Аграрлық салада айрықша серпін бар

Аграрлық салада айрықша серпін бар
ашық дереккөз
Аграрлық салада айрықша серпін бар

Бүгінде ауданда 22 ауыл шаруашылығы кооперативі, 2 407 шаруа кожалығы жұмыс істейді. Олар биыл 11 020 гектарға күздік бидай, 37 050 гектарға масақты дәнді, 2082 гектарға майлы дақылдар егіп, өсіруді көздеуде. Сондай-ақ 660 гектар алқапқа көкөніс пен бақша дақылдары отырғызылатын болады. Қазіргі таңда 2 500 гектар жерге картоп егілуде. Мал азығына қажетті көпжылдық екпенің де қоры жеткілікті. Жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда биыл 500 гектарға артып отыр. Жалпы егіс алқаптарынан мол өнім алу тұқымның сапалы болуына да байланысты. Бұл егінші диқандар жадынан шыққан емес. Осы мақсатта Алматы облысындағы «КИЗ» және өзіміздегі Бесағаш тәжірибе стансаларынан 70 тонна арпаның, 10 тонна мақсарының, ал күзде 180 тонна бидайдың элиталық тұқымдары сатып алынып, агротехникалық шаралары жүргізілген алқаптарға себілген-ді. Ал Красноводопад тәжірибе стансасынан 10 шаруашылық 12 тонна арпаның супер элита тұқымын алып, септі. Сонымен бірге шаруа қожалықтары тарапынан ондаған жылдар бойы ешқандай да минералды тыңайтқыштар сіңірілмегендіктен, көптеген егістік жерлердің құнары төмендеп кеткені белгілі болып отыр. Қазір тыңайтқыштардың көмегінсіз мол өнім алуға болмайтындығына көз жеткізген шаруалар бұл мәселеге жаңаша көзқараспен қарай бастады. Нәтижесінде соңғы жылдары шаруа қожалықтары 50 пайыздық жеңілдікпен 2919 тонна минералды тыңайтқыш алып, оны 13,0 мың гектар егістік алқапқа қолданып үлгерді. Қазіргі таңда ауданда картоп отырғызу науқаны қызу жүргізілуде. Осы ретте шаруашылықтарды сапалы, жоғары репродукциялы картоп тұқымдарымен қамтамасыз ету үшін жергілікті жерде тұқым шаруашылықтарын құру ісі қашанғыдан да маңызды бола түсті. Бұл тұрғыда «Жаңаталап» шаруа қожалығының тиісті материалдары дайындалып, ауыл шаруашылығы басқармасына өткізілді. Ал майлы дақылдар бойынша элиталы тұқым шаруашылығына өту үшін «Сансызбай» шаруа қожалығының құжаттары дайындалу үстінде. Жалпы аудандағы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің нақты жұмыс істеп тұрғаны 14 бірлікті құрайды. Ал 8-і жаңадан құрылып, «Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан» несие алу үшін құжаттарын рәсімдеуді бастады. Сүт өңдеумен «Бурное ірімшік зауыты», «Мешелова» және «СМТС» жеке кәсіпкерліктері, ал ет өндеумен «Гамбург» ЖШС, өсімдік майын өндірумен «Азықтүлікнанмен жабдықтау» кәсіпорны айналысуда. «Бурное ірімшік зауыты» өткен жылы 9800 тонна сүт қабылдап, 148 тонна сары май, 786 тонна ірімшік шығарып, өнделген ірімшіктің 217 тоннасын Ресейге экспортқа шығарды. Қалған өнімін еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Ақтау, Тараз қалаларына өткеруде. Жоғарыда аталған кәсіпорындардың жүктелімі бұдан үш жыл бұрын орташа есеппен 38 пайызды құраса, бүгінде 73 пайыздық межеге қол жеткізіп отыр. Зауыттардың өндірістік әлеуетінің артуына «50 ауыл» тұжырымдамасын жүзеге асыру жобасы негізінде жұмыс істеп жатқан жеке қосалқы шаруашылықтардың қосып отырған үлесі мол екенін атап өтуге тиіспіз. Мәселен, өткен жылы сүт бағытындағы кооперативтердің мүшелері 4881 тонна сүт өндіріп, оның 4382 тоннасын аудан орталығындағы, сондай-ақ Тараз қаласы мен Меркі ауданындағы сүт өңдеу зауыттарына өткізген. Ал биыл бірінші тоқсанда кооперативтер 1263 тонна сүт өндірген. Ет бағытында жұмыс істеп жатқан 5 кооператив өткен жылы 350 тонна ет өндірген болатын. Оның ішінде 133,403 тоннасы «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС-ына, 216,597 тоннасы сауда орындарына жөнелтілген. Алдағы уақытта ауданда мал басын одан әрі көбейту, сүт өнімдері көлемін арттыру көзделуде. Бүгінгі күні бес ауылдық округте жаңадан құрылған 8 кооператив «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» мал және 4 сүт қабылдау пунктін (танкер) сатып алу, ал жұмыс істеп тұрған «Жуалы сүт», «Ақтөбе-18», «Амангелді» кооперативтерін қайта жарықтандыру үшін жалпы сомасы 556 миллион теңгені құрайтын қаражатқа сұраныс жасалып отыр. Бұл қаражатқа 2184 мүйізді ірі қара малын, 4 сүт қабылдау пункті мен 1 сүт тасымалдау көлігін, 2 ауыл шаруашылығы техникасын алу жоспарланған. Бүгінгі таңда 3 ауыл шаруашылығы кооперативінің 11 мүшесі 28,4 миллион теңге несиеге қол жеткізді. Биыл Шақпақ және Жетітөбе ауылдық округтерінде орналасқан «Амангелді» және «Жібек жолы-Агро» кооперативтері моцарелло ірімшігі мен құрт өнімдерін өндіруге, қымызды қайта өңдеуге ниеттеніп отыр. 2018 жылдың шілде айынан бастап қой мен асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын тек шетелден алу талабы белгіленіп, төрт пайыздық жеңілдікпен «Сыбаға» бағдарламасы қайта жұмыс істей бастағаны белгілі. Осының арқасында 13 шаруашылық 140 миллион теңгеге 4050 қой, 4 шаруашылық 66 миллион теңгеге Ресейден асыл тұқымды мал сатып алып келді. Сондай-ақ мал тұқымын асылдандыру бойынша ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып жатқан «Төлеген» шаруа қожалығы «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ арқылы 64 миллион теңге көлемінде несие алып, Чехословакия мемлекетінен 64 симментал тұқымды мүйізді ірі қараны сатып әкелді. Бүгінде ол тауарлы-сүт фермасын салуда. «Ахмет» шаруа қожалығы да осындай сүт фермасын іске қосуды көздеуде. Ауданда ет өндіру бағытында шағын мал бордақылау алаңдарын салып, 20-50-100 бас көлемінде мал бордақылап отырған 50 шақты жеке қосалқы шаруашылық бар. Олардың саны да жылдан-жылға артып келеді. Мемлекеттің қолдауымен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға ден қойған шаруашылықтар қатары өсуде. Осының есебінен табындағы мүйізді ірі қараның саны бұдан төрт-бес жыл бұрынғы 10-12 пайыздан 26 пайызға жоғарылағаны байқалып отыр. Ал қой-ешкі 22, жылқы 24 пайызға артқан. Осылайша мал санының артуы аудан орталығындағы өндіріс ошақтарының өнім өндіру көлемін ұлғайтуына да зор септігін тигізіп отыр.

Рахым ҚҰНИЯЗОВ, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар