«Айша бибі» бишілері Абу-Дабиде

7

Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының «Айша бибі» этнографиялық-фольклорлық би ансамблі мен дәстүрлі әнші «Мен қазақпын» республикалық мега жобасының «Көрермен көзайымы» аталымының иегері Сұлужан Әбенова, әнші, Италия Мемлекетінің Озимо қаласындағы опера өнері академиясының магистранты Әсел Уашева Абу-Даби қаласында өткен халықаралық Шейх Заид атындағы мәдени-тарихи мұралар фестиваліне қатысып қайтты. Бұған мемлекетіміздің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігі мұрындық болғанын айта кеткен жөн.
Абу-Дабидегі өнер байқауына «Айша бибі» би ансамблі «Тарту», «Ерке сылқым», «Қара жорға» секілді қазақ билерін орындап, шетелдіктердің ыстық ықыласына бөленді. Жалпы, ол жақта жамбылдық жерлестеріміз бір күнде бес рет сахнаға көтеріліп, өнер көрсетіп, отыз тәуліктің ішінде 128 концерт қойған. Сұлужан Әбенова мен Әсел Уашева дәстүрлі және қазақ композиторларының әндерінен репертуар жасақтап, қазақ музыкасының мол мұрасын жаһанға жария етті.
«Айша бибі» этнографиялық-фольклорлық би ансамблінің негізі 1997 жылы құрылып, алғаш мұнда Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, балетмейстер Байдәулет Сазабеков жетекшілік еткен. Ансамбльдің қазіргі жетекшісі – халықаралық конкурстардың лауреаты Әзиза Жүсіпова. Ансамбль құрамында Әйгерім Әбдужалил, Салтанат Аманова, Мөлдір Зиябек, Арайлым Медет, Альфия Сағындық, Бекзат Тоқсейітова, Гүлвира Төлеуіш, Анар Шыналиева секілді үздік биші қыздар бар. Осы ансамбльді Абу-Даби қаласына өнер көрсетуге жіберуде облыстық филармонияның директоры Сейітқасым Түктібаевтың үлкен қолдау білдіргенін айта кеткен жөн.
Бұл фестиваль Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық күнін тойлаумен қатар өтеді. Фестиваль шейх Халифа бен Зайд әл Нахайянның, БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Зайд әл Нахайянның, Абу-Дабидің мұрагер ханзадасы, БАӘ ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары және оның тікелей басшылық етуімен өтіп келеді.
Бұл фестивальде өнер көрсеткендер арасында отандастарымыздан бөлек, Үндістан, Пәкістан, Египет, Қытай, Тайланд, Тәжікстан, Сербия, Украина, Словакия, Польша, Ресей, Өзбекстан мемлекеттері бар.
Жамбылдық өнерпаздарды еліміздің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков қабылдап, құрмет көрсеткен. Фестиваль ұйымдастырушылар да жамбылдық бишілер ансамблін және әншілерді арнайы дипломдармен марапаттап, облыс орталығына үлкен олжамен оралды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.