- Advertisement -

Қазақтың мейірімі мен тілін ұмытпаған немістер-ай!..

210

- Advertisement -

Тәуелсіздік жылдары Сарысу ауданының Байқадам ауылынан тарихи отаны – Германияға қоныс аударған немістердің тойынан түсірілген бейнекөрініс былтыр көктемде әлеуметтік желіні шарлап кетті. Кәрі құрлықтың әлдебір қаласында өтіп жатқан тойды немістер емес, қазақтар жасап жатқан сияқты. Ер-азаматтары қазақтың шапанын, қыз-келіншектері камзолын киген қауым бүгінгі қазақ тойының хит әндеріне айналған музыка ырғағына би билеп, халық әнін шырқап жатқанын көріп, жүрегіміз жарылардай қуанғанымыз бар. «Байқадамдық туыстарға Германиядан сәлем!» дегенде тіпті сан жыл көрмеген бірге туғандарымызбен қауышқандай жанарымыз жасаурап сала берді.
Бұрын Байқадам аталатын іргелі ауылдың күн батыс жағындағы «Коммунар» кеңшары орталығының Ленин көшесінің тең жартысында қазақтар, келесі жартысында немістер тұрды. Осы ауылдағылар оны «неміс көшесі» дейтін. Ұлы Отан соғысы жылдарында күшпен қоныстандырылған неміс ұлтының өкілдеріне жергілікті тұрғындар құрметінің бір көрінісі шығар бұл.
Шаруашылықта зоотехник болып еңбек ететін әкем жарықтықтың Андрей есімді тракторшы жекжаты болды. Кеңшардың құмдағы қыстауына жемшөпті соның тракторымен жеткізетін көбіне. Карл мен қазақ отбасының тәрбиесінде болған Ендәулен де механизатор болып еңбек етті. Олар да «МТЗ-50» және «ЮМЗ-6» тракторымен қыстаулар мен көктеулерге мал азығын тасыды. «Бақырауық Карл» атанып кеткен ақжарқын азаматпен үлкен де, кіші де қалжыңдасып ойнайтыны естен шықпайды. Үлкен де, кіші де «Сашка ағай» дейтін азамат отбасымен кеңшардың моншасын жағып, соған қарады. Қазақша сөйлегенде ағып тұратын олар тілімізді меңгеріп қана қоймай, салт-дәстүрімізді де ұстанды. Балалар болса, бірге доп қуып, бірге мал қайырды.
Ауылдастардың бірінің үйіне келін түссе, беташарда бірге болып, жаңа түскен келін неміс көршілерге де сәлем салады. Ол заманда той деген қазіргідей толып жатқан тойханаларда емес, аулада, палатканың ішінде өтетін. Жастарға олар да ақ тілегін арнап, қазақтың әнін шырқап, би билеп, ауылдастар бірге тойлайды. Өз кезегінде олардың да тойының төрінде біздің үлкендер отырды.
Бірде «соғымбасы» беріліп жатқан үйде шаруашылық жұмысынан кештеу жеткен бақырауық Карл төменгі жақта сол атаға күйеу бала болып келетін жігіттің жанына отыра кетпей ме. Ет турап отырған үй иесі малдың төсін байқамай Карлдың алдына қояды. Қу тілді Карекең «Ау, аға, маған қай қызыңызды беріп едіңіз, жоқ әлде күйеу қылмақ ойыңызда бар ма?» деп төсті жәукемдей береді ғой. «Ойбүй, Карлжан кешіре гөр, жаздым, жаңылдым» деп жамбас тартып зорға құтылады отағасы. Әзіл-қалжыңы мен ынтымақ-бірлігі жарасқан коммунарлық қазақтар пен немістердің тіршілігіне сырттан келген қонақ қызығып, таң-тамаша… Қазақтың «соғымбасы» дәстүрін олар да іліп алып, ауыл үлкендерін шақырып, алдарына бас тартатын.
Неміс ұлтының өкілдері тазалықты, жинақылықты басты қағида етіп ұстады. Олар тұратын кеңшардың қоржын үйлері аршыған жұмыртқадай аппақ. Аула қоршауларын жылдың төрт мезгілінде сырлап, жаңартады. Одан қазақтар да қалыспай, үй-жайларын күтіп ұстады. Содан барып, «неміс көшесі» ауыл бойынша жыл сайын «үздік көше» аталып келді. Олардан біздің азаматтар бау-бақша өсіріп, күтіп-баптауды, қыз-келіншектер жағы көкөніс өнімдерінен шыны (банкі) жабуды үйренді.
Айтпақшы, немістердің бәрі трактор айдап, қара жұмысқа жегілген жоқ. Байқадамдағы аудандық коммуналдық-шаруашылық мекемесін Яков Андреевич Фриг деген кісі басқарды. Ол да қазақтың қара сөзінің түбін түсіретін. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Қырықбай Асанов мекеме жұмысында кемшілік орын алып, «қуыра» бастаса, сөз қадірін жете түсінетін ол Қырекеңе қалжыңдап құтылып кететін.
Еңбекқорлығымен қатар, біздің немістер өте сауыққой еді. Бос уақыттарында ауылдың Мәдениет үйін жергілікті өнерпаз жастармен қосылып, ән-жырға бөлейді. Осы мәдениет ошағының сахнасында бүлдіршін қыз Анна Вундердің алғаш рет ән салғаны есте. Кейіннен белгілі өнерпаз Арқабай Жәдікеев жетекшілік ететін «Шұғыла әуендері» ансамблінің белді мүшесі болды. Анна бүгінде отбасымен Тараз қаласында тұрады, қазақтың келіні. Облыстық филармонияның әншісі.
Немістер ойға түссе, 1969 жұт жылғы мына оқиға еріксіз еске оралады. Облыс орталығынан Байқадамға шыққан автобус Сорбұлақтан өткен соң, ат құлағы көрінбейтін бораннан тұрып қалады. Ақ түтек боранда бірнеше адам, көлігін тастап ауылға жаяулатып кетеді. Қайдан, қарға адым жер жүру мүмкін емес. Сонда орта мектепте мұғалім болып еңбек ететін, бойы екі метрге жуық неміс ұлтының өкілі Шуллер жүруден қалған жолаушыларды кезек-кезек арқалап, аудан орталығымен іргелес жатқан Ұйым ауылына 500-600 метрдей қалғанда электр бағанасын құшақтаған күйі мерт болады. Қазақтың жасаған жақсылығын жанын қиып қайтарған осындай да ерлер өткен.
Әкемізбен үзеңгілес жүріп, бірге еңбек еткен алдыңғы толқындары тарихи отандарына барған соң табиғат заңымен бақилық болғанын естиміз. Кіндік қаны ауылда тамып, сонда есейіп, ер жеткен біздің замандастар мен кейінгілер ауық-ауық Сарысуға атбасын бұрып тұрады. Қайбір жылы Сашка Германиядан келісімен «Жылқының етін қатты аңсап келдім, тезірек қазан көтерші» депті Ақмеия досының әйеліне.
Неміс ұлтының өкілдері Сарысу ауданында ғана емес, облыстың барлық өңірінде мекен етті. Мәселен Талас ауданы Ойық ауылында да қазақтармен қоян-қолтық араласып, бір атаның баласындай тату-тәтті ғұмыр кешті. Анабір жылы Танаби бажаның үйіне түскеніміз бар. Үйді Германияға қоныс аударып бара жатқан немістен сатып алған. Керемет енді. Бау-бақшасы қандай! Жүзімдігінен көз тұнады.
Осы ауылдағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің 1982 жылғы түлегі Андрей Греб туған ауылына жылына бір рет келіп тұратын көрінеді. Сол жылғы түлектер «Кластасымыз келген сайын ауылда басталған той-думан облыс орталығында жалғасып, мәре-сәре болып қаламыз» дейді. Ол қазақ достарын Германияға да шақырып, қонақ етіп жіберіпті.
Мойынқұм ауданында «ПМК-2006» мекемесін ұзақ жыл басқарған неміс ұлтының өкілі Иван Экгардтың іскер басшылығы, асқан ұйымдастырушылығы туралы ел әлі күнге аңыз қылып айтады. Иван Богданович басқаратын құрылыс мекемесі Мойынқұм және Сарысу ауданының төменгі Шу бойында жатқан ауылдарында типтік негізде мектеп ғимараттарын салды. Аудан орталығындағы мәдениет, білім, басқа да салалардың нысандарында, қаздай тізілген ақ шаңқай үйлерде де қолтаңбасы қалды. Жергілікті ұлттың тілін майын тамыза сөйлейтін оның ұтқыр сөздерін мойынқұмдықтар ұмытқан жоқ. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып ширек ғасырға жуық жемісті еңбек еткен Айтбай Назарбековпен достық, сыйластық қарым-қатынасы, әзіл-қалжыңы қандай еді! Германияға қоныс аударып, сонда қайтыс болған соң, «Жасұлан» кеңшарында директор болып еңбек еткен ұлы Отто Иванович Мойынқұмға келіп, әке рухына арнап ас берді.
Тарихи отандарында жүрсе де қиын-қыстау кезеңде бауырына басқан қазақтың мейірімі мен тілін ұмытпай ыстық ықыласын білдіріп, сәлемін жолдап жатқан, «Туған жер, өскен елім» деп ат ізін салып, келіп тұратын неміс ұлтының өкілдерінен қалай ғана айналып кетпейсің…

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу, Талас және
Мойынқұм аудандары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support