«Волонтер дәрігерлер қозғалысынан» үміт күтеміз

«Волонтер дәрігерлер қозғалысынан» үміт күтеміз
ашық дереккөз
«Волонтер дәрігерлер қозғалысынан» үміт күтеміз

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Қасиетті Құран Кәрімде 132 жерде жүрек жайлы айтылады екен. Жер басып, тірі жүрмегіміз де дәл осы кеудеміздегі «жүрек» дейтін бір жапырақ қана еттің лүп-лүп еткен соғысына байлаулы. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, жүрек-қан тамырлары хирургтері Ассоциясының президенті, II дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, медицина ғылымдарының докторы, академик, «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының» директоры Сейтхан Жошыбаев жүрек аурудан ғана емес, пиғыл, пейілдің таза болмауынан да ауыратындығын айтады. «Дерттің біразы қара ниеттен туады. Пиғылы жаман жан – уайымшыл, кекшіл, ызалы болады. Ал ол жүрекке салмақ түсіреді», – дейді академик. Дәрігердің «Таза жүрек» атты жобаны ойлап табуының да басты себебі осы ойдан туса керек. Жуырда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының» ұйымдастыруымен «Саулық» бағыты арқылы медициналық волонтерлікті дамыту мақсатында «Волонтер дәрігерлер қозғалысы» құрылды. Қозғалыс облыс тұрғындары арасында қан айналым жүйесі ауруларына қарсы күрестің 2020-2022 жылдарға арналған «Таза жүрек» бағдарламасын жүзеге асырмақ. Бағдарлама таныстырылымы аталған орталықта өтті. Іс-шарада облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа «Birgemiz» республикалық фронт-офисі мен еріктілердің ендігі міндет-мақсаттарына тоқталды. Келесі кезекте сөз алған Сейітхан Жошыбаев елімізде азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы бүгінде 72,4 жасқа дейін екендігін, алдағы уақытта оны 75 жасқа жеткізу көзделіп отырғанын айтты. Қан айналымы жүйесінің аурулары әлемнің көптеген елдерінде өлім-жітімнің негізгі себепшісі болып отырған көрінеді. Науқастар мен қайтыс болғандардың ең көп саны 35-тен 65 жасқа дейінгі ер адамдарға келеді екен. «Таза жүрек» бағдарламасы да аталмыш статистикалық мәліметті жақсартуды мақсат етеді. Жүрегі таза, рухани бай жандар ғана түрлі аурулардан көбіне ада болатынын айтқан дәрігер еріктілерді де ізгі, мейірімді жандардың қатарына қосты. – Жобамызды жүзеге асыруға 30-дай ерікті қажет деп шешкен болатынбыз. Алайда бүгін мұнда жиналған еріктілер 70-80-нен асып жығылғанына қуанып отырмын. Алдағы уақытта осы жас еріктілердің көмегімен аудан-ауылдарды аралап, қарапайым халықты тексеруден өткізіп, анкета толтырып, аурудың алдын алып, ел саулығы мақсатында қызмет етеміз, – деді Сейітхан Жошыбаев. Бұдан әрі еріктілер сөз алып, ізгі іске атсалысуға дайын екендіктерін жеткізді.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар