Жәрдемақы «операциясы»

Жәрдемақы «операциясы»
ашық дереккөз
Жәрдемақы «операциясы»

Көптен бері көрмеген Таңқабай досымды ауылда кездестірдім. Көңіл-күйі көтеріңкі. Жолыға салып, «кеттік, кеттіктің» астына алып, сүйрей жөнелді. Ләм-лим деуге шамам келмеді. Құшақтасқан бойы келіп, үйіне келдік. Әйелі де жатырқауды білмейді, Құдай берген жан. Өздерінің үйелмелі-сүйелмелі 5 баласы бар. Бәрі мектепте оқиды. Дастарқан басында досым екеуміз әңгіменің тізгінін ағытып отырмыз. Бір уақытта сыртқа шығып кеткен ол желпілдеп қайта кірді.– Қазір тауықтың етін жейміз. Айып етпе, қойдың бәрін құртқанмын. Бәрі болғанда бір тоқты, екі ешкім бар еді, сойып тындым. Көтерем сиырым қыстан аман шықпай, арам қатты. Мынау тауықтың соңғысы. Қомсынба. Тауық болғанда, тауықтың төресі – қораз, – деп қоқиланып қояды. Екі езуі екі құлағында. – Қап, бекер болды-ау, – дедім қапелімде аузыма сөз түспей. – Олай деме. Бұл бәленің бәрібір көзін құртатын едім. Қайта қаладан арнайы шақыртып келтіре алмайтын өзің сияқты сыныптасыма бұйырғанына мың да бір тәубе. Құстың етін құрдасым екеуміз қылдай бөліп жеп алдық. Балаларға да бірдеңесі бұйырды. Ал әйелі болса тек сорпаны сораптағанына мәз. – Бітті, Бәтимә! Енді менде тышқақ лақ тұрмақ, тышқан да жоқ. Ал енді сана, санағыштарым, – деп досым, әлдебіреулерге кіжініп қояды. Мен отырған жерімде омалып қалдым. Сосын: – Енді бала-шағаңды қалай асырайсың? – дедім шыдай алмай. – Міне, мәселе сонда. Бес балама бес тиын берер түрі жоқ. Бәрін есепке алады. Сиырдың сүті, айран-құрты, қойдың еті, жердің беті, тауықтың жұмыртқасы... Міне, сөздерінің сиқы. Мұның барлығы табыс көзі екен. Енді есік алдындағы жерді сатам. Бірақ ауылда алатын адам жоқ. Айтпақшы 20 сотық жерді сен алшы. Тегін берем. Тек менің атымнан құрт, өзіңе тірке. – Оны қатырамын, – дедім шоршып түсіп. – Өзің білесің. Мен әйтеуір көп балалы ата-аналарға берілетін жәрдемақыға іліксем болғаны. Мені болмаса да шиеттей бала-шағамды аясайшы. Алшы енді. Аласың ба? – деді оның көзі жасаурап. Мен аузымнан «Иә, аламын» деген сөздің қалай ытқып шыққанын аңдамай қалдым. Ол болса мәз. Қайта-қайта бетімнен сүйіп, рахметін айтып ауылдың сыртына дейін шығарып салды. Үйге қайтып келемін. Қаладан өмір бойы 9 сотық жерге жете алмаған мен бейбаққа, ауылдан 20 сотық жер бұйырғанына не қуанарымды, не жыларымды білмеймін. Басым мең-зең.

Бақытжан СОВЕТҰЛЫ.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар