- Advertisement -

«Дария – кеуде,тау – мүсін…»

88

- Advertisement -

«Панам да елім, данам да елім, Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» деген сөзі халықтың жүрегіне жеткен Дінмұхамед Қонаевтың есімі әрбір қазақ үшін қастерлі һәм қасиетті. Мен кейде бұл дүниеден өтіп кеткен тараздық абадан ақын Бауыржан Үсеновтің:
Өз бүркітім топшысынан қайырылып,
Бөтен қарға елді аузына қаратты.
Белден басып, намысы мен дабысын,
Қара көзден тарам-тарам қан ақты, – деген өлең жолдарын оқыған сайын дүйім елдің Димашы атанған Дінмұхамед Ахметұлының тұлғалық болмысын көз алдыма елестетемін. Мұнда Бауыржан ақынның Димаш атаны көк аспанның әміршісі бүркітке теңеуі де тегіннен-тегін емес. Себебі, «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағиданы қызметтік ұстанымына балап, тұла бойына адалдық пен адамдықты, кісілік пен кішілікті ұштастыра білген Димаш ата ол теңеуге әбден лайық тұлғаның бірегейі десек те жарасады.
Қазақтың сыршыл ақыны Нұрсұлтан Әлімқұловтың сөзіне жазылған композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау» әніндегі:
Бақыт нұр шашқан,
Даңқың бар асқан,
Атыңнан айналдым, – деген өлең шумақтары да Димаш атаның тұлғалық болмысына арналып жазылғандай көрінеді маған. Тарихты бұрмалауға келмейтіні тәрізді, Дінмұхамед Ахметұлының қазақ халқы үшін жасаған игі істерін ешкім жоққа шығара алмайды.
Өзінің «Өтті дәурен осылай» атты кітабында «Жақсының жақсылығын көре білу бар да, оны айта жүру, үлгі ете білу бар» деген сөз өрбіткен екен. Шынтуайтында, Димаш атаның заңғар тұлғасы жыл өткен сайын асқақтап келеді. Әлі де асқақтай берері сөзсіз.
Ұзақ жылдар бойы Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Новосель деп аталып келген ауылдың аты бұдан былай халқына пана, жұртына қалқан бола білген Дінмұхамед Ахметұлының есімімен аталады. Бұл аудан жұртшылығы үшін де үлкен қуаныш болды. Өзім сол ауылдың тумасы болғандықтан, бұл шешімге мен де қатты қуандым.
Дінмұхамед Қонаев ауылы туралы кітап жазбасам да, ауылдың бүгінгі келбетін, сол ауылда өсіп келе жатқан жастардың тыныс-тіршілігін жазуды жөн көрдім. Адалын айту керек, ауылымыз жылдан-жылға жаңарып, түрлене түсуде. Олай дейтін себебім, біраз жыл бұрын ауызсуға зәру болған халықтың талап-тілегі орындалып, ауылға ауызсу құбыры тартылды. Бұған жергілікті жұртшылық ерекше қуанды. Әйтпесе, 3-4 шақырым жерден еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін су тасып әлек болатын. Міне, ендігі жерде бұл өзекті мәселе де оңтайлы шешімін тауып, қазіргі күні әр үйде ауызсу ағып тұрған жайы бар. Сонымен қатар жаңбыр жауса, әрең қозғалып, балшыққа бататын көше жолдарының жөнделуіне де биыл мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, асфальт төселінді. Ауылдағы ендігі шешімін таппай тұрған мәселе «көгілдір отын» мен ұялы байланыс жүйесі еді. Ақниет ауылдық округінің әкімі Нұрдос Тұрабаевтың кабинетіне барған едім. Ол өз сөзінде 2020 жылға жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, шымкенттік «Нумад» атты компания арнайы жобаны ұтып алғандығын және ол зерделеуден өткендігін айтып, «бұйыртса бұл мәселе де оңтайлы шешіліп қалар», деді. Оның сөзін тыңдап отырып, көз алдыма шартылдап жанатын қарағай отынының емес, шоғы жоқ, қызуы мол «көгілдір отын» елестеп кетті. Ал екінші айтқан мәселе бойынша «Ауылда тек «Beeline» ұялы байланыс операторы болғандықтан, басқа ұялы байланыс операторларын орнату үшін жергілікті тұрғындардан қол жинап, құжаттарды тиісті орындарға өткіземіз» деген жауап қайтарды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында: «Қазір қала мен ауыл мектептері арасында орта білімнің сапасы алшақтап барады. Шалғай елді мекендерде білікті педагог тапшы. Сондықтан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру керек» деп сөз өрбіткен еді. Бұл ретте, Дінмұхамед Қонаев ауылындағы білім ошағында 5 жас маман аталмыш бағдарлама шеңберінде қызмет атқаруда. Ауылдық емханаға аға дәрігер болып қызметке орныққан Аяулым Көшкін есімді жас маманды да осы тізімге енгізсек болады. Сондай-ақ демеушілік есебінен жеке кәсіпкер Ержан Мырхамыновтың ауыл жастарына арнап, спорт алаңын салып жатқандығы да көңіл қуантады. Спорт демекші, ауыл мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Николай Анатольевичтен дәріс алатын қыздар командасы волейболдан 5 жыл бойы аудан көлемінде ешкімге дес бермей келеді. Мінеки, Дінмұхамед Қонаев ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Мақаламның сөз басын Дінмұхамед Ахметұлы Қонавтың сөзімен бастап едім. Түйін сөзді былайша қорытындыласам деймін. «Алмазды шаң баспайтыны, алтынды тот баспайтыны» тәрізді қазақ халқының маңдайына біткен алып тұлға Димаш атаның тұлғалық болмысы тарих бетінде сөнбес сәуле болып қала бермек. Қонаев есімін иеленген ауылдың жастары да осынау алып тұлғаға қарап бой түзеп өсіп келеді.
Өйткені, ақын Сағи Жиенбаев жырлағандай «Дария – кеуде, тау – мүсін» тұлға тағылымы әрдайым жадымызда жаңғырып тұрады.

Дариға Құрманалы,
№1 лицей-мектебінің
11-сынып оқушысы.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support