Жамбыл облысының өлкетану ісінде өзіндік орны бар, облыстық өлкетану музейінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен белгілі өлкетанушылардың бірі – Күзенбай Байбосынов Байзақ ауданы, Қызылжұлдыз ауылында 1941 жылы туылған. Шымкенттегі мемлекеттік педагогика институтының тарих факультетін 1968 жылы тәмамдап, осы жылдан 1984 жыл аралығында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1984-1998 жылдары директор, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған. Бірнеше рет ҚР ҰҒА-ның археология институтының көрнекті ғалымдары К.Ақышев, Х.Алпысбаев және К.Байпақов басқарған археологиялық ғылыми жұмыстарға белсене атсалысты. К. Байбосынов Талас және Шу өңірлеріндегі ежелгі сауда жолдарын археологиялық зерттеу мақсатымен бірнеше дербес іссапарлар мен экспедицияға шығып, осы өңірдегі ортағасырлық қалалардың топографиялық ерекшеліктеріне назар аударып, көптеген қорған, бейіттер мен ортағасырлық қалалар және қарауыл – мұнараларды тауып, зерттеу ісімен айналысты. Оның басшылығымен 1970-1980 жылдары Жамбыл облыстық тарихи өлкетану музейі жанынан құрылған археологиялық экспедиция Жамбыл облысының археологиялық картасына енбей, белгісіз болып келген ортағасырлық қалалар мен елді мекендерді тапты. Атап айтсақ, 1978 жылы экспедиция кезінде VII-IX ғасырлардағы сәулет өнерінің ескерткіші – Ақтөбе мазарына зерттеу жүргізілді. Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылынан батысқа қарай орналасқан ортағасырлық қалашық орны – Әулиебастау зерттелді. Қаланың үстінен және төбелердің айналасынан сырланбаған құм, құмыра, көзе, саптыаяқ, қыш ыдыстар жинастырылды. Бұл деректер халықтың Әулиебастауды ІХ-ХІІІ ғасырларда мекен еткенін айғақтайды. Мұнда олар егін егіп, мал шаруашылығымен айналысқан. VII-IX ғасырлардағы тарихи-сәулеткерлік ескерткіші Жасөркен қарауыл мұнарасы да анықталды. Қарауыл мұнарасының құлаған қалдықтары тіктөртбұрышты формадағы биіктігі 3 метр төбені (90х75) құрайды. Байзақ ауданында орналасқан ортағасырлық қоныс орны – Зәуірбектөбені де тауып, зерттеді. Қоныстан сыры жоқ табақша, құмыра, көзе және басқа да ыдыстардың сынықтары табылды. Жуалы ауданындағы VIII-X ғасырларға жататын Шақпақата (Кременевка) қалашығына да зерттеу жұмыстары жүргізілді. Байзақ ауданындағы VIII-X ғасырларда салынған кешен – Расымбеттөбе қарауыл мұнарасын жоғарыда айтылған 1978 жылғы экспедиция тауып, зерттеді. Расымбеттөбе қарауыл мұнарасы үстінен жинастырылған материалдардың көбін сырланбаған қыш ыдыстар сынықтары құрайды. Осы аудандағы ортағасырлық қоныс – Сарытөбе орнынан табылған бұйымдарға қарағанда, қонысты халық VII-IX ғасырларда мекендеп, егін және мал шаруашылығымен шұғылданған. Меркі ауданында орналасқан ортағасырлық қалашық – Сыпатайға зерттеу жұмыстары жалғастырылып, оның жоспары түсіріліп, материалдар жиналды. 1980 жылы К. Байбосынов жетекшілік еткен экспедиция Талас ауданындағы Қызылқорған – 1, Қызылқорған – 2, Қызылмақташы ортағасырлық қалалар орнына қазба жұмыстарын жүргізіп, күзет мұнараларының орнын анықтап, қыш ыдыстардың қалдықтарын тапты. Сарысу ауданындағы ортағасырлық қала орны – Саудакентке зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қала орнынан сырлы және сырланбаған қыш ыдыс қалдықтары көптеп кездесті. Бұлар Талас өңіріндегі қалалардан табылған материалдарға ұқсас. Талас ауданының Бостандық ауылының маңынан көне қала орны – Төрткөлді тауып, алғашқы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қазба барысында қаланың орны биіктігі 2,5 метр болатын төртбұрышты төбе екендігі анықталды. Әрбір сыртқы қабырғасының ұзындығы 80 метр. Қаланың орталық бөлігінде күзет мұнаралардың орындары сақталып қалған. Мұнаралардың диаметрі 5 метр. Үш жағынан терең ормен қоршалған. Олардың ені 8 метр, қазіргі тереңдігі 1,5 метр. Қала орнынан керамикалық ыдыстардың, әйнектердің сынығы, қоладан жасалған бұйымдар табылды. Қала VIII-XІІ ғасырларда ірі сауда орталығы болған. Жоғарыда аталған 1980 жылғы экспедиция кезінде Мойынқұм ауданынан Төрткөл атты ортағасырлық қала орны табылды. Экспедиция жетекшісі К.Байбосынов Төрткөлдің орны екі бөліктен тұратынын, батыс бөлігінің аумағы 100х100 метр болып, жан-жағы топырақ үйіндісімен қоршалғанын анықтады. Шығыс бөлігінің аумағы 50х90 метр. Батыс бөлігінде 8 мұнараның орны сақталып қалған. Төрткөл қаласы шамамен Х-ХІІ ғасырларда дамыған. Осы зерттеулердің қорытындысы ретінде «Свод памятников истории и культуры Жамбылской области» атты жинақ құрастырылды. К. Байбосынов Шу ауданындағы Жайсаң алабында орналасқан көне түріктер дәуіріндегі ескерткіштер кешенін зерттеуге қатысты. Шығыстан – батысқа қарай созылып жатқан ескерткіш сегіз кешеннен тұрады. Әрбір кешен қоршаулары бар 10-12 қорғаннан, ал, Жайсаң 6 кешеннен, 24 қорғаннан тұрады. Жайсаң – 1 қорымы 1992 жылы құрамында Ю.Мотов, К.Байбосынов бар экспедиция тарапынан зерттелді. Қорғандардың әрқайсысы аумағы 3,5х3,3 м болатын тас қоршаумен қоршалған. Қорғандардың солтүстік жағына қызыл түсті граниттен қашалып жасалған ер адам мүсіні қойылған. Мұндай мүсіндердің биіктігі 1,75 метр. Мүсіндердегі адамдардың бет-бейнесі домалақ пішінді, мұрттарының ұшы жоғары қарай қайырылған, қалың ерінді болып келеді. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде мүсіннің астынан жебенің ұшы мен темір пластиналар табылды. Қорғандардың басым көпшілігінің тоналғандығы айқын аңғарылады. Жайсаң – 6 кешенінің ортасына биіктігі 2,4 метр болатын бас бағана орнатылған. Зерттеу жұмысы барысында бұл жерде құрбандық шалатын орын болғандығы айқындалды. К. Байбосынов 1997 жылы Меркі кешенді археологиялық экспедиция құрамында (жетекші А.Досымбаева) Белсаз сайының батыс кемерінде, тау баурайындағы бұлақтың жанынан көне дәуірлерден сақталған ғұрыптылық құрылыстар тапты. 1997-1998 жылдары қазба жұмыстары жүргізіліп, ғұрыптық құрылыстар екі жерде орналасқандығы анықталды. Өлкеміздің көне тарихын зерттеуде көне Тараз, төменгі Барысқан және Мойынқұм аудандарындағы Қожа бала аңғарындағы қола дәуірінің ескерткіштеріне археологиялық қазба жұмысын жүргізу үшін бірнеше рет экспедиция ұйымдастырып, оған өзі жетекшілік етті. Көп жылғы ғылыми жұмыстарының нәтижесінде «Бақсылар», «Жамбыл облысының тас мүсіндері», «Ұлы Жібек жолы және Тараз» сияқты ғылыми еңбектер жариялады. Жамбыл облыстық тарихи өлкетану музейі жанынан құрылған экспедициялардың қорытындылары, өлке тарихы мен музей экспозициясындағы жәдігерлер туралы 60-тан астам ғылыми танымал, публицистикалық мақалалары 1969-1990 жылдары аралығында одақтық, республикалық және облыстық баспасөз беттерінде жарияланды. Шығыс халықтарының өмірінде көптеген ғасырлар бойы орын алып, шамандық өнермен науқас адамдарды емдеудің түріне жататын бақсылық өнері қазақта да бар. Бұл өнер, әсіресе, өткен кезеңдерде халық арасында кеңінен таралды. Бақсылар халық медицинасының ежелден сақталған өкілі екені, олардың өнері туралы Ш.Уалихановты, И.Кастаньенің, А.Якушкевичтің, Б.Залесскийдің, Ә.Диваевтың, Ә.Марғұланның, қазақтың алғашқы жоғары білімді дәрігері Х.Досмұхамедұлының, Ә.Қоңыратбаевтың, Қ.Жұбановтың, ақын-жазушылар А.Байтұрсыновтың, І.Жансүгіровтің, С.Сейфуллиннің, М.Жұмабаевтың, М.Әуезовтің, С.Мұқановтың еңбектері мен шығармаларында мәліметтер келтіріліп, ол әр дәрежеде баяндалған. Осы бір тегі де, қалыптасуы да, тіршілікке етене араласуы да аса күрделі, жұмбағы мол құбылыс – бақсылықтың ғылымның бар саласына қатыстығы күмән туғызбайды. Тарих, поэзия, медицина, физика астрология, химия, музыка... секілді салалармен бірігуі біздің ұлттық рухани үрдісіміздің әр тектілігін, салт-ғұрыптарымыздың өмірдің өзінен өнеге түйер, тәңір мен тіршілік ұғымдардың аясындағы кең ауқымдықты аңғартады. Аздап өткенге шолу жасасақ, сонау Кеңес дәуірінде қазақ медицинасының өкілі бақсы жайлы алғашқы еңбектерінің бірі жамбылдық өлкетанушы, тарихшы, музей қызметкері К.Байбосыновтың республикалық «Білім және еңбек» журналының 1982 жылғы №11 санында жарық көрген «Балбике бақсы» атты мақаласы екен. Бұл сол кездегі кеңестік саясатқа кері жазылған мақала деп танылып, ол мәселе бойынша жоғары органдар іс қарап, журнал редакторы жазушы Ақселеу Сейдімбеков қызметінен алынуына себеп болған еді. Бұл мақала кейінірек «Қазақ бақсы балгерлері» атты жинақта да басылып шықты. К. Байбосынов көп жылдардан бері зерттелген бақсылар жайлы жазылған тарихи-этнографиялық еңбегі (филолог Ә. Исақовпен бірігіп жазған) 1995 жылы Алматыдағы «Мерей» баспасынан көп таралыммен шығып, ол көпшілікке, атап айтқанда, тарихшылар мен этнографтарға, ғалым-дәрігерлер мен қазақ халқының тарихы мен дәстүр-салтын зерттеп жүрген азаматтарға пайдасы мол, құнды тың еңбек ретінде қабылданған болатын. Авторлар Жамбыл облысында тіршілік еткен, емшілік жүргізген көптеген бақсыларға тоқталып, олардың өздерінің бақсылық зікір өнеріне музыкалық аспаптарды мол пайдаланатынын жазады. Облысымыздағы музей мен тарихи мұраларды зерттеудегі көп жылдық еңбегі үшін 1993 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері атағын алды. Ал, Тараз мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінде оған профессор атағы берілді.
Серікбай Әлиев, Тайыр Тастандиев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Теңге бағамы қашан тұрақталады?
- 9 қаңтар, 2025
Аймақта мыңнан аса көлік қар құрсауында қалған
- 9 қаңтар, 2025
Ақпарат
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Жазасын өтеушілер бұқаралық спорт түрлерінен сынға түсті
- 30 желтоқсан, 2024
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді