- Advertisement -

Әлем чемпионы

204

- Advertisement -

атанған ару

Таяуда Румыния мемлекетінің Констанца қаласында жастар арасында қол күрестен (армрестлинг) өткен әлем чемпионатында Арайлым Сағатіллә 50 келі салмақ дәрежесінде жасындай жарқырап, алтыннан алқа тағынған болатын. Елге оралған жерлес аруымызды жетістігімен құттықтап, қуанышымен бөлісу үшін Қарасу ауылдық округінің әкімі Самат Селеубаевқа хабарласып, Шайдана ауылына бет алдық.
Қос чемпионның әкесі Берікжан Тоғатаев бізді қарсы алды. Қос чемпион деп отырғанымыз, Арайлымның әпкесі, яғни Берікжан ағамыздың тұңғыш перзенті Пернежан 2012 жылы Бразилия мемлекетінде өткен қол күрестен қарсылас біткенді қапы қалдырып, әлем чемпионы атанған болатын. Облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы Пернежан, бүгінде тұрмыс құрып, перзент тәрбиелеп отыр.
Арайлымның көзінен жеңістің алауы әлі де сөнбеген, өте көңілді. Әрине, 54 мемлекеттің алдында мемлекеттік Гимніміздің орындалуына себепші болу, көк Туымызды желбірету, үлкен бақыт, мәртебе емес пе?!
– Әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Жарыс басталар сәтте осында қалай жеткенімді ой-елегімнен өткіздім. Әпкем Пернежан әлем чемпионы атанғанда, отбасымызбен бірге ауыл-аймақ қуаныш бесігінде тербелгені әлі есімде. Әйтсе де бақыт сәулесі маған да нұрын шашады деп ойламаппын. Ата-анамның, елімнің сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді сарп еттім. Мүмкіндіктерімді қалт жібермедім. Нәтижесінде, сол қолдан – бірінші, оң қолдан – үшінші орынды иелендім, – дейді Арайлым Берікқызы ағынан жарылып.
Осы тұста: «Біздің аудан, облыс, республикамыз өзіңмен мақтанады, Арайлым! Осы қалпыңмен әлемдік додаларда мемлекетіміздің атын шығарып, биік белестерді бағындыра беруіңе тілектеспін», – деген ауылдық округ әкімі Самат Әпсадықұлы спорт саласына қомақты үлес қосқан Арайлым Берікжанқызын арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Арайлым қазіргі таңда Тараз иновациялық-гуманитарлық университетінің 4-курс студенті.

Бет қатталып жатқанда:
Арайлым кеше Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында топ жарып,
бірінші орын иеленді.

Ақжігіт Жетпісбай,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support