- Advertisement -

Біздің Болашақ гидтер

Тараз – шетелдіктер көзімен

79

- Advertisement -

португалдық туристке жол көрсетті

Тараз қаласын бүгінде шетелдік туристерге таныстыру, оларға қызмет көрсетуді мінсіз ұйымдастыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл орайда Жамбыл политехникалық жоғары колледжі 2017 жылдан бері гид-экскурсовод мамандарды даярлау ісін жүйелі жүргізіп келеді. Оқу орнында мамандарды кәсібіне машықтандыру мақсатында дуалды білім беру тәжірибесі оңтайлы жүзеге асырылған. Бұрнағы күні болашақ гидтер Таразға арнайы келген португалдық турист Диего Нуноның саяхатын ойдағыдай ұйымдастыруға атсалысты.

Еуропалық жастар арасында саяхаттың бұл түрі «гипер» аталады. Былтыр Лиссабон қаласындағы жоғары мектептердің бірін тәмамдаған Диего жоғары оқу орнына түсер алдында ел аралап, жер көруді мақсат етіпті. Оның аңсары Азия елдеріне ауғанға ұқсайды.
– Тараз мен болған алғашқы азиялық қаланың бірі. Мұнда болған екі апта ішінде қаланың туристік әлеуетінің мол екендігін аңғардым. Халқы да қонақжай. Әсіресе ұлттық асхана мәзірі маған қатты ұнады, – дейді Д.Нуно.
Диегоны Таразға арнайы туристік платформа көмегімен «Тараз-Турист» туристік ақпараттық орталығының туроператоры Ілияс Отан шақырған. Кейіннен Ілияс дуалды білім беру жүйесіне сай жас туристке қызмет көрсетуді Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде білім алып жатқан болашақ гидтерге сеніп тапсырған. Өз кезегінде студенттер бұл тапсырманы жоғары деңгейде орындап шығуға барын салғанға ұқсайды.
– Диего тек ағылшын тілінде сөйлейтін болғандықтан біз де онымен тұрақты қарым-қатынас жасау арқылы тілдік қабілетімізді жетілдіре түстік. Әрине, гид-экскурсовод мамандарын даярлауда теориямен бірге тәжірибе де үлкен мәнге ие. Ал бұл тәжірибені шетелдік туристің қасында жүріп алудың әсері тіптен бөлек. Біз Диегоға Тараздың тарихын таныстырып, қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы әңгімелеп бердік. Ол да португалдықтардың күнделікті өмір сүру дағдысын әңгімелеп берді, – дейді «Туризм» мамандығының 2-курс студенті Батыр Нұрмерген.
Болашақта «Халықаралық қатынастар» мамандығын меңгеріп, елдер арасындағы дипломатиялық байланысқа күш салуға ниет етіп отырған португалдық жастың Ұлы Жібек жолы бойындағы Тараз қаласына келуінің өзіндік себебі де бар екен.
– Тараз – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихи қала. Бұл қаланың тарихы осы жолмен тікелей байланысты. Адамзат тарихындағы ең үлкен жаңалықтары дәл осы Ұлы Жібек жолымен байланысты. Түрлі шапқыншылық салдарынан үзілген сауда-экономикалық байланысты жандандыру үшін португалдықтар кемемен Үндістан арқылы Қытайға баратын жолды іздеуге аттанады. Осылайша оған дейін адамзатқа беймәлім болып келген Америка құрлығы ашылды, – дейді Диего.
Жас турист сапары соңында өзіне екі апта бойы мінсіз қызмет көрсетуге тырысқан замандастарымен қимай қоштасып, оларға алғысын жеткізді.
Айта кету керек, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Туризм» мамандығы 2017 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сұранысына сай ашылған. Биыл алғашқы түлектері түлеп ұшады. Колледж директорының орынбасары Саят Қойшыбаев олардың еңбек нарығында сұранысқа ие болатындығына сенімді. Әрине, өздерін іс жүзінде тараздық туристерге қызмет көрсетумен сынап көріп жүрген жас мамандардың кәсібилігі күмән тудырмайды. Оларға осынау мүмкіндікті сыйлап жүрген «Тараз-Турист» туристік ақпараттық орталығының туроператоры Ілияс Отан студенттер үшін мұндай кездесулер алдағы уақытта көптеп ұйымдастырылатынын айтады.

Шынболат Күзекбаев,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support