- Advertisement -

Қасиетті Қазақстан энциклопедиясында – өңір тарихы

236

- Advertisement -

Еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылдың 12 сәуірінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялап, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыруды тапсырғаны белгілі. Мақалада: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз. Мәселе, еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ.
Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мав-золейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді», деп атап көрсеткені сала ісіне едәуір серпіліс әкелген болатын.
Осыған байланысты «Қазақстанның 100 киелі нысанының» тізімі жасалды. Ұлттық музей жанындағы «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы ұлттық сарапшылар кеңесінің отырысында оған Жамбыл облысынан ұсынылған 33 нысанның ішінде 8 жалпыұлттық тарихи-мәдени ескерткішті іріктеп алғанын айта кету керек. Олар – ХІV ғасырға жататын Тектұрмас кесенесі, ХІ ғасырдан жеткен Қарахан кесенесі мен ХІ-ХІІ ғасырларға тән Айша бибі мазары, сондай-ақ Х-ХІ ғасырларда бой көтерген Бабажы Хатун мазары мен Байзақ батыр Мәмбетұлының кесенесі. Ал археологиялық ескерткіштерден: VІІІ-ІХ ғасырларға жататын Ақыртас сарай-кешені мен тарихын тереңнен алатын І-ХІХ ғасырларға жататын Ежелгі Тараз қалашығы және Меркі-Жайсан түркі ғұрыптық кешені еніп отыр.
Сол жылы Мәдениет және спорт министрлігінің сұрауымен өңірімізде жергілікті маңызы бар қасиетті орындардың тізімдері де жасақталды. Сондай-ақ облысымыздағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі 2017-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» тарапынан 2018 жылы көпшілік қауымға арналған «Әулиеатаның қасиетті орындары» атты үш тілде жазылған ғылыми-танымдық оқу құралы және киелі орындардың картасы жарық көріп, ғаламтор желісіне «Qasietti-taraz» сайты ашылған еді. Сайттың ерекшелігі – көпшілік оқырманға қолжетімді мәліметтермен толықтырылып, қажет болған жағдайда жүктеп алып оқу мәселесі де қарастырылғанында.
Қазір осы ірі мәдени жобалардың жалғасы ретінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясын жарыққа шығару, көпшілікке насихаттау жұмыстары жүргізілуде.
Энциклопедиялық жинақтың І томы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының және Ақмола мен Алматы облыстарының киелі жерлері мен тарихи оқиғалар өткен қасиетті орындары, табиғи ландшафттың ерекше ескерткіштері және ұлттық құнды мәдени мұралары негізінде 2017 жылы «Арыс» баспасынан шықса, 2018 жылы Ақтөбе және Атырау, Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарын қамтыған ІІ том жарыққа шықты.
Былтыр жыл соңына қарай Нұр-Сұлтан қаласында басылып шыққан жинақтың 3-томы (қазақ және орыс тілдерінде) Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл облыстарының қасиетті нысандарына арналып отыр. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Біздің қазақ жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер, су, жапан дүзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» деп көрсеткеніндей, аталған энциклопедияның болашақ ұрпақ үшін танымдық маңызы зор.
Энциклопедияны құрастыруда жергілікті өлкетанушылар мен тарихшылардан алған деректер мен мәліметтер негізге алынды. Ал Жамбыл өңірінің қасиетті нысандарын жазуда тарихшы, археолог С.Қалиев, ғалым, өлкетанушы Д.Байдалиев, сондай-ақ, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының ұжымы ерекше қызмет атқарды. Соның арқасында облыстағы табиғи ландшафты орындар, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер және көне ортағасырлық қалалар, Қазақ хандығының астаналары мен діни және ғибадат орындары, тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындарға байланысты 80 нысан туралы негізгі мәліметтер аталмыш энциклопедияда жарық көрді.
Ақпан айының соңында Жамбыл өңірінде барлық өңірдегі өлкетанушылардың басын қосқан іргелі жиын өткізу жоспарланған болатын. Қазір осы бағытта дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жиында «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының 3-томы, көпшілікке таныстырылады.
Жалпы бұл жұмыс осымен тоқтап қалмасы белгілі. Алдағы уақытта Жамбыл облысының қасиетті нысандары кең көлемде насихатталып, жаңа деректермен толығатын болады. Өз тарихымызды танып білмей оны бағаламай, біздің туған өлкемізге, Отанымызға деген сүйіспеншілік қалыптаспайды.
Өңір тарихы, елді мекендерінің атаулары мен ерекшеліктері әртүрлі қырынан әлі де көптеген зерттеулерді қажет ететіні анық. Себебі Отанға деген сүйіспеншілік өлкені танудан басталады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Көптеген адамдар туған өлке деп тек «өзінің» облысымен немесе «өзінің» ауданымен шектеледі. Перзенттік сүйіспеншілік пен аялы көзқарасқа – патриоттық көңіл күйдегі жастардың қайратты, шебер қолдары мен қалтқысыз жасампаз еңбегіне мұқтаж жерлер Қазақстанда көп. Айталық, біртұтас халықтың өндірістің барлық салаларындағы балалары Қазақстанның гүлденуі мен күш-қуатының артуы жолында жұмыла еңбек етсе, несі жаман» деген тұжырымы арқылы соны меңзесе керек.

Қуаныш Дәурембеков,
облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support