Қайырымды қаладан – қайырымды қоғамға

Қайырымды қаладан – қайырымды қоғамға
ашық дереккөз
Қайырымды қаладан – қайырымды қоғамға

алматыда әл-фарабидың 1150 жылдығы салтанатты түрде ашылды

29 қаңтар күні Алматыда «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы салтанатты түрде бастау алды. Биыл ЮНЕСКО-ның қолдауымен халықаралық ауқымда аталып өтетін ғалымның мерейтойы әлемнің әр қиырынан келген мәртебелі қонақтардың басын қосты.

Айтулы шараға дүние жүзінде әл-Фарабидың атын иеленіп отырған жалғыз университет – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйытқы болды. Сонымен қатар Қазақ ұлттық университетінде әл-Фарабидың 1150 жылдық мерейтойының басталуына орай Әл-Фараби орталығы-кітапханасы ашылды. Cалтанатты жиында Мем­лекет­тік хатшы Қырымбек Көшер­баев ғұлама ғалым кезінде жауап беруге тырысқан – қайырымды қоғам, бақыт, адамның жетілуі тура­лы мәселелер қазіргі заман үшін де аса өзекті екенін тарата отырып, биыл Үкіметтің, ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ және ИСЕСКО халықаралық ұйымда­ры­ның қолдауымен түрлі елдер­дің ғалымдары Нұр-Сұлтан қала­сында, әл-Фарабидың отаны – Түркістан облысында және Парижде өтетін ірі халықаралық конференцияларда бас қосып, ұлы ойшылдың мұрасы жөнінде ой бөлісетінін айтты. «Ғылыми-сараптамалық іс-шара­лар сондай-ақ Түркия, Иордания, Италия, Қытай, Мысыр, Болгария және басқа да елдерде өтеді. Бүгінде әлемнің жетекші универ­ситеттерінде 12 орталық, ал Ыс­тамбұл мен Делиде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситеті ашқан мұражай-үйлер бар. Келешекте Конфуций институттары немесе Гете институттарының ғаламдық желілері секілді Әл-Фараби орталықтары да кеңейе бермек. Жақында «Әл-Фараби ізімен» атты ғылыми экспедиция жұмысын бастайды. Барлық іс-шара ғылымға және білімнің дамуына лайықты ықпал етеді деп сенеміз», деді Мемлекеттік хатшы. Мемлекеттік хатшы мәлім­де­ген­дей, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әлемдік талаптарға сай әл-Фараби ғы­лыми-технологиялық алқабы құ­рылмақ. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының қолдауымен жүзеге асатын бұл жоба озық технологиялар мен инновацияларды дамыту орталығына айналады деп жос­парланып отыр. Қырымбек Көшербаев әл-Фа­­ра­бидың қайырымды қоғам ту­ралы идеяларына негіздел­ген тағы бір жаңа жобаны атай келе, бұл бастамалар жастардың рухани-адамгершілік қасиетін қалыптастыруға бағыт­талаты­нына тоқталды. – Әл-Фарабидың отаны Оты­рар – Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның киелі мекені. Бүгінде облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістан аймағы күллі түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамып келеді. 1150 жылдықты мерекелеу аясында Түркістан облысында әл-Фараби мұрасын қайта жаңғырту және Отырар қаласын туристік кластер ретінде қайта қалпына келтіруге арналған іс-шаралар жүзеге асатын болады. Дамаск қаласындағы Әл-Фараби мәдени-тарихи орталығы мен музей-үйін жетілдіру мәселесі қолға алынады. Сол орталықтың негізінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы құрылады. Филиалдың қызметі әлемдік қауымдастықта ел мүддесін алға қойып, беделін арттыруға септеседі. Мерейтой аясында дана ойшылдың еңбектерін аудару, әл-Фараби энциклопедиясын шығару, ғұлама ғалым туралы деректі фильм және өмірбаяндық сериал түсіру, театрларда Ш.Құсайыновтың «Әл-Фараби» тарихи драмасын қою, тағы басқа шаралар қарастырылған, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Ұқсас жаңалықтар