Ашық есік күні аясында

Ашық есік күні аясында
ашық дереккөз
Ашық есік күні аясында

45 адамның өтініштері қаралды

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Достық» үйінде ҚХА Қоғамдық келісім, Аналар кеңесі және облыстық қоғамдық кеңес тұрғындарды толғандырып отырған мәселелер бойынша Бірыңғай ашық есік күні аясында қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдаудың күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ең алдымен ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Шәбден Тілеумұрат, Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова және облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Сембек Сейдазимов өзара іс-қимылдарын үйлестіру жөніндегі ортақ меморандумға қол қойды. Келісімге келу барысында Шәбден Тоқтасынұлы:– «Nur Otan» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық кеңестер институтын нығайту бойынша қоғамдық бақылауды ұйымдастыру жөніндегі іс-қимылының 2019-2020 жылдарға арналған жалпы жоспарының 5-тармағында «Достық» үйлері базасында Қоғамдық келісім кеңестері мен қоғамдық кеңестер жұмысының өзара іс-қимылын үйлестіру бойынша бірыңғай күн өткізу жоспарланған болатын. Өңірлік ҚХА хатшылығы, облыстық қоғамдық кеңес, ҚХА қоғамдық келісім және аналар кеңестері ақылдаса келе, бірыңғай күнді қоғамдық қабылдау түрінде өткізуді жөн деп санадық, – деді өз сөзінде. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша тұрғындардың өзекті және жеке мәселелерін қарау үшін кеңес мүшелері мен басқарма, мекеме, ұйым басшыларынан құралған төрт топ жұмыс істеді. Бірінші топ – жұмыспен қамту, жасөспірімдер және еңбекке жарамсыздық мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдады. Сембек Сейдазимов бастаған топ құрамы бұл күні аталған тақырыптар аясында 16 мәселенің жай-жапсарымен танысып, шешу жолдарын көрсетті. Тұрғындар тек Тараз қаласынан ғана емес, аудан, ауылдардан да келді. Соның бірі Қарлығаш Қосаева Байзақ ауданына «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша барғанын, алайда баспанамен қамтылмағанын айтты. ІІ топ мүгедегі Азамат Шерматов болса 2008 жылдан бері пәтер кезегінде тұрғандығын, алайда баспаналы болу әзірге бұйырмай тұрғандығын айтып қынжылды. Мұнымен қоса емделу үшін порталға тұру жағынан көмек беруді сұрады. Жалғызбасты, көп балалы ана Әлия Асылбаева да үй мәселесі бойынша қайырылыпты. Екінші топ – халықтың елді мекендердегі ұлтаралық саяси ахуалы, татулық, тұрақтылық, тәртіп, дін, көші-қон, жастар мәселелеріне жауап берді. Топ мүшелері 10-нан астам мәселенің шешімін қарастырып, аймақ тұрғындарының жүгін жеңілдете түсті десе де болады. Келушілер қатарындағы Өзбекстаннан оралған Гүлмира Ізбасарова үшін азаматтық алу қиынға соғуда. Өйткені Өзбекстанда оған құжаттар дұрыс берілмеген көрінеді. Қазіргі таңда оның 3 баласының біреуінің ғана құжаты бар. Талас ауданынан 16 азаматтың өтінішін арқалап келген «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы және отандастар қорының» облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұхтар Тоққұлиев те аталған мәселе бойынша қоғамдық қабылдауға атбасын бұрған. Үшінші топқа жүгінген тұрғындар ауыл шаруашылығы, тіл, білім, ана мен балаларға қатысты бірқатар мәселелерін алға тартты. Топ мүшелері қоғамдық қабылдау барысында 6 мәселенің шешілу жолдарын талқылады. Төртінші топ – ардагерлер, денсаулық сақтау, мәдениет, тұрғын үй-коммуналдық мәселелері сынды 13 мәселенің мән-жайымен қанықты. Қоғамдық қабылдауға келушілердің басым көпшілігінің бағыты осында болды. Себебі денсаулық мәселесі мен баспана бабы қашанда бірінші орында тұрады емес пе? Солардың қатарындағы Шөлдала ауылынан келген тұрғын Ойгүл Жабарованың жолдасының жүрек ауруына байланысты мүгедектіктің тағайындалуы жөнінде өтінішімен танысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әлия Шатаева құжаттардың толық пакетін № 2 емханаға жолдап, мәселені тікелей өз бақылауына алды. Қорыта айтқанда, қоғамдық қабылдау барысында 45 адамның өтініші мен тілегі тыңдалып, бірқатарының мәселелері өз шешімін тапты. Кей мәселелер бойынша құжаттар тиісті орындарға жөнелтілді.

Назерке ОҢҒАР, облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз орталығының маманы.

Ұқсас жаңалықтар