- Advertisement -

Ақыл-ойдың биігіне жеткен ғұлама

Абай нұры – алаш аспанында

120

- Advertisement -

Кез келген халықтың өсіп-өркендеуі, ақыл-ойы мен санасының, әдебиеті мен мәдениетінің, өнері мен білімінің, қысқасы, бүкіл рухани жан дүниесінің дамуы, жалпы адамзаттық өркениетке ұмтылысы – ұлт ретінде адами болмысы мен рухына сілкініс әкелген, бетбұрыс жасаушы ұлы дарындардың қайталанбас қайраткерлік тұлғасына тікелей байланысты. Сол қатарда ақын Абайды атап өтуге болады. Қазақтың жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы реформатор, ғұлама – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады.

Биыл Абайдың 175 жылдығын тойлауға арналған іс-шаралар басталды. Ұлы ойшылдың мерейтойын 2020 жылы ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өту жоспарланып отыр. Бұл тойдың ерекшелігі ақынның шығармашылығын зерттеуге деген тың бетбұрыс туғызғанында, сол арқылы рухани мұрамыздың толыға түсетінінде болмақ.
Ақынның шығармашылығы – даналықтың, рухани жаңғырудың негізгі көзі. Адамзатты рухани-адамгершілік қасиеттерді сақтауға үндейтін, адамның бойындағы тумысынан берілген құндылықтарды дамыту қажеттігін ескерткен Абайдың қарасөздері – нағыз философиялық еңбек. Оның бірнешеуі алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Артынан Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тіліне аударылды.
Абыз жастарға құрғақ ақыл айтудан бойын аулақ ұстаған. Ол өз сөзінің дұрыстығын ісімен, өнегесімен көрсете білген. Білімге құштарлықтың, ғылымға бойламақтың қандай пайдасы барын насихаттаған. Ол ізгілікті ғана емес, табиғатты, болмысты, өмір шындығын, ақыл-парасатты, адамның мүмкіндіктерін, барлық тіршілікке қатыстыны ұштастырып бейнелеген.
Деректерде Абай алғашқы өлеңін 10 жасында жазғаны туралы мәлімет бар. Абай өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар көп. «Сегіз аяқ», «Қан сонарда бүркітші шығады аңға», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Желсіз түнде жарық ай», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» сияқты өлеңдерінің әрбірі – тың дүние. Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасынан «Татьянаның хатын» және «Ленскийдің сөзін», Михаил Лермонтовтың «Ой», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Қанжар», «Теректің сыйы» және тағы басқа өлеңдерін казақ тілінде сөйлетті. Абай поэма жанрын да шебер меңгерген. Оған «Масғұт», «Ескендір», «Әзім» сияқты шығармалар дәлел.
Батыстың өркениеті мен философиясы, ғылымы мен мәдениеті Абайдың рухани жағынан өсуіне айтарлықтай әсер етті. Ол Батыс пен Шығыс мәдениеттерін шебер ұштастыра білді. Абайдың негізгі зерттеу объектісі – адам.
Абай дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысты. Мен осы кіммін? Жан иелері өмірінің түпкі мәні неде? Барлық адам баласы, жан-жануарлар да тамақтанады, ұйықтайды, қорғанады, артына ұрпақ қалдырады. Сонда адам баласының басқа жан иелерінен айырмашылығы неде? Ол өзінің пәлсапалық шығармаларында адам баласының өмір сүру мақсатын, сол мұратына жету жолын, әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысын, жалпы заңдылықтарын ашып көрсетеді.
Абай – қазақ халқының ар-ожданы, ұлттық мақтанышы және намысы. Ақын өз заманына дейінгі дала данышпандарының даналық мәйегін меңгерген, бүкіл көшпелілер дүниетанымын, рухани болмысын, парасатын, көреген ойының мүмкіндіктерін танытқан, сол арқылы бүкіл адамзат санасының дамуына айрықша үлес қосқан дара тұлға. Ол халықты бақытты болашаққа бастар жолды іздеді. Жастардың бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие және білім беру арқылы жоюға үндеді. Сол үшін қазақ балаларын оқытатын мектептерді көптеп салуды жақтады. «Балаларды ата-аналарынан алып, мектепке беру керек, олардың біразын мамандықтың бір түрін, біразын басқа мамандықтарды игеруге бағыттау керек. Мектептерді көбейту қажет, оларда тіпті қыздар да оқитын болсын» деген сөзі – қазіргі білім беру жүйесіне де қажет қағида.
Ақынның мол әдеби мұрасы – тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы. Ұлттық ғылым академиясының академигі Уәлихан Қалижанов: «Ұлы Абай – қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы. Оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты, ал даналығы қазіргі заманмен үндес. Абай шығармашылығымен танысу сананы оятып, ойға ой қосады, жаңа көңіл күй мен сезімге бөлейді, асыл армандарға жетелейді, өзіңді-өзің талдап тазаруға итермелейді», – дей келе Абай поэзиясының ғұмырлылығы туралы: «Абай – бүкіл адамзат игілігі. Оның поэзиясы – мәңгілік поэзиясы, даналықтың, махаббат пен адалдықтың поэзиясы. Ғұлама ақын, ойшыл Абайдың мұрасын жаңаша ұғыну жалғаса береді, оның жалынды өлеңдері ешқашан да өзінің күшін жоғалтпайды. Өйткені Абай халықпен мәңгі бірге», – деп ой қорытындылайды.
Қазақтың идеалына айналған сегіз қырлы тұлға Абай – барша қазақтың мақтанышы. Оның есімі әрдайым халық жадында сақтала беретініне кәміл сенеміз. Өйткені ақын – биік парасат иесі. Оның мұрасы жаңа ұрпақпен бірге жасай береді.

Толқын АЙМАХАНОВА,
«Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support