- Advertisement -

ЖӘКЕМ

170

- Advertisement -

Жігіттің үш жұртының ең жақыны нағашы жұрты десіп жатады. Көп ізгі қасиет тің де сол нағашыдан жұғысты болып жататыны да жасырын емес. «Үйдің жақсысы ағашынан, жігіттің жақсысы нағашысынан» деп жатуы да осы сөзімізді толық растайды. Жақсы болсаң нағашысына тартқан ғой деп, тіпті жаман болсаң да нағашысы бәленше ғой деп жатады. Қалай болғанда да нағашының қай жағынан да мәртебесі аласарған емес. Біз де сол нағашыдан аузының салымы бар, бағы ашылған бір елміз.Қали СӘРСЕНБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Шешем Тұрғын Төлеутайқызы Сарысу ауданының бұрынғы Калинин совхозының Ленин атындағы орта мектебінде бастауыш сыныптан сабақ берді. Қазақы жосықпен айтсақ жөгінің қызы, молдас бұтағынан еді. Шешемнің әкесі Төлеутай мал баққан кісі, әжем Гүлсім үй шаруасында болды. Мен қаршадай күнімнен осы кісілердің қолында өстім. Көкдала деген жер болатын. Бұл кісілер жаз жайлауы, қыс қыстауы болып сол өңірде тіршілік етті. Қазынаның сиырын бақты.
Атамның бақташы деген аты болмаса, өне бойы зипа, зиялыға бергісіз кісі еді. Бойын тік ұстап, таза жүретін. Әлі күнге қолынан құманы түспейтін, үстіне қылау жұқтырмайтын, сақал-мұрты қолмен қойғандай бір бекзат кісі әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Құдды бір мал баққан емес, ой баққан, қызмет істеп отырған адамдай еді. Әлгінде зиялы деп те бекер айтқаным жоқ. Іңір түсе атам маған майшамның жарығымен кітап оқытып, өзі үнсіз тыңдайтын. Көбіне ескінің жырлары. Бертінде М.Әуезовтің «Абай жолын» оқитынымыз да есімде. Неге екенін кім білсін, өзі ауқатты тұрғаннан соң ба бұл кісі байларды жақсы көретін. Мұқаңның бір тұста байларға тиісіп кететін жері бар. Сондайда «жап кітапты» дейтін.
Көкдалада екі-үш кластық шағын мектеп болатын. Малшылардың он шақты баласы оқиды. Сол кластарды бітірген жылы әкем мені алып кетуге келді. Мінезі біртоға, кісімен аса көп ашылып сөйлесе бермейтін әкем байқаймын, шалға бірдеңе деуге бата алмай отыр. Ақыр соңы оқуымды ауылда жалғастыру керек екенін айтқанда атамның «Әй, бұл ит оқи біледі, санай біледі, енді оған мектептің керегі не?» дегені бар.
Осылай шал мен кемпірдің меншіктеп алған баласы болдым. Тіпті әке-шешемізді де көп жылдар өткен соң мойындадық қой. Отбасында балалардың үлкені Мұрат екеуміз өмірбақи шешеміздің атын атап кеттік. Шешемнің інілері Асан, Досан, Қасен бірінен-бірі өткен өнерлі еді. Бәрі де домбыра шертеді. Досанның дауысы қандай еді! Жігіттің сұлтаны, сұлуы бір болса осындай-ақ болар деуші едік. Қызмет баспалдақтарымен де сәтімен өрлеп келе жатыр еді. Бірде облыстың бір дуалы ауыз белгілі азаматының «Досан тірі болғанда ендігі облыстың дөкей басшысының бірі болар еді» деген сөзі әлі күнге жадымнан шықпайды. Маңдайға сыймай кетті ғой. Отырған жері жарық боп кететін. Қасен егер ізіне түскенде керемет суретші болар еді. Әкемнің кейде «бұған өнер нағашысынан қонған» дейтін сөзінде де жан бар. Онысы рас. Егер бүгінде бойымызда жақсы бірдеңенің шалығы болса соның бәрі нағашыдан-ау.
Жұмаділ, Жұмаш, Ақсейіт. Осы үш шалдан тараған нағашыларымның шапағатын аз көргеніміз жоқ. Біздің шал Төлеутай Ақсейіттен туады. Айналып келгенде менің нағашыларым оқыған-тоқыған, кілең бір көркем кісілер еді. Олардың атын осы Сарысу өңіріне ілім-білімді алып келген ағартушылардың қатарында атауға болады. Соның бірі де бірегейі Жұмаділ ағамыздың баласы Жатай Жұмаділов еді. Облыстың оқу-ағарту саласына қиын кезде сіңірген еңбегін көз көргендер әлі де ұмыта қойған жоқ. Облыс зиялыларының үркердей шоғырының жуан ортасында жүретін еді. Жай емес, жарқылдап жүретін еді жарықтық.
Әлі есімде. Қайсыбір жылы Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінен тәжірибеден өттім. Бір күні Жатай жәкемнің шаңырағына сәлем бере бардым. Үй толы қонақ екен. Байқаймын, төргі бөлмеде үлкен кісілер отыр. Кейбірін жыға танымасам да өзім қарамағынан тәжірибеден өтіп жүрген басылымның бас редакторы Баттал Жаңабаев ағаны көзім шалды. Оның қасында ол кісінің оң қолы, орынбасары, сол кездің тамаша очеркисі, бүгінде танымал қаламгер, осы Пернебай Дүйсенбин жөнінде пионер кезінде алғаш рет керемет мақала жазған Анарбек Айтбаев отыр екен. Әуелде баса көктеп баруға именген мені Жатай көкем үлкен басымен қонақтарға таныстырып, келешегімнен көп үміт күтетінін айтып жатыр. Облыс орталығында тұрады демесең, бұл кісілер сол кездің өзінде елімізге танылып қалған тұлғалар болатын. Сол жолы берген үлкен кісілердің батасы менің өмір жолымды ашқаны сөзсіз еді.
Жатай аға Алматыға жиі келетін. Әлгінде айтқанымдай, қазақтың жақсы, жайсаңдарымен де араласып тұрды. Әйгілі Ғабең – Ғабит Мүсіреповпен де ағалық-інілік ізетте болды. Ол кісінің облысқа сапары кезінде бірге болған ағаны Ғабең ұнатып қалыпты. Аса кірпияз қаламгердің кісіні ұнатуы өте сирек жағдай ғой. Ғабең ағамыздың бойындағы кішілік пен кісілікті, парасат-пайымын жоғары бағалаған екен. Кейіннен ағаның өзі жаңылмасам «Жалын» альманағында болуы керек, Ғабең жөнінде кең көлемді әдемі эссе жазды. Ол сөйлеп кетсе шешен, жазар болса қаламы да жүйрік жазарман еді. Бұл ретте мерзімді басылымдарда еліміздің оқу-ағарту саласы жөнінде жазған тың мақалалар шоғырын айрықша атауға болады.
Ол үлкен өмір жолынан өтті. Әу баста педагогикалық қызметінің басшылықтан басталуы жас маманның бойында бірден жауапкершілік жүгін арттырды. Бұған дейін мектеп директорының орынбасары, аудандық оқу бөлімінің инспекторы тәрізді сатыдан өткен ол Сарысу аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болды. Аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы қызметін атқарды. Әркімнің қолы жете бермейтін Мәскеудегі СОКП Орталық Комитетінің жанындағы жоғары партия мектебін бітірді. 1965 жылдан бастап облыстық білім басқармасын зейнет жасына дейін басқарды. Демек, үздіксіз 25 жыл басқарды деген сөз. Бұл облыстың оқу-ағарту саласында бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. «Жақсы болса жарықты кім көрмейді», «Дарақ бір жерде көгереді» деген осы. Жалпы бұл кісі өз кезінде облыстың білім саласында реформа жасаған адам. Осы сала тарихына үңілсеңіз оның қолтаңбасы сайрап жатыр. Облыстың ең шалғайындағы Сарысу ауданының Қамқалы, Жайлаукөл елді мекендерінде, Талас, Мойынқұм аудандарында 1 мыңнан астам орындық жаңа типтегі 30-дан аса мектеп осы кісінің басшылығымен салынып қоймай, ұстаздардың білім деңгейі, оқу орындарының материалдық, техникалық сапасы артты. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, өзінің мыңдаған ізбасарларын, жүздеген мектеп директорларын тәрбиелеп шығарды. Қысқасы бұл өзі қызмет те қонған, өнер де дарыған, дегдар әулет. Үш немере шалдың бірі Жұмаштан туған Жамантай ағамыз да облыс көлемінде үлкен лауазымды қызметтер атқарып, ел сүйіспеншілігіне бөленген жан.
Мағжан Жұмабаев «Алаштың игі жақсыларының басы қосылған жердегі төр мұғалімдікі» деген екен. Жатай ағамыздың отырған жері қашанда төр еді. Ол жиырма жылға жуық облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты болды. Елге сіңірген еңбегі айрықша ескеріліп, бүгінде Тараз қаласынан және өзі туған өңірден оның атына көше берілген. «Жақсының аты өлмейді» деген осы. Бүгінде Жұмаділовтер әулеті өсіп-өніп, Айткүл апай немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр.
Жатай аға сырт көзге салқындау көрінгенімен, жаратылысы жұмсақ жан еді. Әу бастағы қазақы тәрбиеден бе екен, үлкендердің алдында именіп, ұяңдық басым түсіп, бірден амандасуға аса кейіп білдіре қоймай, қашқақтап жүретін бала күндегі әдеттен қызмет істеген тұстарда да ажырамаған кезіміз. Осы әдетімнің өзіме бірде таяқ боп тигені бар. Осыдан көп жылдар бұрын ағамыз Алматыға келіп, маған телефон шалды. Онда «Жас Алаш» газетінде істейтінмін. Бір жекжатының үйінде жатқанын айтып, «келіп кет» деді. Жетіп барайын. Қысқасы аға маған бір шляпа алып кел деп тапсырма берді. Содан дүкендерді жағалайын. Пәтерде тұратын, күнімізді зорға көріп жүрген, көп жарлы-жақыбайдың біріміз. Тапқаның тамағыңнан, пәтерақыдан артылмайды, келесі жалақыға қарызданып, қауғаланып жететін заман ғой. Қатты сасайын. Қалпақтарыңыз удай қымбат. Арзандау біреуін алайын десем ұят. Қойшы әйтеуір бұл тапсырма орындалмады.
Кейін біліп жүрмін ғой. Бұл нағашының жиенді сынауы, қылжақтың бір түрі екен ғой. Ағаның сырт көзге салқындау көрінгенімен, жан дүниесі жұмсақ еді дегенім сол. Әйтпесе қырғын қалпағы бар адам менен не дәметуші еді.
Шешем марқұм Жатай ағаны үнемі «Жәкем» деп мақтан етіп отыратын. Содан бәріміз де «Жәкем» деп кеткенбіз. Табиғаты тұйықтау әкем де кейде бір көңілі тасыған сәтте «мен кімнен ығамын, әйелім облононың қарындасы болғанда» деп отыратыны да есте.
Қайран да қайран менің ақеділ нағашыларым-ай! Осылар да қара жерге сыйып жатыр-ау.
Рухы шат болсын!

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support