- Advertisement -

Өңір айтысының ертеңі – жас таланттар

86

- Advertisement -

Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық «Жамбыл дарыны» орталығында «Жыр алыбы – Жамбылым» атты облыстық оқушылар айтысы өтті. Аталған орталықтың директоры Шариякүл Қашқынованың сөзіне сүйенсек, бұл іс-шара осымен 29-рет ұйымдастырылып отыр екен. Күні кеше осы өнер додасында топ жарған өнерпаздардың бірқатары бүгінде үлкен сахнада жүргеніне қарап, мамандардың дәстүрлі байқауды өткізу арқылы талай дарынды балғынға жол ашқанын шамалауға болады.
Оқушылар арасындағы бәсекеде алғашқы жұп қордайлық Ерқанат Асан мен байзақтық Балжан Темірқұлова ә дегеннен айтысты қыздырып жіберді. Өтеген батырдың ұрпағы екенін айтып жыр бастаған Ерқанат «Қордайдың аққу-қазы саңқылдаған, Өзен-көлі айнадай жарқыраған. Суық қарды мойныма тақаса да, қордайлықтар ештеңеден тартынбаған», – деп сөз жұптап, «Жамбыл ата – айтыстың ұлы ағысы», – дей келе айтарын үлкен ойын кесек сөзімен аңғартты. Оған Балжан да дес бермей: «Үндемегенім қарсылас, Сені сыйлағаным ғой», – деп бір қайырып, «Байзақтағы айналдым, жазиралы көк белден, Сол көк белдер қызыңның, Жанарына от берген», – деп Ерқанатқа есе бере қоймады.
Жас ақындар жұптарының арасында құландық Саламат Осалының: «Жетер ақын бар ма екен Жамбылыма, Жамбылдың жолын қуған Саламатпын», – деген сөзі оның құлашы кең екенін байқатса, «Қиындыққа мойымаймын былқ етпеймін, Шолақ мылтық секілді шыңқ етпеймін» деген жолдарының ұтымды шыққанын көрермен де мойындады. Ал оның қарсыласы таластық Айсұлу Жүнісбек: «Сен маған өктем-өктем сөйлемеші, Таласымның қызы жоқ жерде жатқан» немесе «Таластан жаңа шыққан жаңалықпын», «Айсұлуға қымбат-қымбат сөз айтпасаң, Мен сенің көне алмаймын қылжағыңа», – деп бекерге келмегенін көрсетті.
Осы байқауға бұрын да қатысып, бақ сынап көрген тараздық Мұхтар Қонарбаев бірер жылда айтысқа шын төселіп қалған екен. Ол әуелі Жамбыл ауданынан келген Алихан Яшармен айтысты. «Қонаққа жалғыз атын сойып берер, Айналдым қазағымның пейілінен», – деп бастаған Мұхтар келесі айналымда мойынқұмдық Мәншүк Бейсенбекпен сөз қағыстырды. Оның бұл кезеңде де, ойы жинақы, сөз саптауы ұтымды шықты. «Пулеметші Мәншүкті білуші едім, Домбыра ұстаған Мәншүк қош келіпсің» немесе «Екеуміз сахнаға сән берейік, Айтысқан Айкүміспен Жамбылдайын», – деп мазмұнды сөз айтты. Таластық 6 сынып оқушысы Бекболат Әбіханның да талабы таудай екенін, ерінбей ізденсе, келешекте алысқа шабатын қуаты барын байқатты.
Шешуші кезеңде қордайлық Ерқанат Асан мен тараздық Ақбота Есіркеп, Жамбыл ауданынан Мерейхан Райымбаев пен байзақтық Балжан Темірқұлова біз күткендей айтыс жасай алмады. Ал Т.Рысқұлов ауданынан келген 6 сынып оқушысы Наргиза Жайлыш меркілік Әділет Көшеровпен тамаша айтыс жасады. Әділеттің «Сенімен айтысады деген кезде, Кенен құсап үш ұмтылып орнымнан тұра алмадым», – деген әзіліне Наргиза: «Жұп болуым қалауы бір Алланың» деп ұтымды жауап қатты. Оның «Сыңғырлаған даусыммен тағы шықтым, Тоғжан мен Әйгерімнің шолпысындай», дей келе «Мақпалдай қызын баптап қосып отыр, Мақпал тау етегінде жатқан ауылым», – деп көмейі жырға толы жүйрік екенін танытты.
Ал Мұхтар Қонарбаев пенен таластық Айсұлудың айтысында тараздық жас ақын басым түсті. Мұхтар: «Айсұлу, аманбысың айналайын, Бетке ұстар ақын қызы Қаратаудың» немесе «Қарындасты төбеге көтермесем, Несіне ақынмын деп айта аламын», – деп қарсыласын көтермелей сөйлегені көңілге қонса, Айсұлу Жүнісбек те: «Шешуші кезеңдегі бұл айтыста, Мұхтарға жұп болғаным қандай жақсы», – деп сыпайылық көрсетті.
Сонымен, қазылар алқасының шешімімен тараздық Мұхтар Қонарбаев бас жүлде алса, бірінші жүлде Т.Рысқұлов ауданынан Наргиза Жайлышқа берілді. Таластың жас перісі Айсұлу Жүнісбек екінші, меркілік Әділет Көшеров үшінші орындарға лайық деп танылды. Бұл айтысқа алыстағы Қордай, Мойынқұм, Талас аудандарынан да қатысушылар шыққаны көңілімізді қуантты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен өңіріміздегі айтыс өнерін дамыту, ауылдағы жас таланттарды табу, соларға қолдау көрсету бағытындағы атқарылып жатқан шаралар оқушыларды да қанаттандырғанын сезіндік. Енді Мұхтар мен Наргиза республикалық оқушылар айтысында өңір намысын қорғайтын болады.

Е.Жаңабайұлы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support