Инженерлік Инфрақұрылым қолға алынып, халық сұранысы қанағат тандырылуда

Инженерлік Инфрақұрылым қолға алынып, халық сұранысы қанағат тандырылуда
ашық дереккөз
Инженерлік Инфрақұрылым қолға алынып, халық сұранысы қанағат тандырылуда

Елбасы «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында «Халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісі тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздегі кез келген елді мекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру сипатындағы мол мүмкіндіктермен үйлесімді түрде толыға түсуге тиіс» деп атап көрсеткені баршаға мәлім. Жалпы өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің сапалы инфрақұрылымының болуы. Осы бағытта қабылданған «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламалары бүгінде өңірімізде табысты іске асырылуда. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің бұл бағдарламаларға кеңінен тоқталуы оның қаншалықты маңызды екенін де айқындай түсетіндей. Бүгінде Жолдаудан туындаған міндеттер мен тапсырмаларды басшылыққа ала отырып, аудандағы елді мекендердің бас жоспарына сәйкес жұмыстарды жүзеге асырып келеміз. Өңірде дамыту мақсатында барлық елді мекендердің бас жоспарлары пысықталып, жаңартылғаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар 2014 жылдан бері қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Ауданның бас жоспарын жасауға облыстық және аудандық бюджеттерден 63 300,0 мың теңге қаржы бөлініп, 49 елді мекеннің бас жоспары жасалып, соған сәйкес жұмыстар атқарылуда. Бас жоспарға сәйкес бүгінде Көктөбе жаңа тұрғын алқабына электр желісі, газ және таза ауызсу-құбыр жүйелері жүргізіліп, жолдар салыну үстінде. Аталған тұрғын алқаптың жалпы жобалық құны 612 000,0 мың теңгені құрайды. Мұндағы құрылыс жұмыстарын «Талас-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталған-ды. Бүгінде бұл іс қарқын ала түскен. Құрылыс алаңында үш әмбебап экскаватор, екі тиегіш, басқа да бұрғылаушы агрегаттар мен құрастыру техникалары жұмыс істеуде. Бұл жұмыстарға жергілікті жерден 27 азамат жұмылдырылып отыр. Электр желісін жүргізу үшін тұрғын алқапта 292 темір бетон бағанасын орнату жоспарланған еді. Бүгінде оның 131-і орнатылып, сымдары тартылу үстінде. Сондай-ақ таза ауызсу мен газ құбырын тарту мақсатында ұзындығы 6,73 шақырымды құрайтын екі ор қазылған. Қазіргі таңда таза ауызсу желісі салынып, 35 су жүйесі құдығы орнатылды. Ал алқапты газдандыру үшін қазылған ордың 2,32 шақырымына жерасты құбыры жүргізіліп отыр. Автожолдың негізі болып табылатын жол табаны өсімдіктерден арылтылып, 3 шақырымдық бөлігіне құм-шағал төселген. Жұмыстардың сапалы әрі жобаға сәйкес орындалуын аудан әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі, «АДС Компани Кz» ЖШС мен жоба авторы – «Казремжилпроект» ЖШС-ның жоба инженері тұрақты бақылауда ұстауда. Мердігерлік компания жаңа тұрғын алқаптың инфрақұрылымын шілде айында аяқтап, пайдалануға бермек. Биыл бұл тұрғын алқабынан кезек бойынша 170 адам өздеріне тиесілі жер телімін алады деген сенімдеміз. Бұл іс бойынша қазір аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Бұдан бөлек биыл жалпы аумағы 86,7 гектарды құрайтын төрт елді мекенге инженерлік инфрақұрылым жүйесін жүргізу жоспарланған болатын. Мәселен, соның 36,7 гектары – Б.Момышұлы ауылында, 50 гектары – Көкбастау, Ақсай және Нұрлыкент ауылдық округтерінде жүргізіледі деп көзделген-ді. Электр желісін тарту және қиыршық тас төсеу бойынша қажетті жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтіп, республикалық бюджеттен тиісті қаражаты бөлінген-ді. Бірақ Б.Момышұлы ауылы мен Ақсай ауылдық округіндегі жер телімдеріне электр желісін тарту біраз кешеуілдегелі тұр. Өйткені темір жол үстінен электр желісі екі тұстан қиып өтуге тиіс. Ол үшін «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының келісімін алу керек болады. Осыған байланысты жоғарыда аталған ауылдық округтегі елді мекеннің жобалық-сметалық құжаттамасы қайта жасалып, сараптамаға ұсынылуда. Қалған ауылдық округтер бойынша мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сәйкес ашық конкурс жарияланып, нәтижесінде мердігерлер анықталды. Құрылыс-құрастыру жұмыстары сәуір айының екінші жартысында басталады деп күтілуде. 2005-2007 жылдар аралығында аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында 280 жер телімі бөлініп, содан бергі уақытта бұл жұмыс аздап тоқтаңқырап қалғандай еді. Енді қайта жандана бастағаны қуантады. Содан бергі уақытта жер теліміне 1863 азамат кезекке тұрыпты. Оның 1113-і Б.Момышұлы ауылының үлесіне тиесілі. Одан кейінгі орындарда Ақсай, Мыңбұлақ, Көкбастау және Нұрлыкент ауылдық округтерінің тұрғындары тұр. Биыл 10 елді мекенді таза ауызсумен қамтамасыз ету көзделуде. Бүгінде 7 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасауға облыстық бюджеттен 16 399,0 мың теңге бөлінді. Оған жаңа тұрғын алқапқа жататын ауылдық округтердің жер телімдері де енген. Ал аудандық бюджеттен 12 096,0 мың теңге қаржы қаралып, Алатау, Жұрымбай, Сұрым және Теріс-Ащыбұлақ сынды шағын елді мекендерді таза ауызсумен қамту көзделіп отыр. Тұрғын үй алуға кезекке тұрған азаматтар да жоқ емес. Бүгінде олардың саны 83-ке жеткен. Олардың қатарында жас мамандар, мемлекеттік және әскери қызметкерлер, көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылар, ата-анасыз жетімдер бар. 2015 жылы әскери қызметкерлер үшін екі қабатты 5 тұрғын үй салынып, 125 отбасы пәтерлі болған еді. Алдағы уақытта аудан орталығынан тағы бір көп қабатты тұрғын үй салу көзделген. Осы мақсатқа аудандық орталық аурухана маңындағы ескі бақ орны лайық деп табылып отыр. Оның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге аудандық бюджеттен 5750,0 мың теңге қаржы қаралған. Құрылыс жұмыстары алдағы жылы басталады деп күтілуде. Бірінші кезекте көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға, «Дипломмен ауылға» жобасымен келген жастарға пәтерлер берілмек. Жалпы аудандағы тұрғын үйге деген қажеттілік мәселесін болашақта көп қабатты үйлерді көптеп тұрғызу арқылы шешу жоспарлануда. Бүгінгі қолданыстағы «7-20-25», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту. Осы жолда аянбай еңбек етіп, ел сенімі үдесінен шыққаннан артық абырой жоқ деп білеміз.

Нарбай ЕРГЕБЕКОВ, аудан әкімі.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар