Өңірімізде жүрек-қан тамырлары аурулары алдыңғы орында тұрғаны белгілі. Бүгінде осы дерттің кесірінен инсульт алып, қимыл-қозғалысы шектеліп, мүгедекке айналып жатқандар қаншама. «Неліктен бұлай?» деп аурудың көбею себебіне үңіліп, денсаулық күтіміне көңіл бөліп жатқан тұрғындар жоқ. Жаны қысылып, амалы құрығанда ғана «науқасын қолмен сылып тастағандай ететін тәсілді дәрігер-ғалымдар қашан ойлап табар екен» деп армандайды. Дертіне дауа іздегендер үшін бұл күннің де ауылы алыс емес. Өткен жұмада облыстық ауруханада ішкі ұйқы артериясына стенттеу арқылы ота жасалды. Көршілес Ресейдің Дондағы Ростов қаласының облыстық клиникасының интервенциялық хирургы Михаил Малеванный басқарған ресейлік мамандар проксимальді қорғау әдісі арқылы қан тамырлары тарылып, тромб түзілген үш науқасқа тегін көмек көрсетті. Қан тамырларында және ұйқы артериясында тромб түзілудің салдары өте ауыр болады екен. Қандағы тромбтардың пайда болуына себепкер болатын нәрсе көп, адамға тигізер зияны үлкен дейді мамандар. Түйіндердің әсерінен артерия толықтай бітеліп, инсультқа немесе адам өліміне әкелетін көрінеді. Ал инсульт алған науқастың емделіп, тез қатарға қосылып кетуі қиындау. Мұндай науқастарды емдеу шарасына бұрын ұзақ уақыт кететін. Жоғары медициналық көмектің дамуының арқасында дәрігерлер қазір бұл қиындықтан да арылып келеді. Мамандардың сөзіне сүйенсек, ұйқы артерияларын қорғаудың бірнеше тәсілі бар көрінеді. Бірақ, Ресейден келген мамандар проксимальді әдіс бәрінен тиімді екенін айтады. Жалпы, миды және ұйқы артерияларын проксимальді қорғау әдісімен «Ұйқы артериясын стенттеу» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізіп, осы саладағы тәжірибені бөлісу бастамасын «Medtronic B.V» өкілдігі көтеріпті. «Ұйқы артериясына эндовоскуальдық стенттеу жергілікті анестезиямен жасалады. Ол ота 30-40 минутқа созылады. Біздің клиникада жылына 140-қа жуық операция жасадық. Соның бірді-екілі жағдайында ғана асқынулар болды. Тірек рөлін атқаратын стент микрокатектер арқылы енгізіледі. Стенттер тор түріндегі инертті қорытпадан жасалады. Олар ұйқы артериясына жайылып, оның қабырғасын керіп, ұстап тұрады», – дейді Михаил Малеванный. Өңір мамандарының айтуынша, алдағы уақытта тез оңалтатын отаның түрі облыстық ауруханада да қолданысқа енгізілетін көрінеді. Алдын ала осы салаға мамандандырылып, арнайы курста оқып, біліктіліктерін жетілдіріп келген дәрігерлер де бар екен. «Қан тамыр бөлімінде хирургпін. Осы салада жүргеніме 20 жылдай уақыт болды. Бұрын бізде жүрек қан тамырларына, аяқ-қол тамырларына стент қойылып келген. Мидың қан тамырларына, ұйқы артерияларына стент қою операциясы Таразда бірінші рет жасалып отыр. Нәтижесі жаман емес. Бүгін облыстық ауруханада үш ота жасалды. Бізде Астанада, Алматыда оқып келген мамандар да, қажетті құрал-жабдықтар да бар. Тек, миға баратын қан тамырларды сақтайтын қорғаныс құрылғылар болған жоқ. Соларды алған соң, отаны өзімізде жасай беретін боламыз. Операцияға қатысып, мұның өте тиімді тәсіл екеніне көз жеткіздік», – дейді қан тамырлары хирургі Мұқан Аманов. Жоғары медициналық көмек көрсетілгендер аурухананың неврология бөліміндегі инсульт алған емделушілер екен. Заманауи тәсілмен ота жасалған науқастардың жағдайы қазір жақсы – дейді мамандар.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді