Дәуім бұлағын күзеткен боз жылан

Дәуім бұлағын күзеткен боз жылан
ашық дереккөз
Дәуім бұлағын күзеткен боз жылан

Осыдан бір ай бұрын осы жерге көшіп келіп, қоныстанғанда Айгүл ерекше көңілді жүрді. Айнала қоршаған биік таулар, көкорай шалғын шөп, таза ауа осының бәрі көңілін көтеріп тастаған. Ауылдан жырақ, алыс таудың түкпірінде жалғыз үй отырғаны да көңіліне қорқыныш ұялата қоймаған болатын. Ерте тұрады. Сиыр сауады. Сүт пісіріп, шәй қояды. Күйеуіне шәй беріп, шығарып салады. Жолдасы малды өріске өргізіп кеткенде де жалғызсырып, елегізбейтін. Үй ішінің оны-мұны, майда-шүйде тірлігін тез тындырып тастайды. Екі қолын алдына сыйдыра алмаған кезде айна алдынан шықпайды. Кейбір, өздеріндей мал бағып, тау сағалап күндерін көріп жүргендердің келіншектері азып-тозып, жүдеп кеткенін көріп, алғаш «тауға көшесіңдер» дегенде іштей кіржиіңкіреп қалып еді. Міне, енді дөңгелек айнаның алдында бұрымын тарқатып тарап, қайта өріп, өз сымбатына сұқтанып отырып: «Қалада тұратын келіншектердің де бүйтіп өздерін күтуге уақыты бола қоймас» – деп ойлады. Нағыз жан рахаты осы екен. Барлығы да осылай тыныш, бірқалыпты басталып еді. Соңғы кезде Айгүл алғашқы сабырлылығынан айырылғандай болып жүр. Сыбдыр еткен дыбысқа селк етіп, тықыр еткен үн шықса, тырп етпей тың тыңдап тұра қалады. Бойын біртүрлі мазасыздық, үрей билейді. Өзін сыртынан біреу аңдып, бақылап тұрғандай сезінеді. Бұлай ойлауына әр түн сайын шошып оянатыны себеп болса керек. Түн тыныштығын шыңғырған әйел дауысы бұзды. Бұл ұйқыдан шошып оянған Айгүлдің дауысы еді. Ерғали қараңғыда бір уыс болып дір-дір еткен әйелін жұбата алмай әлек. Өз-өзіне келе алмай отырған келіншегін құшақтамақ болып еді, мұның қолы тиген сәтте селк етіп, одан сайын ыршыды. Алақтап жан-жағына қарап, көзі шарасынан шығайын деп отырған әйелін аяп, орнынан тұрып шам жақты. Сәлден соң Айгүл тілге келіп: – Түсімде бір боз жылан төбемнен салбырап түсіп, мені шақпақ болды, – деді жыламсырап. – Ысылдаған дыбысы тура құлақ түбімнен шықты. Ерғали әйелінің көңілі үшін үйдің ішін мұқият қарап шықты. Тысқа шығып, түрулі киізді түсіріп келді. Таңды көзімен атырды. Міне, содан бері әр түн Айгүлге қорқынышқа айналды. Көзі ілініп кетсе болды, боз жылан мойнына оратылып алады. Қысып, буындырмақ болады. Содан бері кеш батпаса екен деп тілейтін болды. Түн баласы көз ілмей, таңның атуын асыға күтеді. Күн нұрын шашып, төңірек жарық бола бастағанда ғана қорқынышы сейіліп, жаны жай табады. Иығына сүлгі іліп, әдемі иіс сабынын қағазға орап алды. Бұлақ суына беті-қолын, мойынын жуып, салқындап алмақ. Асықпай аяңдап, жайбарақат келіп, бұлақ басындағы «Дәуім» деп жазылған үлкен тастың үстіне сүлгісін тастай беріп, ыс-с-с деген дыбыстан шошып, қалт тұра қалды. Дәл алдында түсіндегідей боз жылан айбат шегіп, көкке шапшып тұр. Тұра қашпақ болды. Буын-буынынан әл кетіп қалған ба, аяғын әзер қозғады. Үйге қалай келіп, қалайша төсекке құлағанын білмейді. Бейне бір жаны өзін тастап, шығып кеткендей, қозғалуға мұршасы келмейді. Ауыл молдасының сүйікті шәкірті болғандықтан ба, алыс сапарға серік ретінде Дәуімнің аты аталыпты. Баласының жолынан әкесі де ештеңе аяған жоқ. Бар малын сатып, барын баласының жолына жұмсады. Туған үйінен туғалы ұзап шықпаған Дәуім артына қарай-қарай кете барды. Ұзақ жолды көтермеді ме, жоқ әлде көлденең бір сырқат жабысты ма, діттеген меже – Меккеге келгенде Дәуім аяқасты төсек тартып жатып қалды. Безгек тигендей аяқ-қолы қалтырайды. Тісі-тісіне тимей сақылдайды. Ұзақ түнге кірпік ілмей, әбден жаны қиналған Дәуім: – Е, Аллам, өзің жар бола көр, – деп тіледі. Тынбастан «Туған жерге жетіп өлсем екен» – деп сұрады. Ал жанында әлсін-әлсін мұның аузына су тамызып, тамырын ұстап отырған молда: – Е, Құдайым, біреудің жалғызын жаныма ерткенде бұл не қылғаның? Өрімдей жасты алғанша төрінен көрі жақын мені ал. Жанына дауа бере көр, бейбақтың – деп сұрады Жаратушыдан. Молданың шын тілегі қабыл болды ма, жоқ әлде туған жерден татар дәмі бола ма, Дәуім сырқатынан сауығып, елге аман оралды. Ал молда ауырмай-сыздамай-ақ, қажылық міндетін өтеу үстінде көз жұмыпты. Туған жерге оралған Дәуім төскейге малын өргізіп, осынау тауды мекен етеді. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген, бұлақ ашып, сауап алады. Сол бұлақ басына тас қойып, «Дәуім» деп ойып жазады. Ел аузында осындай әңгіме бар. Туған жерден топырақ бұйырған Дәуімнің бұлағын ел қасиетті бұлақ санайды. «Дәуім көз жұмғаннан кейін оның бұлағын боз жылан күзетіп жүр» деген қауесет те шыққан. Тіпті, оны көзі шалғандар да болыпты. Күн ерекше тамылжып, барлық тіршілік тоқтап қалғандай мау­жы­рап тұрған шақта Айгүлдер суыт қимылдап, асығыс үйлерін жықты.

Ардақ Үсейінова.

Ұқсас жаңалықтар