Диқан үміті ақталар күн алда

Диқан үміті  ақталар күн алда
ашық дереккөз
Диқан үміті ақталар күн алда

Бүгінде өңір диқандары ағын суға деген тапшылықты сезінудей-ақ сезініп келеді. Жалпы облыстың егіс алқаптары тұтынатын ағын судың басым бөлігін көршілес Қырғыз Республикасынан шекара асып келетін өзен сулары құрайды. Су тапшылығы – республикамызға ғана емес, әлем елдеріне де тән мәселе. Осыған орай қазіргі таңда трансшекаралық өзендердің суын бірлесіп пайдалану мақсатында «Аспара» және «Күркіреу» шағын бассейндер кеңестері құрылған-ды. Соның бірі – «Күркіреу» шағын бассейн кеңесі облыс, республика, тіпті халықаралық деңгейде жиі мәселе көтеріп, бұл істе түрлі келісімшарттарға қол жеткізу жолында табандылық танытып келеді. Кеңес құрамына жергілікті мемлекеттік атқару және өзін-өзі басқару органдарының басшылары мен диқандар енгізілген. Таяуда «Аrai Plaza» қонақ үйінде Америка даму агенттігінің Орталық Азия өңірлік экологиялық орталығының (ОАӨЭО) ұйымдастыруымен аймақтағы трансшекаралық өзендер жүйесін реттеу мәселесін талқылауға арналған тренинг өтті. Оған жоғарыда аталған орталықтың өкілдері, «Күркіреу» шағын бассейн кеңесінің мүшелері, Шу-Талас бассейндік инспекциясы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды ОАӨЭО-ның өңіріміздегі өкілі Нұртаза Құдайбергенов ашып, жүргізіп отырды. Алдымен орталықтың бассейндік жоспарды құру жөніндегі сарапшысы Индира Құдайбергенова «Күркіреу» өзен бассейнінің жоспарымен таныстырды. Осыдан кейін барып бұл жоспар қатысушылар арасында талқылауға салынды. – Ағын су мәселесін көтергенімізге де біраз жылдың жүзі болды. Неге екенін қайдам, әлі күнге шешімін таппай келеді. Бүгінде көршілес қырғыз ағайындарымыз Талас өзенінің «Күркіреу» саласынан бастау алатын «Ақмолда», «Қаратақы» және «Төменгі Тамға» арналарына бір тамшы су жібермей, төмендегі диқан қауымын тіршілік нәрі-несібесінен қағып отыр. Бұрын осы каналдар көмегімен ылғалдандырылатын 1600 гектар егістік жер болатын. Қазір ағын судың жетіспеуінен өңіріміздегі егіс көлемі бірнеше есеге қысқарып, Ақтөбе ауылдық округінің диқандары оның зардабын тартып отырған жайы бар, – деді «Күркіреу» шағын бассейн кеңесінің мүшесі Зайырбек Сұлтанмұратов. Ал орталықтың ғылыми қызметкері Тимур Ұсабаев алдымен өзендердің географиялық және аймақтық картасын жасап алу керек деген пікірде. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Карта жасалып біткен соң, өзен суларын каналдарға бөлу мәселесі қарастырылмақ. Бірақ мұнда да бір түйткілдің барын жасыруға болмайды. Бұл мәселенің түйіні шекараның арғы жағындағы бауырлас елдің келісімімен ғана шешіледі. Қазір екіжақты келіссөздер жүргізілуде екен. Жуалы ауданындағы «Жаңаталап» шаруа қожалығының жетекшісі Жарылқасын Тәжіханның айтуынша, каналмен келген ақаба су мұндағы егіс алқаптарын ауруға шалдықтырып отырса керек-ті. Яғни ақаба сумен жететін қырғыз ағайындардың егіс алқаптарында пайдаланған түрлі химиялық тыңайтқыштардың қалдығы аудандағы картоп алқаптарына едәуір зиянын тигізуде. Картопқа арналмаған тыңайтқыштардың салдарынан округтегі «екінші нан» өнімінің сапасы біршама төмендеп те кеткен. Соның салдарынан соңғы жылдары округке қарасты шаруашылықтардың егіс және картоп алқаптарына 5,3 миллиард теңге көлемінде зиян келіпті. Аудан диқандары осыған байланысты ағын су сапасына сараптама жүргізіп отыратын зертхана қажеттігін айтуда. Ж.Тәжіханның бұл сөзінің де жаны жоқ емес. Өйткені бүгінгі таңда картоп өсірілетін алқаптардың біразы құнарлылығын жоғалтып, топырақ құрамы да ауруға шалдыққан. Оны зертхана қорытындысы да көрсетіп отыр. Мұндай жерге енді 15 жылға дейін картоп егуге болмайды дейді мамандар. Ауыл еңбеккерлері осынау тығырықтан шығудың тиімді жолдарын да іздестіріп бағуда. Бірі бұлақ суын пайдаланса, енді бірі тоған салып су жинап, иелігіндегі егістікті тамшылатып және жаңбырлатып суаруға көшіпті. Бірақ мұның өзі барлық шаруа қожалығына бірдей қолжетімді болып тұрған жоқ. Бір бұлақ суымен «Жаңаталап» қожалығы 50 гектар алқапты тамшылатып суаруда. Ал Жарылқасын Тәжіхан су мәселесін біртіндеп болса да шешу үшін механикаландырылған топ құрып, соның көмегімен көзі жабылып қалған бұлақтарды тазарту қажеттігі жөніндегі ұсынысын ортаға салды. Ол сонда ғана каналға су түседі, осылай бұл мәселені аздап болса да шешуге болады деген пікірде. Ал бұл іс мемлекеттік деңгейде жүзеге асып, каналға ұдайы су келіп жатса, ол диқандар үшін үлкен жетістік екені анық. Бұл ұсынысты Шу-Талас бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Гүлмира Имашева мен «Ақсай» су шаруашылығы мекемесі басшысының орынбасары Мұхамеджан Әсемов те қостап, екі ел арасындағы мәселе дәйекті шешімін тапқанға дейін осылай жасауды дұрыс көріп отыр.

Марат Құлибаев

Бет қатталып жатқанда:

Кеше «Аrai plaza» қонақ үйінде Америка даму агенттігінің Орталық Азия өңірлік экологиялық орталығының ұйымдастыруымен су бөлісі бойынша екі ел өкілдері бас қосты. Оған қазақстандық «Күркіреу» және қырғыз елінің «Куркуроо» шағын бассейн кеңестерінің мүшелері толық құрамда қатысты. Бас-аяғы үш сағатқа созылған қызу талқылаудан кейін екі жақ ортақ мәмілеге келіп, алдағы уақытта су бөлуді жергілікті деңгейде өзара келісім арқылы реттеуге уағдаласып тарқасты.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар