- Advertisement -

Қасиетті қара шаңырақтың тілекшісі

92

- Advertisement -

Еңбек майданында шыңдалған көнекөздердің қатарында Талапты ауылының қадірменді анасы, еңбек майданының майталманы, бүгінде сексен төрт жасқа келіп отырған Кәмилакүл Ахметқызы бар. Ол бұрынғы Ақсай ауылында туып-өскен. Өзінің айтуынша, ата-аналары шаруа кісілер болыпты. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары әкесі Ахметті өкімет «бай-құлақ» деп қудалаған көрінеді. Бұл отбасының басынан сан қилы оқиғалар өткен. Біздің кейіпкеріміз бір отбасында үш қыз тәрбиеленген.

Сонымен бойжеткен Кәмилакүл 1956 жылы Талапты ауылындағы Әбдіхан деген қарияның шаңырағына келін болып түседі. Күйеуі Әшімхан Әбдіханұлы «Ленин» ұжымшарында есепші болып, кейіннен ауыл мектебінде еңбек пәнінен ұстаздық еткен. Тағдырдың жазмышы болар, 1969 жылы Әшімхан кенеттен дүние салады. Бес баланы асырап, жеткізу жастайынан ерінен айырылып, жесір қалған Кәмилакүл апаға оңай болмаған. Сол кездегі тәрбиенің әсері болар, бәлкім адамның бойындағы намыс болар, Кәмилакүл тез ес жиып, белді бекем буады. Намысқа тырысып ұжымшардың жұмысына шығады. Алғашында қызылшада жұмыс істеді, картоп, жүгері алқаптарында сушы болды. Әйтеуір, ұжымшар басшы-лығы қайда жұмсаса, сонда барып жұмыс істеді. Шиеттей бала-шағаны асырап-бағу оңай емес. Ол балаларының болашағы үшін көп қиыншылықтарды бастан өткізді.
– Небәрі 17 жасымда осы әулетке келін болып түстім. Онда қайын атам, екі енем бар болатын. Бәріне ізет көрсетіп, қызмет еттік. Күйеуім Әшімхан өте ақкөңіл, бойшаң кісі болатын. Ұжымшарда, одан соң ауыл мектебінде жұмыс істеді. Сөйтіп, ойламаған жерден жас шағында қайтыс болды. Содан еңбекке араласып кете бардық. Қазір жасым сексеннен асты. Осы ғұмырымда Алла тағаланың көрсеткенін көріп келе жатырмын. Шүкір, еңбек етіп ел қатарына қосылдық. Құдайдың берген перзенттері екі ұл, үш қызды «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» асырап, жеткіздім. Қиыншылықтарды да көп көрдім. Балаларым есейген соң маған қолғанат бола білді. Еңбекке баулып өсірдім. Енді, міне, осылардың қызығын көріп отырмын, – дейді Кәмилакүл Ахметқызы.
«Орнында бар оңалар» деген сөз бар халқымызда. Әшімханның кіндігінен тараған Қыдырбек, Қасымбек есімді екі ұл, Шолпан, Науаткүл, Ләззат есімді қыздар бар. Үйдің тұңғышы Қыдырбек бұрынғы Фрунзе қаласында ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Мамандығы бойынша ауданда біраз жыл жұмыс істеп, қазіргі таңда «Өркен-1» шаруа қожалығын басқарып келеді. Үш қызының үшеуі де жоғары білімді.
Талапты ауылындағы іргесі берік әулеттердің бірі саналатын Әбдіхановтардың қара шаңырағының түтінін Қасымбек Әшімханұлы түтетіп отыр. Ол Жамбыл қаласындағы гидромелиоративтік институтын бітірген екен. Ленин колхозында 17 жыл жүргізуші болып жұмыс істеп, кейіннен Тараз мемлекеттік университетінде оқып, 2001 жылы ауылдағы №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепке сызу және көркем еңбек пәні бойынша мұғалім болып ауысады. Жұбайы Жанат мектепте 32 жылдан бері бастауыш сыныптың мұғалімі болып еңбек етіп келеді екен. Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеген өнегелі жанұя. Жалпы бұл әулетте ұрпақ жалғастығындай болып 15 немере, 19 шөбере өркен жайып отыр.
– Анамыз сексен жастан асса да бізге әлі күнге ақыл-кеңесін айтып отырады. Немере, шөберелерін бағып, ұл-қыздарының қызығын көріп жүріп жатыр. Әлі де жеңіл-желпі жұмыстарды тындырып тастайды. Біз қаншалықты есейіп кетсек те анамызға сәби болып қала береміз. Анамыз, бауырларымыз, ұрпағымыз аман болсын. Анамыз аман-есен болса, біз де қартаймаймыз, – дейді қара шаңырақтың иесі Қасымбек Әшімханұлы.
Иә, ауыл – береке, ауылда тұрған соң тірлік керек. Техниканың тілін меңгеріп, төрт түлік асырау да маңызды. Осы орайда, Әбдіхановтар әулетінің үлкен ұлы Қыдырбек ағаның құрған қожалығы Талапты ауылында орналасқан. Иелігінде 500 гектардай жері бар. Оған арпа, бидай, мақсары, жоңышқа, картоп егіледі. Малдың басын көбейтуді де қолға алған. Інісі Қасымбек те аталған шаруа қожалығының мүшесі. Шаруашылықтың жұмысы өнімді. Аталған шаруа қожалық бірқатар салалық медальдарға, басқа да марапаттарға лайық деп танылуда.
Әбдіхановтардың Талапты ауылындағы қара шаңырағында болып, отбасы мүшелерімен сұхбат-тасып, әңгімелесіп болған соң Кәмилакүл анамыз:
– Кейінгі жастарға айтарым, ерінбей еңбек етіңдер, зиянды әдеттерден аулақ болыңдар, ешкімге жаман сөз айтпаңдар. Қатарларыңның алды болып, өсіп-өне беріңдер, – деп бата берді. Жасы сексеннен асқан ақ жаулықты ананың тілегі қабыл болсын. Ақ тілеулі аналарымыз барда Отанымыздың да берекесі мен ынтымағы арта бермек.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support