдердің оқыту барысында қолданатын тәжірибелеріне жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу. Оқушылардың сыни тұрғыда ойлау қабілетін дамыту», – дейді. Семинар-практикумды қорытындылаған мектеп директоры Бауыржан Өмірзақұлы мұғалімдердің талмай ізденуі оқушыларды сапалы білімге, нәтижеге жетелейтінін айтып, барлық білім ордасынан келген қонақтарға алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар